16
Сенбі,
Қараша

һижри

Дәстүрден ажырау - құндылықтан алыстатады

Мақалалар
Жарнама

Дәстүр – қалыптасқан қағида, заңдылық дегенге саяды. Салт-дәстүр, әдет-ғұрып, салт-сана бір-біріне жақын ұғымдар. «Әл-Ғурф» сөзінің шариғаттағы терминдік анықтамасы мынадай: «Ол ақыл-ойдың, логиканың құптауымен көңілдерге орныққан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер» [1]

Ислам дініндегі дәлелдердің (Құран, Хадис, Ижмағ, Қияс, Сахаба сөзі, Истихсан, Истисхаб, Әдет-Ғурф, Истислах, Шәрғу мән қабләнә, Сәдду зәрайғ) қатарынан табылатын әл-Ғурф фиқһ методикасында арнайы тарау ретінде қарастырылған. Біз бұдан адамдардың өмірінде қалыптасқан әдеттердің шариғатқа қайшы болмаған жағдайда ерекше орны бар болғанын байқаймыз. Мысалы, базарға барсақ, көкөніс сатылатын жерден аяқ киім сатушыны көрмейміз немесе киім дүкенінен автобөлшектерін іздеу өрескелдік болмай ма? Бірақ олай болған күнде Құран мен сүннетке қайшы деп айта алмаймыз, керісінше адамдар қалыптасқан жағдай  деп қарастырамыз.

Жолдың бағдаршамы қызыл түсте болса жолдан өтуге болмайтыны айтпасада түсінікті, бірақ ол да жалпы алғанда Құранға тікелей қайшы емес. Ал егер сені көлік қағып немесе сен біреуге зиян келтірсең ол – күнә. Осындай мысалдарды мыңдап келтіруге болады емесе пе?! Және де адамдардың үйренген, өздері дұрыс деп ойлаған жағдайлардан оңайлықпен айырылғысы келмейтін табиғи мінезін ескерсек, дәстүр ретінде қалыптасқан құндылықтарды өмірімізден алып тастаудың еш қисыны жоқ.

«...Бір-бірлеріңді жақсы тану үшін сендерді ұлттар мен ұлыстарға бөлдік...» 2[2] деген аяттан әр ұлттың өз ерекшелігінің болуы Алланың қалауы екендігін байқаймыз. Егер әркім әр-түрлі ойламаса, барлығы бірдей нәрсені ғана жақсы көрсе, әр халықтың өз ерекшелігі, өзіндік құндылығы мен өмір-салты, ойлау қабілеті, өмір салты әрқилы болмаса, өмірде даму, өркениет және мәдениет деген ұғым болмас еді.

Абдулла ибн Масғұдтан (р.а.) жеткен мына риуаятты дәлелге келтіреді: «Мұсылмандар жақсы деп есептеген нәрсе Алланың алдында жақсы, мұсылмандар жаман деп көрген нәрсе Алланың алдында жаман». Осы хадистен мұсылмандардың жаман нәрседе бірікпейтінін байқаймыз, яғни жағымсыз, дінге қайшы амалды, жалпы алғанда, әдет-ғұрф ретінде қабылдамайтынын байқаймыз.

Ал ислам құндылықтарының  мың жылдан бері халқымыздың  салт-санасымен біте қайнасқанын әрбір мақал-мәтелден, ғибратты әңгімелер мен қиссалардан көреміз. Әрбір мақал-мәтелдің астарында аят немесе хадистің түсіндірмесі бары сезіледі. Олай болса қалыптасқан құндылықтарымыздан ажырау мыңдаған жылғы құндылықтарымыз бен артықшылығымыздан айырылу деген сөз. Сондықтан, исламға сай, тәрбиелі, өміршең және тәжірибеден өткен дәстүрлі құндылықтарымызды жандандыру керек. Қазіргі жаһандану заманында өз ұлтын сақтап қалудың бірден бір жолы – салт-дәстүрді ұстану екенін ескере жүрейік. 

Ильяс Отаров,

 «Нұр Астана» орталық мешітінің ұстазы

 

 



[1] «Дін мен Дәстүр», Алматы 2013, 16-бет

[2] Хужурат сүресі 13-аят

Бөлісу: