01
Жұма,
Қараша

һижри

"Насыр" сүресінің тәпсірі

Бір аят тәпсірі
Жарнама

«Насыр» сүресі Мәдина қаласында түскен. Бұл сүреде Меккенің жеңісі жайлы әңгімеленуде. Мекке жеңісі мұсылмандарды күшейте түсті. Бұл оқиғадан кейін Ислам араб түбегіне түгел тарады. Күпірлік пен серік қосу жұрнақтары түп-тамырымен жойылды. Бұл жеңістің нәтижесінде адамдар Алла Тағала дініне қауым-қауым болып кіре бастады. Исламның туы көкте желбіреді. Ал, пұтқа табынушылар қалдығы құрып бітті. Мекке жеңісі иләһи сүйінші хабар еді. Өйткені, мұсылмандар әлі Меккеге аттанбай тұрып осы сүре түскен еді. Бұл өз кезегінде пайғамбарлықтың ең айқын дәлелінің бірі.

 بسم الله الرحمن الرحيم

 إِذَا جَاءَ نَصْرُ اللَّهِ وَالْفَتْحُ

1.    (Мұхаммед) Алланың жәрдемі және жеңіс келген кезде.

Алла Тағала пайғамбарға (r) және мұсылмандарға: «Уа, Мұхаммед! Алладан дұшпандарыңның үстінен жеңіс келген сәтте және Мекке жеңісі болғанда» деп, берген нығметін айтып үн қатуда. Бұл аят пайғамбарлықтың айқын дәлелі. Өйткені, сүре Мекке жеңісі болмай тұрып-ақ түскен.

وَرَأَيْتَ النَّاسَ يَدْخُلُونَ فِي دِينِ اللَّهِ أَفْوَاجًا

2.    Сондай-ақ, адамдардың Алланың дініне топ-тобымен кіргенін көргеніңде.

Арабтардың ешбір соғыссыз және қан төгіссіз ру-ру болып дінге кіріп жатқанын көргеніңде. Ибн Касир: «Барлық араб рулары Мекке жеңісін күтіп: Егер Мұхаммед өз еліне үстем болса, пайғамбар болғаны», – деуші еді. Мекке фатх етілген соң араб рулары, тайпалары дінге кіре бастады. Екі жыл өтпей-ақ араб жері толығымен мұсылман болды. Араб жазирасында тек Ислам дінінің мерейі үстем болды.

فَسَبِّحْ بِحَمْدِ رَبِّكَ وَاسْتَغْفِرْهُ إِنَّهُ كَانَ تَوَّابًا

3.    Мақтаулар айтып Раббыңды дәріптеп һәм жарылқау тіле. Негізінен Алла – тәубені қабыл етуші.

Дұшпанға үстемдік, Мекке жеңісі және адамдардың дін қабылдауы сияқты үлкен нығметтер үшін Алла Тағалаға мақтау айт. Әрі өзіңе және үмбетіңе жарылқау тіле. Ақиқатында, Алла Тағала өте Кешірімді және мұсылман пенделеріне ерекше Мейірімді.

Бұл сүреде пайғамбарымыздың (r) дүниемен қош айтысуы меңзелген. Сондықтан, сүренің екінші аты «Тәудиғ» (қоштасу). «Насыр» сүресі түскенде пайғамбарымыз (r) Айша (р.а.) анамызға: «Менің уақытымның тақағанын көріп тұрмын», – деген екен. Абдулла ибн Омар (р.а.): «Бұл сүре қоштасу қажылығында Мина жерінде түсті, артынан «Бүгін сендерге діндеріңді толық еттім...»[1] аяты түсті. Бұдан кейін пайғамбар (r) 80 күн өмір сүрді»[2], – дейді.

Абдулла ибн Аббас (р.а.): «Омар мені бадрлық үлкен кісілермен бірге мәжіліске кіргізетін. Олардың кейбіріне бұл жақпай: «Баланы неге кіргізесің, біздің де балаларымыз бар емес пе?», – дейді. «Оны сендер дұрыс танымайсыңдар», – деп, бір күні мені шақырып мәжіліске кіргізді. Мені оларға көрсету үшін шақырғанын түсіндім. Омар оларға: «Алла Тағаланың «Алланың жәрдемі және жеңіс келген кезде» аяты жайлы не дейсіңдер?», – деді. Отырғандардың бірі «Алла Тағаладан жәрдем келсе, жеңіс болса мадақ айтып, жарылқау тілеуге әмір етіліп тұр» – деді. Ал, кейбірі үндемеді. Омар: «Аббастыңұлы! Сен не дейсің?» – деді. Мен: «Олай айтпаймын» – дедім. Омар: «Сен не дейсің?» – деді. Мен: «Бұл Алла елшісінің (r)ажалы келгенін өзіне білдіруде. Аят пайғамбардың дәм-тұзының азайғанының белгісі», – дедім. Омар: «Уаллаһи, мен сен айтқаннан басқасын білмеймін, – деді»[3].

ҚМДБ наиб мүфтиі,

«Әзірет Сұлтан» мешітінің

Бас имамы Серікбай ОРАЗ

[1]    Маида сүресі, 3-аят

 [2]    Құртуби, 20/233

 [3]    Жамъ фауаид уә аъзабу мәуәрид, 2/285

Бөлісу: