16
Сенбі,
Қараша

һижри

Мәуліт – Пайғамбар мейірімін сүйіншілейтін мереке

Мақалалар
Жарнама

Екі дүние сардары, адамзаттың асыл тәжі болған, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған айы «Мәуліт» мерекесімен араға жыл салып қайта қауышудамыз. Жаратылғандардың асылы және шыңы болған хазіреті пайғамбар (с.ғ.с.) милади 571 жылы рабиул айының 12-жұлдызы, дүйсенбі күні дүниеге келіп, әлемді шексіз қуаныш пен нұрға бөледі.Оның дүниеге келуімен Алланың мейірімі тасып, әлемге өзгеріс кірді. Сөздер мен сұхбаттарға мән кіріп, әрбір нәрсе жаңарып, ерекше мағына мен әсемдікке малынды. Құран Кәрімде Алла тағала өзінің соңғы Елшісі жайында: «Біз сені бүкіл әлемге рахым етіп қана жібердік» деген еді («Әнбия» сүресі, 107-аят). Ал бұл ақиқатты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде былай деп көрсетеді: «Мен көркем мінезді кемеліне келтіру үшін жіберілдім».

Мұсылман қауымының мәні мен маңызы ерек мерекелері бар. Мәселен, әр аптада келетін қасиетті жұма күні, айлардың сұлтаны – Рамазан және ұлық мейрам – Құрбан айт, тағы басқаларын атауға болады. Бұлардан өзге барлық адамзаттың, тіпті, бүкіл әлемнің ортақ мерекесі тағы бар. Ол – Алла елшісінің дүниеге келіп, әлемді қуаныш пен нұрға бөлеген күні.«Мәуліт» сөзін төл тілімізге аударғанда туу уақыты немесе туған күн дегенді білдіреді. Ислам әлемінде бұл күнді «Мәулудун-Нәби», яғни, «Пайғамбардың туған күні» деп атайды. Бұл күнді барша мұсылман қуанышпен қарсы алады.

Имам әл-Бұхари (р.а.) риуаят еткен хадис шәріпте Алланың Елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Сендердiң ешбірің менi өз баласынан, әкесінен және барлық адамзаттан артық көрмейiнше, (кәміл) иманды бола алмайды».

Исі мұсылман үшін бес күн жалған дүниеде пайғамбар өмірінен алар өнеге көп-ақ. Демек, мұсылманның өмірдегі басты мақсаты – пайғамбарымыздың сүннетіне еліктей білу. Өйткені, адам баласы өмірде әрқашан өнеге тұтар ұлы тұлғаны іздеп бағады. Ал, Алла тағала пенделеріне: «Алладан, ақырет күнiнен үмiттенгендер мен Алланы еске алып тұратындар үшiн Расулуллада, әлбетте, тамаша өнегелер бар» деп баяндайды («Ахзаб» сүресі, 21-аят). Мұхаммед (с.ғ.с.) адамзат баласының өміріне көркем түрде өнеге болып, жол сілтегеніне еш күмән жоқ. Өйткені, оны барша Әлемдердің раббысы – Алла тағала тәрбиелеп, адамзатқа пайғамбар етіп жіберді. Пайғамбарымыз да (с.ғ.с.): «Мені ең көркем үлгіде тәрбиелеген Раббымның Өзі» деп осы  шындықты айқындап берген.

Ислам ғалымдары пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегесін  насихаттау, өмірбаянын халыққа таныстыру мақсатында «сияр ән-нәби» кітаптарына сүйене отырып, қысқа әрі нұсқа өлең-жырлар мен дастандарды дүниеге келтірді.Тіпті, Кағб бин Зухайыр атты ақын «Банат Суад» немесе «Қасидат Бурда» (шекпен дастаны) деген тақырыпта пайғамбарға өлең жазып, сосын оны Алла Елшісіне (с.ғ.с.)оқып бергенде, ризалығын білдіріп, үстіндегі шекпенін шешіп, үстіне жапқан екен. Осы аталған ақынға елiктеп көптеген шайырлар да пайғамбарымызға өз жырларын арнап баққан.

Дін ғұламалары пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегесін насихаттау мақсатында қысқа-нұсқа жазылған өлеңдерді халықтың ішінде оқуды әдетке айналдырды. Міне, Алла Елшіснің (с.ғ.с.)өмірбаяны толық қамтылып жазылған дастандардың атын сол кездегі халық «мәуліт» деп атады. Өйткені, сол дастандар көбіне пайғамбарымыздың (с.ғ.с.)туған айында оқылатын. Рабиғул-әууал айының «мәуліт» болып аталуы сондықтан. Ал мәуліттің негізгі мақсаты – Расулулланың (с.ғ.с.) өмірбаянын мұсылмандарға жеткізу.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім бір нәрсені көп жақсы көрсе, оны көп айтатын болады» дейді. Иә, Оны жақсы көрудің белгісі – сүннетін орындау және оған көп-көп салауат оқу.

Алла тағала «Ахзаб» сүресінің 56-аятында: «Әлбетте, Алла да, Оның періштелері де пайғамбарға (Мұхаммедке) салауат (дұғасын) айтады. Ей, мүминдер! Сендер де Оған салауат және сәлем жолдаңдар» деп бұйырады. Демек, Алланың Өзі де, періштелері де пайғамбарға арнап салауат айтады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Нағыз сараң – жанында атым аталған кезде, маған салауат оқымаған» деген.

Алла Елшісінің (с.ғ.с.) үмметі болғандықтан оған көп-көп салауат айтуымыз керек. Өйткені, пайғамбарымыз адамзат баласына Алланы танытып, ақ пен қараны, дүние мен ақыретті, тозақ пен жұмақты айыра көрсетіп, адамдықтың асыл қасиеттері мен құндылықтарын үйреткен. Және бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім маған бір рет салауат айтса, Алла тағала оған он салауат айтады һәм он күнәсі кешіріліп, дәрежесі он есе көтерілмек» дейді.

Айша анамыздан Алланың нәбиінің (с.ғ.с.) мінез-құлқы туралы бір сахаба сұрап келеді. Сонда Айша анамыз: «Құран оқымайсың ба? Расулулланың мінез-құлқы Құран болатын» деп жауап қатқан екен. Демек, Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көркем мінез-құлықты Құраннан алған. Олай болса, пайғамбардың өмір жолын оқу, насихаттау баршамызға қажет-ақ. Сонда ғана мұсылман көптеген ислам ілімі мен мәдениетке қанық болары сөзсіз.Тіпті, кешегі ХХ ғасырдың ортасында Голландияның Лахей қаласында бас қосқан ғалымдар мен ойшылдардың кеңесі дүниенің 100 ұлы, атақты адамын белгілеген. Кеңестегілердің барлығы христиан болғандарына қарамастан, бірінші орынға Мұхаммед пайғамбарды қоюға мәжбүр болған. Бұл да Алла Елшісінің ұлық екенін көрсетсе керек.

Құранда: «Пайғамбарлар мүминдер үшін өздерінен артық» делінген («Ахзаб» сүресі, 6-аят). Тағы бір қасиетті аятта: «(Уа, Мұхаммед!) Біз сені бүкіл әлемге рақым шуағы етіп жібердік» дейді («Әнбия» сүресі, 107-аят). Атақты имам Нәуәуидің ұстазы Әбу Шаммаһ деген кісі: «Әр жылы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) туған күніне тура келетін, осы күні істелетін садақалар, әмір-маруф (жақсылыққа шақыру) және зейнеттер мен қуанышын көрсететін істер – заманымыздың жаңалықтарының ең жақсысынан» деп айтқан. Ал ғұлама Хасан әл-Басри (р.а.): «Менің Ухуд тауындай алтыным болса, оны Расулулланың (с.ғ.с) мәулітін оқытуға жаратқан болар едім» десе, Жүнәйд әл-Бағдади (р.а.): «Кімде-кім Расулулланың (с.ғ.с) мәулітіне қатысып, оны ұлықтаса, ол адам шынында иманды болыпты» деген. Ғалым Жәләлуддин Суюти (р.а.): «Уасаил» деген кітабында: «Бір үйде немесе мешітте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мәуліті оқылса, сол үйдің немесе мешіттің адамдарын періштелер орап алады, олардың барлығына Алла тағаланың рақымы болады және олар нұрменен оралады. Себебі, періштелер Пайғамбарымызға (с.ғ.с) мәуліт оқығаны үшін ол адамға салауат айтып тұрады» деп жазады. Демек, мәуліт айында сауапты амалдарды көп жасап, халықтың Пайғамбарымызға (с.ғ.с) деген сүйіспеншілігін арттырар болсақ, шексіз сауапқа бөленеріміз ақиқат. Яғни, пайғамбар айы – мәуліт күндерінде үй-үйлерде дастархан жайылып, оған ағайын туысқандар шақырылып жатса, жақсы іс болып табылады. Әрине, ондай дастархан үстінде пайғамбар өмірінен өнегелер мен хадистер айтылып, салауаттар оқылатын болса, біздің Алла елшісіне (с.ғ.с)деген сүйіспеншілігіміздің белгісі. Сол үшін кейінгі ұрпаққа Пайғамбар есімімен қатар, тәрбиеге толы ғұмырын насихаттау, оның атына салауат айтуды үйрету – бүгінгі күндегі үмбеттің еншісі.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.)нұрлы бейнесін сіз бен біз мешіт мінберінен сөйлейтін имамдардың аузынан естідік, кітап сөрелеріндегі діни әдебиеттерден оқыдық. Алла Елшісінің (с.ғ.с.) өмір тарихын баяндайтын еңбектер «сира» деп аталады. Осы «сира» кітаптары үш негізге сүйеніп жазылған: қасиетті Құран кітабы, хадис шәріптер жинақтары және тарихи  кітаптар. Қасиетті Құран – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өміріне қатысты кейбір жағдайларды түсінуде өте маңызды роль атқарады. Дегенмен, Құран кәрім кітабы Пайғамбар (с.ғ.с.) тарихын толық қамтымайды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінен де дүниеге келгенінен бастап, өлген күніне дейінгі өмірін толық түсіне алмаймыз. Өйткені, хадис шәріптер негізінен шариғи тақырыптарға арналып жазылған. Пайғамбарымыздың өмір тарихын баяндайтын қайнар көз – тарих кітаптары.

Ибн Хиббан (р.а) сахих жинағында риуаят етілген хадис шәріпте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.а) «Менің ғасырым – адамдардың ең жақсысынікі. Мұнан кейін олардың соңындағылар, сонан соң олардан кейінгілерінікі, сосын олардан кейін келгендердікі» деп айтқан» дейді. Сахабалар – ең жақсы ғасырларда өмір сүргендердің алғашқылары. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с)өнегелерін кейінгі ұрпаққа қаз-қалпында жіткізген – осы сахабалар. Өйткені, олар Алла елшісі (с.ғ.с) өмірінің қас-қағым сәттерін қалт жібермей, әрбір сәтін, шешімін, әрекетін мұқият қадағалады, көзімен көрді, жақсы білді. Содан кейін сахабалар алғашқы боп өздерінен кейінгі мұсылмандарға үлгі болған. Олардың дәуірінде Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың тарихы туралы жазбаша дүние болған емес, ауызекі риуаяттар арқылы ғана баяндалатын. Сахабалардың арасында Пайғамбардың (с.ғ.с) өміріне, тіпті әрбір іс-әрекетіне мән беретін сахабалар болғанымен, ешбірі риуаяттарды бір кітап етіп жинақтамапты. Мұның өзіндік себебі болса керек. Өйткені, Қасиетті Құран кітабының өзі Мұхаммедтің (с.ғ.с) тірісінде кітап шәкіліне келтірілмеген, тек Пайғамбарымыз (с.ғ.у)дүние салғаннан соң ғана Ұсман ибн Аффан халифа болған дәуірге келіп, қажеттіліктен кітап болып басылды. Кейін келе хадистер жинақталды. Сосын Құран, хадистен туындайтын әр түрлі пәндер, Пайғамбар (с.ғ.у) өмірі туралы «сира» кітіптар жазыла бастады.

Пайғамбардың (с.ғ.с) өмір тарихын жинақтауды алғаш рет табиғиндар қолға алған. Олардың қатарынан Ұруа бин әз-Зұбайыр (92 һ), Әбан бин Ұсман (105 һ), Уаһб бин Мұнаббиһ (110 һ), Шұрахбил бин Сағад (123 һ), Ибн Шиһаб әз-Зұхриларді (124 һ) атауға болады. Өкінішке орай, бұлардың жазған еңбектерінің бірі де біздің заманамызға жетпеді, тек кейбір бөлімдері ғана жеткен. Уәһб бин Мұнаббих еңбектерінің кейбірі қазір Германиядағы Хайдельберг қаласында сақтаулы екен. Бұлардан кейін Пайғамбар (с.ғ.с)тарихын Мұхаммед бин Исхақ (152 һ), Уақит (207), «Табақатул-Кубра» атты кітаптың авторы Мұхаммед бин Сағад (130 һ), Ибн Хишам деген атпен барша мұсылман жұртына әйгілі Әбу Мұхаммед Абдулмалик ибн Хишам жазды. Соңғысының кітабы – Пайғамбар (с.ғ.с)туралы еңбектердің ең сенімдісі һәм ең күштісі. Ибн Хишамның шығармасы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мақұлдауымен қазақ тілінде жарық көрген.

Алла Елшісінің (с.ғ.с) ғұмыртарихын кейінгі тарихшылар да жазды. Олардың кейбірі Пайғамбардың (с.ғ.с) бар ғұмырын қамтуға тырысса, кейбірі Исбаханның «Далайлун Нубууә», Термизидің «Әш-Шамайл» және Ибн Қайимның «Задул-Мағад» кітаптары сияқты белгілі бір тұстарын ғана баяндады.Мәуліт айында еліміздегі мешіттерде 1317 жылы қайтқан, Мадина Мунаууара қаласының мүфтиі Жағфар ибн Исмағил ибн Зайн әл-Абидин ибн Мұхаммед әл-Барзанжи (р.а) жазған "Әл-Каукаб Әл-Әнуар ғала ғақдил жауһар фи мәулид ән-набий әл-Азхар" кітабы оқылады. Мұнда автор бірінші бөлімде «мәуліт» жазбақшы ниетін, ондағы мақсатын, қандай жол, қағида ұстанғанын айтады. Кейінгі бөлімде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) ата-тегі, анасының Мұхаммедке жүкті болуы, тууы, әкесінің ерте дүние салуы, ер жетуі сияқты оқиғаларға тоқталады. Содан кейін қарапайым, жақсы қасиеттерін баяндайды.

Ғасырлар бойы көпшілік, ислам ғұламалары Мәуліттің оқылуын бір ауыздан құптап келді. Арабша мәуліт кітабтарын көп ұлт өз тілінде жырлап, дәстүріне айналдырып та үлгірген. Қазақ тілінде де жазылған мәуліт кітабы жоқ емес, бірнеше түрі бар. Соның бірі, белгілі ғұлама Садуақас қажы Ғылмани жазған «Мәуліт» кітабы. Онда Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) туғанынан дүние салғанға дейінгі өмірі шумақталады. Мәуліттің кемінде бірнеше шумағын жаттап жүру – өткендердің өнегесі.

Сәдуақас Ғылмани:

Пайғамбарға махаббат, иманның асыл тірегі.

Есіл дертің сол үшін, бекісін нық боп жүрегің.

Жақсы көру белгісі – салауат айту әр мезгіл.

Құрметті затты ұлықтап, байлансын нық боп шын көңіл, -

деп, әр кез салауат оқып жүру Мұхаммедті (с.ғ.с) жақсы көргендіктің белгісі екенін насихатайды. Әс-Сирий: «Кім пайғамбарымызға мәуліт оқылатын жерге бет алса, жаннаттың бақшаларының біріне бет алыпты. Өйткені, ол жерге тек Алла Елшісін сүйгендіктен барады»дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.м)"Кім мені сүйсе, менімен жаннатта бірге болады" деген.

Қазіргі біздің жағдайымызда мәулітті атап өту тіпті міндетті десек те болады. Себебі, басқаны қойғанда, мұсылмандардың өзінің арасында өміріндегі басты идеалы болуы тиіс Пайғамбардың ﴾с.ғ.с﴿ аты-жөнін де жөнді білмейтін, діни ұстанымдарын дұрыс түсінбейтін жандар бүгінде жетерлік. Сондықтан мәуліт мейрамының аясында біз Пайғамбар ﴾с.ғ.с﴿ туралы, Оның алдындағы міндеттеріміз, сүннетін сақтау жайында мешіттерімізде, іс-шараларымызда, жиындарымызда жалпы халыққа молырақ мағлұмат беріп, дініміздің тағылымдары жайлы үгіт-насихат жүргіземіз. Осындай зор мүмкіндікті бос жібермей, орнымен пайдалануға тырысамыз. Расында, бұл дінімізді насихаттаудың, жас ұрпақты имандылыққа, жақсы мінез-құлыққа шақырудың орайлы бір сәті.

Пайғамбарымыз ﴾с.ғ.с﴿ пайғамбарлардың мырзасы, имамы бола тұра кішіпейілділігін білдіріп: «Мені Юнус бин Маттадан да артық мақтамаңдар!» дейді екен. Алайда, Оны мақтамасқа болмайды. Оның есімінің өзі «Мақтаулы жан» деген мағынада! Шүкір, тәуелсіздік алып, өз алдымызға ел болғалы бері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйтқы болуымен жер-жерде мәуліт мерекелері аталып өтуде. Өнегеге толы пайғамбарымыздың өмірі халыққа насихатталумен қатар, түрлі тақырыптарда ғылыми-практикалық басқосулар, шығармашылық бәйгелер де ұйымдастырылып келеді.

«Егер Оның (с.ғ.с.) Пайғамбарлығын қуаттайтын айқын мұғжизалар болмаған күннің өзінде, Оның (с.ғ.с.) нұрлы жүзін көрген адамның иман етуіне жеткілікті еді» дейді Абдуллаһ ибн Рауаха. Ислам ғұламасы Әл-Хафиз әс-Суюти өзінің пәтуа кітабында: «Мәуліт дұрыс. Өйткені, халықтың басы қосылады, қасиетті Құраннан аят оқылады, пайғамбарымыз туғанда болған оқиғалар мен пайғамбарлық туралы жеткен әңгімелер уағыздалады, ысырапқа жол берілмей дастархан жайып, ас беріледі, пайғамбарымыз құрметтеледі, бірін-бірі құттықтап, қуанышпен таралады» деген екен.

Адамзаттың асылы, пайғамбарлардың сұлтаны, үмметінің ерекше қамқоршысы хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) 632 жылы бұл дүниемен қоштасып, мәңгілік мекенге көшті. Алайда, арада қанша ғасыр өтсе де үмметінің Пайғамбарына деген сағынышы артқан үстіне артуда. Біз де Оны (с.ғ.с.) жақсы көргеніміз үшін жыл сайын «Мәуліт» мерекесін халықтық деңгейде ай көлемінде атап, шаттықпен қарсы аламыз.

 

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары

діни басқармасының наиб мүфтиі

Бөлісу: