25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Абай оқыған Ахмет Риза медресесі хақында

Абай оқыған Ахмет Риза медресесі хақында

Мақалалар
Жарнама

Көзін ашып, қол-аяғы икемге келген сәттен бастап адам баласы өзін қоршаған ортаны танып-білуге ұмтылыс жасайды. Кейін келе әліпті таяқ деп білмейтін жас өрен алғаш білім ордасына қадам басқан кезінен өмірдің даңғыл жолына, білімнің толқынды теңізіне сапар шегеді. Зейіні ашылып, зердесі толысқан кезінде ілімді меңгеру инемен құдық қазғандай ауыр әрі сабырлық пен шыдамдылықты талап ететін жауапты дүние екенін ұғынады. Кемелдену кезеңіне жеткен сәтте ғылымды жүйелеу және оны жосықсыз пайдалану қауіпті қаруға айналарын, орнымен келелі іске жұмсар болса берекесін кіргізерін түсінеді.

Білімнің берері көп болса, білімді болуың үшін де беретінің көп болуы шарт. Біз сөз еткелі отырған жайт осы жерден бастау алады. Білімнің негізгі көзі мектеп екені мәлім. Алғашқылардың бірі болып қазақ еліне білімнің сәулесін таратқан, замандастарынан оза туған Құнанбай еді. Өзі мекен еткен Шыңғыстаудың баурайынан «Ескі Там» деп аталатын білім ордасының негізін қалап, қолына көзі ашық Ғабитхан есімді татар молдасын ұстап, осынау мектепте сол бір молдадан барша баласы сауат ашқаны, оның ішінде ұлтымыздың болашақ мақтаны болатын Абайдың (Ибраһим) оқығаны баршаға аян. Кейін келе Абайды әкесі Семей шаһарына әкеліп, молданың қолына табыстап, Ахмет Риза медресесіне орналастырып кеткенін де білеміз.

Сонау Абай оқыған медресенің тарихы ХІХ ғасырдан бастау алады. Оның бастапқыдағы орналасқан жері бұрынғы (Солдатская) Қызыләскер деп аталатын көшенің бойында еді. Кейіннен Қазақстан Министрлер кеңесінің шешімі (1990 ж. №141 5 сәуір) және Мәдениет Министрлігінің арнайы хаты (1985 ж. 03.09. № 4-2-10/32 І.І.) бойынша Ахмет Риза медресесі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің аймағына 1993 жылы көшірілді. Қасында орналасқан мешіт ғибадат орны болған. 1949 жылы өртеніп кеткен мешіттің мұнаралы бөлігі 1995 жылы қалпына келтірілді.

Семей қаласындағы медреселердің ішінде ең ірісі Ахмет-Риза медресесі болған. Абай осы медреседе үш жылдай оқиды.

«Абай он жасқа келгенде, әкесі Семей қаласына әкеліп оқуға берген. Бұдан бұрын қырда да біраз оқыған болады. Семейдегі алғашқы берген молдасы – Ғабдұлжаппар деген татар. Артынан бұдан шығарып Ахмет Риза молдаға тапсырған. Екеуі де мешітте имамдық қылады. Және сол мешіттерінің жанында медресе болған. Оқушы шәкірттің көбі медреседе жатып оқиды.

...Абайдың өз бетімен оқитын кітаптары – араб, парсы, түрік жұрттарының ақындары. Одан соң сол тілдерде жазылған ертегі, дастан, қисса сияқты әдебиет мұралары.

Медреседе үшінші жыл оқып жүрген уақытта, Абай Семей қаласындағы «Приходской школге» түсіп орысша да оқи бастаған. Бас-аяғы үш-ақ аймен орысша оқуы бітеді. Үш жылмен мұсылманша оқуы доғарылады» дейді Мұхтар Әуезов зерттеулерінде.

Заманында өзгелерден оқшау тұрған шәкірт Абай да осынау медреседе тек діни сабақты емес дүниенің де ілімін көп оқып, ақындық баспалдағын осы жерден бастаған. Алғаш өзі өлеңге қосқан «Фзули, Шәмси, Сайхали...» есімді шығыстың классиктерін атап көрсету осыған дәлел.

Кезінде тілсіз жаудың қармауында қалса да құнды кітаптар сақталып қалған. Жалпы көлемі екі жүзден астам оқулық кітаптар. Олардың ішінде Абай дәріс алған медреселік оқулықтар деп мыналарды айтып кетуге болады:

Діни кітаптар: «Мұхтасар мәні» (12/5914), «Тәржимен мактубат» (Құран, Інжіл, Таурат сияқты кітаптардан алынған қасиетті қағидаларды түсіндіретін талдау еңбек, №278 (6130), «Тафсир Кабир» (араб тілінде Құран және ондағы сөрелерге түсінік жасаған діни кітап. Мысырда басылған №128 (6030) «Алты бармақ» (Құран негізінде түрік тілінде жазылған көлемді шығарманың 2- кітабы, №132(6034). «Он сегізінші сүре» (қайыр-зекет беру туралы №195 (6097), осы сияқты құран сөрелерін жеке түсіндіретін оншақты оқулықтар т.б.

Тарих оқулықтары: «Тарихи Жаудат» 1818-1815 аралығын қамтыған түрік тіліндегі оқулық, №61 (5963), «Мухадима ал-аламат» Ибн Халдун, 1910 басылған, №153 (6055), «Аз тарихи Жаудат» 1890 жылы Стамбұлда басылған, Түркияның және басқа елдердің тарихы қамтылған, №17/5919);

География - астрономия оқулықтары: «Ислам-тақауи» Алғари Ахмед Мұхтар паша. Түрік тілінде (аймен күн календары және мұсылман елдері пайдаланатын календардың айырмашылықтары көрсетілген, №76 (5978), «Китаб футтух-ил-булдани. Елдерді ашу кітабы» - араб тілінде. №107 (6006). Араб тіліндегі географиялық анықтама, 1230 хижра жылы (1815) басылған №52(5954);

Тіл - әдебиет оқулықтары: «Араб Рисала». (Ритоликалық оқу құралы араб тілінде. №155 (6057): «Ал қауалу жунду» – «Жүрек қозғар жырлар» атты шығыс (араб) жырларына жасалған талдау еңбек. №171 (6073). «Мақалай» (араб тіліндегі диспуттың «бақас» мақалалар жинағы. №273 (6174); «Усул араб» (әдебиет тәсілі - методикасы. Араб тілін, әдебиетін үйрету жөніндегі методикалық құрал, №179 (6081); «Жәләләу сан Мәснәуи» (парсыша-түрікше аударма, 20(5922). «Мәснәуи», №24 (5926) т.б. Осы сияқты философия, музыка, медицина пәндерінен берілетін оқулықтардың тізімін беруге болады.

«Ғылым таппай мақтанба» деп ақынның өзі айтқандай, түрлі ғылымды бойына қондырып, санасына сіңдіріп өскен шәкірт ақыл тоқтатқан шағынан басқаға үлгі бола білді. Сонау Хакім қалдырған үлгіні Абай шаңырағы әрмен қарай жалғастырып келеді. Жалпы Ұлы Абайдың тәлім алған бұл білім ордасы бүгінгі таңда ақын музейінің негізгі экспозициялық бөлімдерінің біріне айналып, көпшілік қауымға қызмет жасап келеді. Бұл жерде «Абай өнер» мектебі ашылып, болам деген баланың белін буған сәттері өте көп. Олай дейтініміз осынау өнер мектебінде мәнерлеп оқудың жөні көрсетіліп, ақындық қабілеті бар жанға жол сілтейді. Қолына қалам ұстаған жас бүлдіршін өлеңнің қыр-сырын меңгеріп, елдің алдында өзін ұстау этикасын үйренеді. Қысылып-қымтырылмай бойын еркін ұстап, жыр жауһарын төкпелеткен талай шәкірт тәрбиеден өткені хақ.  Оған жоғарыда айтқан бірер сөзіміз айғақ бола алады. Абайдың еліне қадам басқан әр бір жан иесі қара шаңыраққа ат басын тіремей, Абай оқыған Ахмет Риза мешіт-медресесін көрмей кеткен емес. Талайдың басын шайқатып, таңдайын қаққызған осынау орда көпшілік қауымға қызмет етуін еш тоқтатпайды. Келіп көремін, білемін, тамашалаймын дегендердің бетін қақпай, музей қызметкерлері киелі шаңырақпен таныстырып шығады. Есін екеу, түсін төртеу қылған қауымның мауқын басып, артынша қызметкерлерге алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдіріп жатқандарына куә болған шағымыз аз емес.

Жандос ӘУБӘКІР,

Шәкәрім университеті Абай институтының директоры,

филология ғылымының кандидаты

«Мұнара» газеті, №5, 2020 жыл

Бөлісу: