25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Мұхаммед ибн Абдул-Уаһһаб туралы замандастары не деді?

Мақалалар
Жарнама

Мұхаммед ибн Абдул-Уаһһаб (1703-1792ж.ж.) уаһһабилік (уаһһабизм) идеологияның негізін құрған адам. Кейіннен дәл осы уаһһабилік идеялогиясының әсері нәтижесінде  көптеген террористік, экстремистік топтар пайда болып, мұсылман жамағаты арасына жік салады. Оның замандастары уаһһабилікті қатаң түрде айыптап, өзін елден қуып жіберуге дейін барады.

         1. Әкесі Абдул-Уаһһаб ибн Сүлейман баласының ақидасына (сенім) және Алла Елшісіне (с.ғ.с.) қатысты пікірлері мен көзқарастарының қате тұстарын байқаған соң, баласына ескерту жасайды. Бірақ ол әкесінің ескертулерін қабылдамай, әкесіне қарсы шығады. Сонда Абдул-Уаһһаб ибн Сүлейман баласын отбасыдан қуып жібереді.

         2. Сүлейман ибн Абдул-Уаһһаб деген туған бауыры Мұхаммед ибн Абдул-Уаһһабтың діни көзқарастарын терістеп, ақидасының дұрыс еместігін дәлелдеп, оған қатысты «Фасл әл-хитаб фи әр-радд алә Мұхаммад ибн Абдул-Уаһһаб» және «Әс-сауағиқ әл-иләһәйни фи әр-радд алә әл-уәһһәбийа» атты екі кітап жазып дайындайды. Бұл еңбектерінде Сүлейман өз бауырының діннен безгендігі, шектен шыққандығы туралы дәлелдер келтіреді.

         3. Мұхаммед ибн Абдул-Уаһһаб өзінің діни көзқарастарында Алла Елшісі (с.ғ.с.) дүниеден өткен соң, үмметіне пайда тигізе алмайды деген сөздерінен кейін, Мәдина қаласындағы Пайғамбар мешітінің ғалымдары оны Мәдинадан қуып жібереді.

         4. Мұхаммед ибн Абдул-Уаһһабтың ұстазы Мұхаммед ибн Сүләйман әл-Керди шәкіртінен бас тартып, мойындамай қояды. Мұхаммед ибн Сүләйман әл-Керди өз шәкірті туралы ұзақ мазмұндағы насихат сөздерін жазып шығарады. Насихат сөздерінің үзіндісінде: «Сен «Әс-сәуадул ағзам»[1] жолынан тайып кеттің. Ал, көпшілік ұстанған жолдан тайған адамға берілетін діндегі сипат ол – кәпір болды дегенді білдіреді. Өйткені ондай адам момын-мұсылмандардың ұстанған жолынан емес», – деп келтіріледі.

         5. Сол замандағы Меккенің беделді қазылары, ғалымдарының бірауыздан қабылдаған қарарымен Мұхаммед ибн Абдул-Уаһһабқа және оның соңынан ерген жамағатқа қатысты кәпір болғандар, діннен шыққандар деген шешім қабылданып, олардың діни идеологиясына тыйым салынды. Меккенің бұрынғы муфтиі Ахмад ибн Зәйни Дәхлан (1817-1886ж.ж.ж) өзінің «Умара әл-бәләд әл-харам» атты кітабында ақиқатты қабылдағысы келмейтін Мұхаммед ибн Абдул-Уаһһаб пен оның артынан ерген жамағатқа қатысты «Олар арыстаннан қашқан, әбден үріккен құлан сияқты» деп айтып өткен.

         6. Әйгілі ғалым Мұхаммед Әмин ибн Абидин әл-Ханафи өз сөздерінің бірінде Мұхаммед ибн Абдул-Уаһһабтың қате ұстанымы туралы былай деген: «Ол өзін ғана мұсылман деп есептеп, қалғанының барлығын мүшріктер[2] деп айыптайтын идеологияның негізін салған адам. Және ол (Мұхаммед ибн Абдул-Уаһһаб) өзінің идеологиясына сәйкес келмейтіндердің қанын ағызуды, яғни өлтіруді міндет деп санайды».

         7. Жәмил Садиқ әз-Зәһәуи Мұхаммед ибн Абдул-Уаһһабқа қатысты: «Мұхаммед ибн Абдул-Уаһһабтың ақидасы тура жолдан анық тайдырады», – деген пікірін білдірген.

       8. Әс-Сауи әл-Мисри «Әл-Жәләләйн» еңбегіне жазған түсіндірмесінде: «Оның өзі (Мұхаммед ибн Абдул-Уаһһаб) және соңынан ерген жамағаты тура жолдан тайғандар. Олар бүгінгі күннің хауариждері[3]»[4], – деген.

       9. Әләуи ибн Ахмад ибн Хасан ибн әл-Әлләмә Абдулла ибн Әләуи әл-Хаддад өзінің пәтуасында Мұхаммед ибн Абдул-Уаһһаб кәпір болған (діннен шыққан) деген үкім шығарған. Оның басты себебі, Мұхаммед ибн Абдул-Уаһһаб Нұғман ибн Сабитті (Имам Әбу Ханифа) ешбір жазықсыз кәпір деп айыптағандығы еді.

     10. Ислам әлеміндегі әйгілі ғалымдардың бірі Әз-Зурқани әл-Әзһари өзінің «Мәнәһил әл-ирфан фи әл-улум әл-Қуран» атты кітабында Мұхаммед ибн Абдул-Уаһһаб пен Ибн Тәймиәнің діндегі ұстанымдары яһудилерге, насараларға, әл-мушәббәһа мен әл-мужәссәмаларға[5] ұқсайтындығы туралы дәлелдеп келтірген болатын.

      11. Қасиетті Мекке мен нұрлы Мәдина қалаларының имамдары, медресе ғалымдары, муфтилері Мұхаммед ибн Абдул-Уаһһаб пен оның соңынан ерген жамағатты дінге жаңалық енгізген адасқан, кәпір болған адамдар деп үкім шығарған. Сондай-ақ оларды мұсылмандардың қанын ағызушы діннен безгендер деп сипаттаған. Бұл мәліметтер хижри жыл санауы бойынша 1228 жылы болған оқиға ретінде Мысыр еліндегі сирек қолжазбалар мұрағат қорында мөр мен қолдары қойылған хат түрінде осы күнге дейін сақтаулы тұр.

     12. Мұхаммед ибн Абдул-Уаһһабтың замандасы болған Меккенің бұрынғы муфтиі Ахмад ибн Зәйни Дәхлан (1817-1886ж.ж.ж) өзінің «Фитна әл-уәһһәбийә» атты еңбегінде уаһабилік идеологияның теріс тұстарын, қате пікірлерін дәлелдермен жазып, мұсылман жамағатын осы идеологиядан сақтандыру, ескерту мақсатында Шам еліне де бір нұсқасын жібереді.

      13. Сүләйман ибн Абдул-Уаһһаб деген туған бауыры «Фасл әл-хитаб фи әр-радд алә Мұхаммад ибн Абдул-Уаһһаб» және «Әс-сауағиқ әл-иләһәйни фи әр-радд алә әл-уәһһәбийа» атты кітаптарында Мұхаммед ибн Абдул-Уаһһабтың Құран мен сүннетке қол сұғып, үкім шығара алатын дәрежесі болмаса да, өз бетінше үкім шығарып, ал өзімен келіспегендерді кәпір деп айыптап, соңынан көптеген надандарды ергізгендігін атап өткен. Сүләйман ибн Абдул-Уаһһаб өзінің сөздерінің бірінде Мұхаммад ибн Абдул-Уаһһабты қатты сынға алып, мұсылман үмметін ескертіп: «Ақиқатында уаһабилік (уахабизм) әһлі сүннет уәл жамағатты топ-топқа бөліп жіберді. Олар Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар үмметін кәпірге шығарды. Олар мұсылман елдерін соғыс (алаңына) елдеріне айналдырды»[6], – деген.

Алла Тағала баршамызды адасудан сақтасын!

Дайындаған: Берікбол ЖАНАҚ


[1] «Әс-сәуадул ағзам» дегеніміз: ислам дінінде ақиқатты ұстанған, тура жолда жүретін көпшіліктіғ яки әһлі сүннет уәл жамағатты білдіреді.

[2] «Мушрик» дегеніміз: Аллаға серік қосқан адам.

[3] «Хауариж» дегеніміз: дінге жаңалық енгізіп, үмбеттің тұтастығы мен бірлігіне сызат түсірген адасқан ағым, мұсылман жамағаты арасында бүлік шығарған алғашқы саяси-діни топ.

[4] «Хашиа радд әл-мухтар», 13 том, 153 бет.

[5] «Әл-мушәббәһа», «әл-мужәссәма» антропоморфистікті ұстанатындар.

[6] «Әс-сауағиқ әл-иләһәйни фи әр-радд алә әл-уәһһәбийа» кітабы.

Бөлісу: