وَبَشِّرِ الصَّابِرِينَ
«Сабыр етушілерді сүйіншіле!» (Бақара 155)
Ибн Жузай «ат-Тасхил ли ъулум ат-танзил» атты кітабында аятты тәпсірлеп былай деді:
«Сабыр» сөзі Құранда жетпістен астам жерде келген. Олай болуының себебі–оның діндегі орнының ерекшелігінен. Кей ғұламалар айтады: «Әрбір жақсылықтың оннан жеті жүзге дейінгі аралықта шектеулі сауабы бар. Алайда сабыр ондай емес, оның сауабы шектелмейді. Себебі Алла Тағала:
إِنَّما يُوَفَّى الصَّابِرُونَ أَجْرَهُمْ بِغَيْرِ حِسابٍ
«Шын мәнінде сабыр етушілерге сыйлықтары есепсіз беріледі,» (Зумар 10) – дейді.»
Алла Тағала Құранда сабырлылардың сегіз түрлі артықшылықтарын көрсеткен, олар:
Біріншісі: жақсы көру;
: وَاللَّهُ يُحِبُّ الصَّابِرِينَ
«Алла Сабырлыларды жақсы көреді.» (Әли Имран 146)
Екіншісі: жеңіс;
إِنَّ اللَّهَ مَعَ الصَّابِرِينَ
«Расында Алла сабырлылармен бірге.» (Бақара 153)
Үшіншісі: Жаннаттағы жоғарғы орын;
يُجْزَوْنَ الْغُرْفَةَ بِما صَبَرُوا
«Міне бұлар, сабыр еткендіктері себепті жаннатта жоғарғы орынға бөленеді.» (Фурқан 75)
Төртіншісі: есепсіз сыйлықтар;
إِنَّمَا يُوَفَّى الصَّابِرُونَ أَجْرَهُم بِغَيْرِ حِسَابٍ
«Шын мәнінде сабыр етушілерге сыйлықтары есепсіз беріледі.» (Зумар 10)
Бесіншісі: сүйінші;
وَبَشِّرِ الصَّابِرِينَ
«Сабыр етушілерді сүйіншіле!» (Бақара 155)
Кейінгі үшеуі бір аятта көрсетілген, олар:
Алтыншы: жарылқау;
Жетінші: мейірімділік;
Сегізінші: тура жол;
أُولئِكَ عَلَيْهِمْ صَلَواتٌ مِنْ رَبِّهِمْ وَرَحْمَةٌ وَأُولئِكَ هُمُ الْمُهْتَدُونَ
«Miнe соларға, Раббылары жақтан жарылқау және мейірімділік бар. Әpi олар тура жолдағылар.» (Бақара 157)
Сабыр сақтау төрт жағдайда болады:
- Қиындыққа сабыр: ол кездегі сабыр ашуланбау, салмақты болу және өзін-өзі ұстаумен болады.
- Нығметке сабыр: яғни, шүкірлік жасау, қадірін білу, ысырап жасамау.
- Алланың әмірлеріне сабыр: әмірлерін үнемі орындау, үзбеу.
- Күнәларға сабыр: жаман істерге жақындамау.
Алайда сабыр сақтау да дәрежелердің ең үлкені емес. Сабырдың үстінде тәслим, толық мойынсұну бар. Ол деген – қарсы келмеу, сырттай ашуды, іштей наразылықты көрсетпеу.
Ал оның үстінде тағдырға разылық таныту деген дәреже бар. (Алланы шынайы жақсы көргенде байқалады). Ол деген Алланың барлық ісіне қуанышпен қарау, ол сүйіспеншіліктен бастау алады. Себебі сүйікті не жасаса да сүйікті болып табылады.
Ummet.kz