25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Тақуалыққа үндеген аят

Бір аят тәпсірі
Жарнама

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ وَلْتَنْظُرْ نَفْسٌ مَا قَدَّمَتْ لِغَدٍ وَاتَّقُوا اللَّهَ إِنَّ اللَّهَ خَبِيرٌ بِمَا تَعْمَلُونَ* وَلا تَكُونُوا كَالَّذِينَ نَسُوا اللَّهَ فَأَنْسَاهُمْ أَنْفُسَهُمْ أُوْلَئِكَ هُمْ الْفَاسِقُونَ*

«Әй мүміндер! Алладан қорқыңдар. Әркім ертең үшін не жібергеніне қарасын. Және Алладан қорқыңдар. Шәксіз Алла, не істегендеріңді толық біледі. Сондай Алланы ұмытқан, Алла оларға өздерін ұмыттырған кісілер тәрізді болмаңдар. Міне солар бұзақылар. («Хашыр» сүресі, 18,19-аяттар)

«Ей, мүміндер!» - деп басталатын бұл аятта екі пәлсапа бар: Біріншіден, Алла тағала мұсылмандардың ең қасиетті де ардақты сипаты «иман» екенін білдірсе, екіншіден «Әл-Мисақта» Алла тағала: «Мен сендерің Раббыларың емеспін бе?» дегенде Адам ұрпағы біз: «Иә, сен біздің Раббымызсың, біз сенің құлыңбыз» деп иман етіп, серт берген болатынбыз. Бұл аятта Алла тағала  «Ей, мүміндер!» - деп сол кездегі иман етіп, серт бергенімізді есімізге түсіреді. Сонымен қатар бұл аятта сол серттеріңе берік болсаңдар онда «Алладан қорқыңдар!» - деп бұйырады. Яғни, өздеріңмен Алла тағаланың қаһарының ортасына қорған қойыңдар дейді. Ол қорған - Алланың бұйрығын орындап тыйғандарынан тыйылу яғни, тақуалық.

«Әркім ертең үшін не жібергеніне қарасын» - деп қиямет күнін «ертеңгі күн» деп жақын арада болатын жағдай етіп ескертеді. Алла тағала басқа бір аятта қиямет күнінің  жақындығын: «وَمَا يُدْرِيكَ لَعَلَّ السَّاعَةَ تَكُونُ قَرِيباً» «Оларға: “Оның білімі Алланың қасында; қайдан білесің, мүмкін мерзімі жақын шығар” де» - деп ескертіп жүруді талап етеді. Әлбетте әр кісінің ажалы келуімен Оның қияметі басталатындығы жайлы риуаят бар.

Сондай-ақ, аятта пенде ол күнге қандай қаммен қамданғанына назар салсын деп ескертеді. Құранда Алла тағала «Бақара» сүресінің 197-аятында «وَتَزَوَّدُوا فَإِنَّ خَيْرَ الزَّادِ التَّقْوَى» «Және азықтарыңды жақсылап қамдап алыңдар. Негізінде азықтың жақсысы тақуалық», - деп қияметке тақуалық қамын жасау керектігін ескертеді.

Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «اتَّقُوا النَّارَ وَلَوْ بِشِقِّ تَمْرَةٍ، فَمَنْ لَمْ يَجِدْ فَبِكَلِمَةٍ طَيِّبَةٍ» «Тозақтан сақтаныңдар, ең болмаса бір уыс құрмамен болсын. Кімде-кім оны да таппаса онда жақсы сөзбен (тозақ отынан сақтансын)», - деген.

Әлбетте ең жақсы қорған бәрібірде тақуалық. «Ағраф» сүресінің 26-аятында: «يَا بَنِي آدَمَ قَدْ أَنْزَلْنَا عَلَيْكُمْ لِبَاساً يُوَارِي سَوْآتِكُمْ وَرِيشاً وَلِبَاسُ التَّقْوَى ذَلِكَ خَيْرٌ ذَلِكَ مِنْ آيَاتِ اللَّهِ لَعَلَّهُمْ يَذَّكَّرُونَ» «Әй адам баласы! Ұятты жерлеріңді жабу үшін киім және сәндік-бұйым түсірдік. Негізінде тақуалық киімі жақсы. Солар Алланың белгілері. Әрине, түсінерсіңдер» -десе, «Ниса» сүресінің 131-аятында: «وَلَقَدْ وَصَّيْنَا الَّذِينَ أُوتُوا الْكِتَابَ مِنْ قَبْلِكُمْ وَإِيَّاكُمْ أَنِ اتَّقُوا اللَّهَ»  «Сендерден бұрыңғы кітап берілгендерге де, сендерге де: “Алладан қорқыңдар!”, - деп өсиет еткенбіз», - деп мейірім көрсетеді. Сондай-ақ барша пайғамбарлар мен сахабалар, сонымен қатар Ұлы ғалымдар әрқашан тақуалыққа үндеген. Себебі тақуалық еткендердің жолын ашып ісін жеңілдететіндігін Алла Тағала Құран Кәрімде уәде еткен. Әлбетте тақуалар Алла тағаланың сүйікті пенделері. Сүйген өзінің сүйіктісінен әрқашан хабар алып тұрады. Құранда былай дейді:

وَمَنْ يَتَّقِ اللَّهَ يَجْعَلْ لَهُ مَخْرَجاً.وَيَرْزُقْهُ مِنْ حَيْثُ لا يَحْتَسِبُ«Кім Алладан қорықса, оған бір шығар жол пайда қылады. Оған, Алла, ойламаған жерден ризық береді» («Талақ» сүресі, 2,3-аяттар)Келесі аятта:  مَنْ يَتَّقِ اللَّهَ يَجْعَلْ لَهُ مِنْ أَمْرِهِ يُسْراً«Кім Алладан қорықса, оның ісіне оңайлық жасайды», - делінген.(«Талақ» сүресі, 4-аят)

Сол үшін әрбір иманды жан үнемі Алладан қорқып, жасап жатқан істеріне аса мән беріп, сақтық жасауы керек. Бұл амал тақуалыққа алып барады. Аяттарда айтылғандай, Алла тағала тақуа құлдарының ризығын ойламаған жерден беріп, олардың ісіне оңайлық жасайды. Расында Алла біздің не істеп, не қойып жүргендігімізден толық хабардар екенін ұмытпағанымыз жөн.  

 

Дайындаған Әділхан Серікбай,

«Нұр Астана» орталық

мешітінің наиб имамы

Бөлісу: