25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Халалдың Әбу Ханифа тәрбиесіне әсері

Халалдың Әбу Ханифа тәрбиесіне әсері

Ғибратнама
Жарнама

Ғалымдар халал жеудің адамның күнделікті іс-әрекетіне, жүріс-тұрысына, мінез-құлқына, тәрбиеге тікелей қатысы барын білдірген. Харам жеген адамның нашар қылықтарға үйірсек келетінін айтқан. Мәселен, имам Ғазали сәбиді хараммен қоректенетін әйел емізсе, болашақта баланың ұяты азайып, қиқар қылықтар мен нашар әдеттерге жақын болып өсетіндігін, сондықтан баланы харамнан алыс салиқалы, ізгі ниетті әйелге емізу керектігін ескерткен (Ихияу улумуддин, 3-т, 165-бет).

Осыдан болар, үлгі өнегесімен күллі мұсылмандардың ортақ мақтанышына айналған тұлғалардың көпшілігі мейлінше харамнан сақтанған, ешкімнің ақысын жемеген адал, момын, діндар, тақуа отбасылардан шыққан. Имам ағзам Әбу Ханифаның әкесі Сәбиттің жас кезінде болған мына оқиға да соның айғағы.

Бірде ол арықта ағып келе жатқан қып-қызыл алманы көреді. Қолына алып қызығып бір тістегені сол екен, түкірігіне қан араласқанын байқайды. Бұл тосын жайттан шошынып тұрып қалады. Артынша: «Мүмкін бұл алманың иесі бар шығар? Байқамай біреудің ақысын жеп қоймадым ба?» - деп күдіктеніп, өзен бойымен жоғары қарай өрлеп, алманың иесін іздеуге шығады. Әлден уақытта алдынан бір алма бағы кезігеді. Сәбит бақтың иесіне барып жолығып, мүмкін болса, кешіруін өтінеді. Бағбан үш жыл өзіне қызмет етсе ғана кешіретіндігін айтады. Тақуа жігіт амал жоқ келіседі. Жігіт үш жыл өткен соң, кетуге рұқсат сұрайды. Бағбан оған: «Тағы бір шартымды орында, менің бір қызым бар. Көзі көрмейді, құлағы естімейді, қол-аяғы сал, өзі мылқау. Соған үйленесің», - дейді. Ақыретке кісі ақысын арқалап барудан қорыққан жігіт тағы да келісімін береді. Бірақ некесін қидырған күні жігіт қызды көріп, таңғалады. Өйткені, қыздың еш кемістігі жоқ сап-сау әрі сұлу еді. Бағбаннан мұның мәнісін сұрайды. Сонда бағбан: «Қызым ұят нәрселерге қарамайтын, сол үшін оны соқыр дедім; ал керең деуімнің мәні – қызым балағат сөздерді естіген емес. Хараммен қол былғаған емес, харам жерге аяқ басқан емес, сол себепті оның қол-аяғы сал дедім. Қызымды сен секілді кісі ақысынан қорқатын, тақуа, иман жүзді жігітке берсем деуші едім. Бір көргенде-ақ сенің адал екеніңді байқадым. Сонда да сынап көргім келді. Бұдан былай ерлі-зайыпты болып, бірге тату-тәтті өмір сүріп, бақытты болыңдар!», - деп ақ батасын береді. Міне, осындай харамнан сескенетін, кісі ақысынан қорқатын тақуа кісілерден әлемге әйгілі ғалым имам ағзам Әбу Ханифа дүниеге келген деседі.

Тағы бір мысал. Ертеде Мәрв қалсының қазысы бойжеткен қызына жар іздепті. Хабар елден-елге тарап, құда түсушілердің саны күннен-күнге артса керек. Бірақ, неге екенін, айттырушылардың ешқайсысына қызының көңілі толмапты. Сөйтіп жүргенде бір күні түс көріпті. Түсінде қызының теңі есігінде жүрген Мүбәрак деген құл екендігі аян болыпты. Түсті қатарынан бірнеше рет көрген соң лажсыз құлын ары-бері сынапты. Сенімді, салиқалы екеніне көз жеткізгеннен кейін қызын ешкімнің қарсылығына қарамастан құл да болса соған некелеуді ұйғарыпты. Арада бір айдан аса уақыт өтеді. Бір күні қазы қызының қал-жағдайын біліп қайтайын деп жас жұбайлардың үйіне барыпты. Оңаша әңгіме барысында қыз күйеуінің өте жақсы кісі екенін, алайда осы уақытқа дейін неге екенін қасына жақындамай жүргенін білдіреді. Қазы дереу күйеу баласын шақыртып, істің мәнісін сұрайды. Жігіттің жауабын естігенде, қазының еріксіз көңілі босапты. Қызын өзі ойлағандай тақуа жігітке қосқанына көзі жетіп, Аллаға шүкіршілік пен мадақтар айтыпты. Атасының сауалына күйеубаласы: «Қаланың атақты биі болғандықтан сізге келіп кетушілердің көп екендігі белгілі. Сыйлықтар мен сый-сияпаттар да әкеліп жатады. Сол сый-сияпаттардан қызыңыз аңдаусызда ауыз тимеді ме екен деген ой келді. «Харам ас жесең, оның әсерінен қырық күн өтпейінше толықтай арылмайсың» дегенді естуші едім. Сол үшін қымбатты жұбайымды алдымен қырық күн өз маңдай теріммен тапқан адал табыспен асырағанды жөн көрдім. Сонда ғана ұрпағымыз ертең иманды, көрегенді болар деп үміт еткен едім», - деп жауап берген екен. Кейіннен осы шаңырақта дүниеге келген дүниеге келген Абдуллаһ ибн Мүбәрак өскенде беделді ғалым әрі үлкен әулие кісі болыпты. Бір ескерте кетерлігі, жаңа үйленгендерге бұны істеу шарт емес. Өйткені,  ол шариғаттың талабына жатпайды. Айтпағымыз, болашақ ұрпағының арлы, ұятты, иманды болуын қалаған ата-аналарға өздерінің халал, харамға қаншалықты мән беріп жүргенін байқату ғана.  


материал «Сенім және ақиқат» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: