01
Жұма,
Қараша

һижри

Өзім жиырма бесте, ой-өрісім алтыда

Ғибратнама
Жарнама

Бізді қоршаған әлемдегі кез келген биологиялық тірішілік иесінің өмірі жалпылай алғанда біріне-бірі ұқсас келеді. Қалыпты жағадаймен қарағанда, бәрі де туылады, өсіп жетіледі, ересек өмір кешеді, қартаяды, шөгеді, содан бұл дүниеден өтеді. Бірақ соның ішінде адамзаттың балалық шағы өзге тіршілік иесіне қарағанда ұзағырақ екенін байқау қиын емес.

Себебі бұл кезеңде адамды үлкен өмірге дайындау процесі жүреді. Ал оның жауапкершілігін әр баланың ата-анасы көтереді. Жалпы алғанда, ата-ананың бала тәрбиесіне кірісуі оның құрсаққа бітуінен бұрын басталуға тиіс. Өйткені болашақ ата-ананың ниеті, ой-пікірі, денсаулығы пайда болатын балаға әсер ететінін бүгінгі ғылым дәлелдеп үлкерді. Туылғаннан бастап мектепке дейінгі кезеңде баланың қалыптасуында отбасының тәрбиелік рөлі өте үлкен. Бір қызығы мектепке дейінгі балалардың тәрбиесі туралы көбірек айтылғанмен, мектеп жасындағы жастардың материалдық және психикалық тұрғыдан жетілуіне байланысты зерттеулер тым аз кездеседі. Содан болса керек, мектеп жасындағы балалардың психологиялық қалыптасуында елеулі олқылықтар байқалады. Мұның себебі неде?

Баршамызға мәлім, әрбір бала денеден және жаннан (психика) тұрады. Мектепке дейінгі кезеңде әр баланың осы екі қыры бірдей дамиды. Денесі өскен сайын баланың таным-түсінігі де дамып отырады. Ал мектепке келгенде, осы тепе-теңдік бұзылатын сыңайлы. Тән өсіп кетеді де, психика дұрыс бағытта дамымай қалып қояды. Басқаша айтқанда, дененің жетілуі жанның дамуын озып кетеді. Ғылыми жағынан қарағанда, мұның астарында мынадай сыр жатыр. Адамның денесі жаратылысынан, яғни табиғи, генетикалық тұрғыдан автоматты түрде дамиды да, ал психикасы танып-білу, оқу, үйрену, ойлану, ақылға салу арқылы «еңбекпен» жетіледі. Міне, сондықтан балалық шақтың ұзақ болуын адамның генетикалық тұрғыдан берілмеген кейбір ерекшеліктерді қалыптастыруға деген қажеттілікпен байаныстырамыз. Олай болса, балаға нені және қалай үйрету керектігіне өте көп мән беруге тиіспіз.

Осы ретте қазақ халқының «Он үште отау иесі» деген тәлімі ойға оралады. Бұл мәтел қазақ елі адам жаны мен тәнінің даму гармониясын жақсы түсінгендігін көрсетеді. Отау иесі болу үлкен жауапкершілік екені түсінікті. Ислам шариғатында да шамамен осы кезеңде (балиғат шағы) адамға белгілі бір міндеттер жүйесі жүктеледі. Осы кезеңде оның ақыл-ойы, физиологиялық, анатомиялық ерекшеліктері жауапкершілік қабылдауға сай келеді. Міне, дәл осы тұста жаңа өсіп келе жатқан жеткіншекке отағасылық жауапкершілікті беру көрегенділіктің. Дұрыс дүниетанымның белгісі. Өзіне жар таңдау, оны басқару, тәрбиелеу, өзінше бір отау құрып, өз алдына бөлек үй ретінде адамдармен араласу, әкелік міндеттерді игеру сияқты толып жатқан жауапты міндеттерді психикасы дұрыс дамыған жас жеткіншек ғана атқара алады. Осыдан-ақ қазақ даласында жан мен тәннің тәрбиесі құстың қос қанатындай қатар алынып отырғанын байқауға болады.

Мәселе түсінікті болу үшін бүгінгі он үш жасар балалардың даму деңгейін алып қарауымызға болады. Бүгінгі 13 жасар балаларға отбасын құруды тапсыра аламыз ба? Жоқ. Неге? Себебі, оларды даму деңгейінде тепе-теңдік жоқ.

Олай болса, баламыздың ас-ауқатын қамдап, киімін жуып беру,үстіне жылып көрпе жуып ұйқыға жатқызу бала тәрбиесі үшін аздық етеді. Бұл оның бір ғана қанатын дамытады. Мұндай бала өскенде дұрыс ұша алмасы анық. Ал бұрынғы ата-бабаларымыз балаға бесік жырын айтқан, ертегі мен батырлар жырын тыңдатқан. Жастайынан молдаға беріп, қасиетті Құранды үйреткен. Ал қалған уақытта қоршаған табиғатпен біте қайнасып өмір сүрген. Тай үйреткен, ат баптаған, төрт түлік малдың бүкіл қыр-сырларын игерген. Керек кезде малды қасқырдан қорғаған. Жастайынан дастархан басында үлкендердің тәлімді әңгімелерін құлағына құйып отырған. Ағаш ағашқа қарап сәнін алады, адам адамға қарап тәлім алады демекші, үлкендерге еліктеп олардың өмір-тіршіліген сабақ алған. Міне, бұл елде балалардың ерте жетілуі осы секілді себептерге тығыз байланысты болды.

Ал бүгін осы жағдайлардың жай-күйі қандай екені өзімізге мәлім. Баланың тәрбиесімен әркімнің үйіндегі «көк экран» айналысуда. Шетелдік сериалдарды мұқият талдап қарасаңыз, біздің перзенттеріміздің санасы қалай қалыптасып жатқанына өзіңіз-ақ көз жеткізесіз. Алдау, арбау, арсыздық, азғындық, ұрлық, атыс-шабыс, бос әңгіме…Осылайша өз қолымызбен өз ұрпағымызды құрдымға батырудамыз. Сөйтіп жүргенде баламыз он үшке емес, он сегізге, жиырмаға, тіпті жиырма беске келеді. Бірақ әлі әйел алуға дайын емес. Денесі зіңгіттей болып өсіп кеткенмен, ой-өрісі алты жасар баладан да төмен. Тамақ жеуді, ұйықтуды асхана, дәретхана, жатақхананың арасын жол қылуды біледі. Әрине, жұрттың бәріне топырақ шашудан аулақпыз. Бірақ бүлар көзімізге ашық көрініп жүрген ащы шындықтар. Алла Тағала қалың ұйқыдан оянуды баршамызға нәсіп етсін.

Асылбек ӘУЕЗХАНҰЛЫ

Бөлісу: