27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Халифаттан қымбат нәрсе

Ғибратнама
Жарнама

Бір күні халифа Әли ибн Әбу Талиб (р.а) ойнап жүрген балалардың жанынан өтіп бара жатып жалғызсырап отырған баланы байқады. Сонда Халифа әлгі бозбаладан:

-       Сен неге өзге балалар секілді қатарға қосылып ойнамайсың?-деп сұрайды. Тосын сұраққа күңіренген жүзбен:

-       Уа мүміндердің әміршісі, әке-шешесі жоқ тұл жетімекпен кімнің ойнағысы келеді?! – деп жауап қатқан.

Бұл сөздер бала көңілін ауламақ болған Халифаның шымбайына батты. Ал қалған балалар бұл кезде ағаш бұтақтарына түйе ретінде мініп, сүйрелеңдетіп құмарларын баса алмай жүрген. 

         Мәселенің парқына барған Халифа жылы үнмен:

-       Балақай, сен де бір шырпыны түйе деп елестет те, құмарың қанғанша ойна,- деді.

Әбсәтте-ақ жүгіріп кеткен балаға ұзақ қарап, ойынын бақылады. Аз уақыттан соң баланы жанына шақырып: «Ойын қалай? Көңіліңнен шықты ма?» деді сұраулы жүзбен.

Бала:

-       Әлбетте Әли, қатты ұнады, алайда менімен әлдебіреудің ойнағанын қалаймын,-деп еміренді.

Әли (р.а):

-       Қаласаң, мен сенімен ойнайын?!

Бала көңілі үстемеленіп: «Иә имам, әрине, сізбен ойнағанды қалаймын» деді.

Әли (р.а) халифа бола тұра төрт аяқтап тұрды да, жетім баланы арқасына мінгізіп ойнай кетті.

Бұл жағдайды көріп сырттағы бейтаныс кісі әлдебір өктем дауыспен: «Ей Әли, сен халиф емессің бе?! Түйе болып ойнап жүргенің не?! Бұл қылығыңмен адамдарға қандай үлгі көрсетпексің?!» деп түсінбеушілік танытып жатты.

Сонда Әли ибн Әбу Талиб (р.а) әлгіге «Сен мына баланың күліп, қуаныштан жүзі жарқырап жатқанын көріп тұрсың ба?» деп сұрады.

Сырттағы кісі көріп тұрғанын ишаратпен білдірсе,

Әли (р.а) көтеріңкі дауыспен:

-       Ал енді, мені мұқият тыңда! Жаратушы Алланың атымен ант етейін, бұл

 

жетімнің бір күлкісі, жүзінің жадырағаны – Аллаға және маған, менің бүкіл халифатымнан артық,- деп сөзін сабақтайды.

Бөлісу: