Бірде хазіреті Хұсейн (р.а.) жол шетінде отырған пақыр, жоқ-жітіктердің қасынан өтеді. Олар болса жерге бір төсенішті жайып жіберіп, нанның қалған-құтқанын жеп өзара қауқылдасып, жүрек жалғап жатқан-ды.
Хазіреті Хұсейінді көрген әлгі жоқ-жітік жандар:
-Әй, Абдулланың әкесі! Келіңіз, біздің де асымызға қатысыңыз, - деді ілтипаттарын білдіріп.
Хазіреті Хұсейн (р.а.) астындағы көлігінен түсіп, өз-өзіне: «Расында Алла өзін жоғары санағандарды жақсы көрмейді» («Нахыл» сүресі, 23-аят) деген аятты оқып, олармен қатар отырып шын пейілмен қойған асынан ауыз тиді. Сосын оларға:
-Мен сіздердің шақыруларыңызды қабыл алып, астарыңыздан жедім. Олай болса, менің де шақыруымды қабыл алып, үйімнің қонағы болуға шақырамын, - деді. Кедей жандар да бұл сөзге ләм-мим деместен келісімдерін беріп, хазіреті Хұсейнмен бірге үйіне ере барды.
Хазіреті Хұсейн (р.а.) қызметшісіне:
-Үйдегі жейтін нәрсенің барлығын әкеліп, ортаға қой, - деді.
Қызметші де тіске басардың бәрін әкеліп, гүлдей жайната дастархан жайып, қонақтарға ас ұсынды. Кедейлер шынайы пейілмен һәм кең көңілмен жайылған ақ дастарханнан дәм татып, қысылып-қымсынбастан еркін ас ішті. Тіпті, олар артылған тамақтарды өздерімен ала кетіп, бірнеше күнге азық қылды.
Әзірлеген Қайырбек ОТЫЗБАЕВ,
«Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы
Бөлісу: