Адамзаттың алғаш қолданған сандары – бір мен екі. Екіден артық сандарды – үш, төрт, бес, т.с.с., - алғашқы адамдар айыра алмай, «көп» дей салатын болған.
Сан есім заттар мен заттардың сынын анықтайтын сөздерден кейін пайда болған. Бір санының алғашқы мағынасы қазіргі біз түсінетін «бір» емес, «бір қол», әдетте «оң қол». «Екі» санының алғашқы мағынасы – «екі қол», «екі көз», «құстың екі қанаты», «ешкінің екі мүйізі». Мыңдаған жылдар бойы сан ұғымы саналатын заттардан айырылмай келген. Мәселен, ХVI ғасырда Африканың кейбір тайпаларында 3 санының дербес атауы болмаған, 3 адам, 3 ағаш, 3 жолбарыс әр түрлі сөздер арқылы айтылған. Бертін шаруашылық күрделеніп, халықтардың ой өрісі өскен кезде, сан атауларының әуелгі мағыналары сирек қолданылып, ақыры ұмытылып, сан есім ретіндегі дерексіз тұлғалары ғана қалған.
Халықтардың үштен жиырмаға дейінгі сандарды меңгеру дәуірі санаудың екінші сатысы болды. Бұл дәуірде адамның саусақтары тарихи роль атқарады. Онға дейінгі сандар қолдың саусақтары, оннан жиырмаға дейінгі сандар аяқтың бақайлары арқылы саналды. Екінші дәуірді де дүние жүзіндегі мәдениетті халықтардың бәрі бастарынан өткізді. Санаудың үшінші дәуірінде саусақтардың буындары да қолданылатын болды. Саусақпен және буындармен санау өнері Батыс Европа елдерінде жүйеге келтіріліп, елеулі табыстарға жетті. Мұның дәлелі ретінде итальян математигі Л.Почоллидың (1445-1514) 1494 жылы жазылған кітабында саусақтар мен буындар арқылы 9000-ға дейін санау тәсілдері келтірілгенін айтуға болады. Сондықтан да Рим империясына қараған Батыс елдерінде онға дейінгі сандар саусақ сандары (дигити, латынша «дигитус» - саусақ) деп, дөңгелек ондар буын сандары (артикули) деп, бұлардан басқа сандар үйлестірілген немесе құрастырылған сандар (композити) деп аталған. Алайда мыңдарды саусақпен санайтын мамандар бірен-саран ғана болған.
Бір талай халықтар саусақ жетпейтін сандарды ұсақ тастар, шыбықтар, сызықтар, ағашқа кертіліп түсірілген таңбалар арқылы санаған.
Буржуазиялық ғалымдар сандардың шығуы мен санаудың дамуын теріс түсіндіреді. Мәселен, неміс математигі М.Кантордың (1829-1920) айтуында хайуандар да санай біледі-міс («үйрек балапандарын түгендейді»). Кейбіреулердің топшылауынша сан-сананың ойдан еркін шығарған жемісі. Бәрі де қате. Хайуандар балаларын санамайды, түс-түрінен айырады. Санның түп атасы – санаға түскен материя деген пікірлер қалыптасқан. Мысалы, ағылшын саяхатшысы У.Паридің (1970-1855) келтірген мағлұматтары бойынша ХІХ ғасырда Гренландияның эскимостары балаларының санын білмеген, оларды тек түрлерінен айыратын болған. Жегетін иттерін де түс-түрі бойынша түгендеген.
Неміс саяхатшысы К.Штейнен (1855-1929) өткен ғасырдың 80-жылдарында Бразилиядағы Бакаири тайпасын зерттеген. Бакаирилер 6-ға дейін дұрыс есептеп, 7 мен 8-ге жеткенде қиналып, есінеп, «басымыз ауырды» деп, 9-10 нәрсені санатуға әкелгенде қашып кететін болған. Бакаирише 1 – токале, 2 – ахаге, 3 – ахаге-токале, 4 – ахаге-ахаге, 5 – ахаге-ахаге-токале. 6 – ахаге-ахеге-ахаге. «Токаленің» негізгі мағынасы – сол қолдың шынашағы, «ахаге» - аты жоқ қол. Бакаирилерде токале мен ахагеден басқа сан есім жоқ. Нәрселер осы екі сан арқылы саналады. Солтүстік Америкадағы эскимостар 20 орнына «адам», 100 орнына «бес адам» дейді. Оңтүстік Африкадағы зұлыстар қолдың саусақтары арқылы ғана есеп жүргізеді, санағанда аяқтың бақайларын пайдаланбайды.
Өткен ғасырдың 70-80-жылдарында орыстың ұлы саяхатшысы Н.Н.Миклухо-Маклай (1846-1888) Жаңа Гвинея аралындағы папуастардың санау өнерін зерттеген. Папуасша: 1 – бе, 2 – бе-бе, 3 – бе-бе-бе, 4 – бе-бе-бе-бе, 5 – ибон-бе және т.б.
Жалпы, мұндай мағлұматтарды көптеп келтіруге болады. Олардың бәрінен де мәдениеттің төменгі сатысындағы халықтардың сандарды саусақтар мен бақайлар немесе адам денесінің басқа мүшелері арқылы санайтындығы көрінеді.