25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Журналист этикасы немесе шариғат нормасы

Журналист этикасы немесе шариғат нормасы

Мақалалар
Жарнама

«Қаламға және қалам иелерінің жазғандарына серт!» («Қалам» сүресі, 1-аят).

Алла Тағаланың қаламға берген қасиеті сондай, қанша заман өтсе де, ғылым, технология дамып, жазу тәсілдері өзгерсе де, қаламның адам өміріндегі маңызы жоғалған емес.

                           ЖУРНАЛИСТ – АҚИҚАТ ЖАРШЫСЫ

Әзілдескеннің өзінде шындықпен әзілдесуді өсиет еткен Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетіне сөйлегенде де өтірік сөз қоспай сөйлеуді бұйырған. Бұл өсиет жазуға да қатысты. Ауыздан ауызға тараған сөзге қарағанда жазудың ғұмыры ұзақ болатынын әрі оны өзгерту, түзету қиынға соғатынын ескерсек, жазатын дүниемізге аса мұқият болуымыз керек.

Осы тұста қалам ұстаған журналистер жөнінде бірер сөз айтудың сәті түсіп отыр.

Қазір ақпарат таратудың сан алуан түрі қалыптасып әрі қалың бұқараға бірдей қолжетімді болғандықтан, журналистердің «нанына» ортақтасушылар көбейіп кеткені жасырын емес. Екінің бірі журналист десеңіз де, кәнігі журналистерге тән қызметтік этика бар. Соның ең негізгісі – объективті ақпарат тарату, яғни, оқиғаны қаз-қалпында баяндау. Көпшіліктің шындық іздегенде бірінші болып журналистерге жүгінуінің де басты себебі осы – қалам иелерінің шыншылдығы.

Ақпараттың өңін өзгерту, яғни, өтірік сөз қосу немесе нақты мәліметті жасырып қалу да журналист этикасына жатпайды. Мұны шариғат та құптамайды. Құран Кәрімнің «Хаж» сүресінде «...Жалған сөзден аулақ болыңдар!» делінген.

Жалған ақпарат тарату жөнінде журналист Салтан Сайранұлы былай дейді:

«Журналистика саласында жауапкершілігі ауыр тақырыптардың бірі – дін. Себебі, мұның жауапкершілігі бұл дүниемен ғана шектеліп қоймай, ақыретке дейін ілесе баратын күрделі мәселе.

Өкінішке қарай, бүгінде журналистика саласында қалам сүйкеген мен тілі мен жағына сүйенгеннің бәрі дін тақырыбында «білгіш». Ал тарихқа көз жүгіртетін болсақ, небір діни наразылықтар мен шерулердің отын діни тақырыптағы этиканың сақталмауынан туғанын көреміз.

Еліміздегі медиадан да соңғы жылдары дінге қарсы пропоганда жүріп жатқанын көрудеміз. Имам-молдалардың тұтас бір діни дәрістерінен өз мүдделеріне сай келген тұстарын қиып алып, содан сенсация іздеп жүрген қаламгер-әріптестеріміз көп. Ал дін сенсация іздейтін тақырып емес. Дін – байыпты да салмақты зерттеп барып қалам тербеуді қажет еттіретін тақырыптардың бірі.

Тағы бір ескеретін мәселе – журналистикада діни терминдердің орынсыз қолданылуы. Мәселен, «исламист», «жиһад», «шәһид», «халифат» деген сөздердің терроризмге телінуі де журналистика саласындағы проблемалардың бірі».

Ал фиқһ ғұламалары өтірік қосып сөйлеуге мына жағдайларда ғана рұқсат етілетінін айтады. Олар: ренжіскен адамдарды татуластыру, ерлі-зайыптыларды жарастыру және соғыс алаңында дұшпанды айласына түсіру мақсатында өтірік айту.

КӘСІБІНЕ АДАЛДЫҚ – АДАМГЕРШІЛІК БЕЛГІСІ 

Хәкім Абай айтқандай «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды» деп мәселенің байыбына бармастан байбалам салып, аттандап кету де кәсіби журналиске тән қасиет емес. Бұл жөнінде Алла Тағала Құранда: «Уа, мүминдер сендерге біреу хабар әкелсе, оны анықтап алыңдар, әйтпесе (істің анығын) білмей, бір елге залал жеткізіп, істегендеріңе (ертеңгі күні) өкініп қаласыңдар» («Хужурат» сүресі, 6-аят) деп ескертеді.

Кәсіби журналистің тағы бір міндегі – жеке адамның ар-намысы мен мәртебесін қадірлеу. Қалам иесі қызмет барысында өзгелердің құқығын қорғап, адамдарды құрметтеуі тиіс. Шариғатта да адамдардың ар-намысына, денсаулығына, өміріне орынсыз зиян келтіруге тыйым салады. Ал еліміздің Ата Заңында: «Қазақстан Республикасы адамды, оның өмірін, бостандығы мен ажырамас құқығын ең қымбат қазына деп таниды және өз қызметін азамат пен қоғам мүдделері үшін жүзеге асырады» немесе: «Адамның және азаматтың ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғуға болмайды» деп адамдардың жеке құқықтарына кепілдік берілген.

Журналистің кәсібіне адал болуы қалың бұқараның қалам ұстаған ағайынға деген сый-құрметін арттыратыны сөзсіз. Керісінше, кәсіби міндетіне немқұрайлы қарап немесе қызметін жеке мақсатына орынсыз қолданар болса, көпшіліктің журналистер қауымына деген ойын өзгертетіні анық. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дегендей, туралықты ұстанып, адалдықты ту еткен журналист ешқашан қызметі беретін мүмкіндіктерді жеке немесе ағайын-туыс, дос-жаранының мүддесі үшін пайдаланбайды. Өзі қызмет істейтін БАҚ-ты біреуден кек алу сияқты әлдебір мақсаттарға қолданбауы тиіс.

Сонымен қатар журналист оқырман немесе көрермен алдындағы адалдығына да мән беруі керек. Мәселен, кейіпкерден жариялаймын деп сұрап алған құпия мәліметтерді жарыққа шығарып жіберуі, аты-жөнін, түрін көрсетпеуді сұраса, оны да орындамай эфирге шығарып жіберуі дұрыс емес.

Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Баспасөз хатшысы, журналист Ағабек Қонарбайұлы ақпаратты таратарда оны ең алдымен ата-анасы, ағайын-туысы, дос-жараны, көршілері оқитынын ескеріп, оған аса жауапкершілікпен қарауы керек дейді.

«Ақпарат саласы – маңызды сала. Тарататын ақпаратыңыз арқылы адамдарды қуантуыңыз, қуанышын еселеуіңіз мүмкін, болмаса өмірден түңілдіруіңіз де мүмкін. Сондықтан, әріптестеріме, әсіресе, осындай карантиндегі елең-алаң шақта адамның үмітіне қанат бітіретін, жақсылыққа жұмылдыратын позитивті ақпараттарды көбірек берсек деймін. Мұндай сәтте онсыз да көңілі алаң адамға одан сайын дүрліктіретін, үрей туғызатын ақпаратты берсеңіз, оның күйзеліске түсуіне, өзінің өміріне де, қоғамға да кері әсерін тигізетін амал-әрекетке барып қоюы әбден мүмкін. Сондықтан ақпарат таратарда абай болып, оны ең алдымен өзіңіздің жақындарыңыз да оқитынын, көретінін, тыңдайтынын естен шығармау керек» дейді А.Қонарбайұлы. 

Түйін: Журналист этикасына қатысты айтар сөз көп. Бірақ шариғат нормаларымен қабысып жатқан қалам иелерінің кәсіби этикасының негізгі шарттарын атап өттік деген ойдамыз. Алла Тағала Құранда серт беріп (мәселен, уақытқа серт) бастаған Құран аяттары көп емес. «Қалам» сүресінің «Қаламға және қалам иелерінің жазғандарына серт!» деп басталуы жазу саласының мамандарына жүктелген міндеттің қаншалықты салмақты екенін білдірсе керек. Қаламың қолыңнан түскенше кәсібіңе адал бол, әріптес!

Ермұрат НАЗАРҰЛЫ,

ҚМДБ Ғаламтор секторының маманы

Бөлісу: