Алматы қаласындағы Алатау ауданының дін қызметкерлері және мешітке келуші оқырмандар мен шәкірттер Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіндегі Сералы Қаниев атындағы ғылыми кітапханаға экскурсия жасады.
Аталмыш экскурсия барысында Алатау ауданының дін қызметкерлері мен шәкірттері кітапхананың ішкі тыныс-тіршілігімен танысты. Кітапхананың жұмыс істеу тәртібі, кітаптарды сақтау мен ұсыну әдістері, оқырмандарға қолайлы жағдай жасау жолдары және кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру туралы мол ақпараттар алды. Алған әсері мен тәжірибені негізге ала отырып, әрбір діни қызметкер өз мешітінде кітапхана ашуды мақсат тұтуда.
Мешіттерде кітапхана ашуға бағытталған осы игі бастама – рухани және білім беру саласындағы аса маңызды қадамдардың бірі.
Еске сала кетейік, меценат, дін жанашыры Берік Сералыұлы әкесінің құрметіне осы кітапханаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуінің нәтижесінде 2024 жылдың қараша айында аталмыш кітапхана заман талабына сай үлгіде халық игілігіне берілді. Сондай-ақ дін жанашырының қолдауымен Алматы қаласы мешіттерінде де заманауи кітапхана халық игілігіне жұмыс істеп келеді.