25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ұлжан Абдуллақызы: Абай поэзиясы көркемдігінің шырқау шыңы

Ұлжан Абдуллақызы: Абай поэзиясы көркемдігінің шырқау шыңы

Мақалалар
Жарнама

Біз Абай жүрегінің тереңіне қанша үңілсек те, оның жұмбақ жанының құпия сырын әлі түсінбей келеміз. Абайдың «алысып өткен мыңы» кім еді? Ол өз заманындағы надандар мен тоғышарлар ғана емес, адам бойындағы мың сан кесел мен кемшілік болатын.

Абайды әлем жұртшылығы Мұхтар Әуезовтің романы арқылы таныды. Қазақ даласына ХІХ ғасырда жұлдыздай жарқ еткен Абайдай алып тұлғаны Тәңірі халқымыздың бағына тудырған. Абай  сөздері   салмақты, ойы терең.

Абайдың классикалык шығармаларының бірі – «Сегіз аяқ». «Сегіз аяқты» Абай 1889 жылы жазған. Өлең 8 тармақты 25 шумақтан тұрады. "Сегіз аяқ" алғаш 1909 жылы С.-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұлының өлеңі» атты жинақта жарияланған. Кейінгі басылымдарында текстологиялық өзгерістер бар.

Мүрсейіт қолжазбаларында, 1945, 1954 жылғы басылымдарда  5 шумақтың 4,5-жолдары «Пайдасыз ақыл, Байлаусыз тақыл», 14-шумақтың 2-жолы «Жүз кісі сұмға» делінсе, 1933, 1957, 1977 жылғы жинақтарда бұл жолдар 1909 жылғы басылымға сәйкес «Пайдасыз тақыл, байлаусыз ақын», «Жөн кісі сұмға» деп қабылданған.

Мүрсейіт қолжазбаларында 6-шумақтың 6-жолы «Іздегені, баққаны», 8-шумақтың 4, 5-жолдары «Адам бол — мал тап, Адал бол – бай тап», 10-шумақтың 6-жолы «Қор болып қолда барасың», соңғы шумақтың 6-жолы «Сөзімді ұғар біреу жоқ» болса, барлық басылымдарда бұл жолдар 1909 жылғы жинаққа сәйкес «Аңдығаны баққаны», «Адал бол — бай тап, Адам бол - мал тап», «Қор болып құрып барасың», «Сөзімді ұғар елім жоқ» ретінде алынған. 1933, 1945, 1954 жылғы басылымдарда 14- шумақтың 6-жолы «Айғаймен өтті, амал жоқ» болып басылса, басқа жинақтарда Мүрсейіт қолжазбалары, 1909 жылғы басылым бойынша бұл жол «Айғаймен кетті, амал жоқ» деп түзетілтен, 1909, 1933, 1949, 1954 жылғы басылымдарда 22-шумақтың 4- жолы «Есітіп үнін» болып берілсе, кейінті жинақтарда Мүрсейіт қолжазбаларына сәйкес «Естісем үнін» түрінде алынған. 1954 жьтлғы жинақта 24-шумақтың 8-жолы «Қысылған жерде – жанжал дау» болса, 1945, 1957, 1977 жылғы басылымдарда бұл жол «Қысылған жерде - жан жалдау» түрінде көрсетілтен.

Абайдың парасат биігінен жазған есті өлеңі қазіргі қоғамның да жан айқайымен дөп келеді. Қиын-қыстау өтпелі кезеңде ел ырзығын еншілеп, ойына келгенін істеп жүргендер болған. Олар  әлі де бар. Жемқорлықпен күрес тоқтамай жатқаны соның дәлелі.

Алаш жұртының ардақтысы Міржақып Дулатов «Қазақтың бас ақыны Ұлы Абайдың өлген күнінен қаншама алыстасақ, рухына соншама жақындаймыз. Халқымыз үнемі бұл күйде тұра бермес, ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен-күнге артар. Халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар...» деген екен.

Абай атамыздың қара сөздерін оқи отырып та, философиялық терең ой түйесің. Өмірдің мәні және ғылымның маңыздылығын, діннің тазалығын терең түйсінгенін ұғасың. Түйсініп қана қоймай, келер ұрпаққа оның барлық сырын бүге-шүгесіне дейін қалдырмай, өрнекті ой орамымен, ақиқат шындықпен тағылымдағаны көкірегі ояу, көзі ашық жанға сабақ боларлық дүние. Оның ғибратқа толы қара сөздерінің басты тақырыбы – адам, жеке тұлға,  басты мақсаты – адам тәрбиесі. Адам болғанда да, жан-жақты жетілген, ғұламаның өзі айтқандай, «толық адам». Ол «нағыз адам», «толық адам» қандай болу керек деген сұраққа жауап іздейді. Тағы өзінің қара сөздерінде соған лайықты жауап береді. Ол адамның мінез-құлығын жан-жақты қарастырып, өзін-өзі тануға ықпал жасайтын жол көрсетеді. Пендені жат қылықтан аулақ болуға шақырып, жоғары борыш сезіміне баулиды. Ақын өзінің он жетінші қара сөзінде  «үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп, толық адамның сан түрлі қасиетін тиісті мінездермен санамалап береді.

Әлем мойындаған Абай Құнанбаевтың қара сөзінің әрқайсысын оқысақ әркімнің өз өмірі көз алдына кино лентасы секілді елестейді. Мен мына жерде қателік жіберген екенмін деп өзіңе іштей есеп береді. Сол қателікті қайталамауға тырысады. Ақылдың көзі, ғибраттың өзіндей кемел сөзді көкірекке тоқисың. Оның өміршеңдігін бар ішкі жан сарайыңмен сезінесің. Әрбір сөзі ту сыртыңнан қамшымен ұрғандай бойыңда ұйықтап жатқан енжарлық пен жалқаулықтың қамытынан босатады. Саған сергектік серік болады. Мәселен, мен Абайдың даналыққа толы қара сөздерін көп оқып, көңіл тереземді тазалап, болашағымның қандай болмағына ойша шолу жасаймын. Тұнып тұрған тағылым сөздің ішінде сіз іздеген қиын сұрақтың шешімі терең таразыланған.

Адамдардың бойындағы жаман қасиеттерін ащы тілмен түйреген, пәрменді сөздермен санасын оятқан. «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» деген нақылға дөп келетін өлең жолында «Жек көрсеңдер өзің біл» дейді. «Турасын айтқан туғанға жақпайды» дегендей ғұламаның әрбір насихатынан өмір жолыңа бір ғибратты ақыл табасың. Ашуға булықсаң, сабаңа түсесің, адассаң жол табасың. Әйтеуір күнделікті күйбең тірлікте қолыңа қараңғылықта табылған шырақ секілді сәуле жағады.

…Қазіргідей заманда Абай жырларына айына емес, аптасына емес, күніне бір үңіліп қоймай болмайды. Сонда жан қинап жүрген қай күмәннің де бәріне жауап таба аласың.»

Бұл сөздер әрбір адамның дұрыс жетілуіне кепіл болатын, коғам өмірінде басшылыққа алатын бағдарламалық ойлар тәрізді.

Бүгінде кейбір жастар  арасында қоғамдық, мәдени орында бір-біріне былапыт сөз айтып, айналасындағы демалып жүргендерге тосын қылық көрсетіп, дөрекі мінезбен өзін батыр көрсеткісі келетіндер кездесіп қалады.  Қоғамдық көлікте  құлаққаппен даңғаза әуен тыңдап, үлкендерге орын бермей, шалқайып отырғанды да көріп, іштей «әттеген-ай» деп бармақ тістейміз.  Қиын жұмыстан қашып, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен күнін өткізіп жүрген жандарды көргенде қарның ашады. Қазіргідей заманда екі қолға бір күрек қайдан да табылады.  Сау адамның жан дүниесі құлазып босқа уақыт өткізгені – бойкүйездік пен жалқаулықтың кесірі.  Айналып келгенде, мұның бәрі Абай атамыздың «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деген өлеңіндегі байлам сөздің мазмұнымен үндесіп жатыр.

Қоғамды жемқорлық індеті жегідей жеп барады. Ғаламторды ашып қалсаңыз, сыбайлас жемқорлықтың қақпанына бойында тәлімі мен білімі мол деген  білдей лауазымды қызмет иелері тұтылып жатқанын көреміз. Түкке тұрғысыз азғана пұл үшін бүкіл өмірін тұл етіп,  абырой-беделден жұрдай болуда. «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» дегендей дана Абай көрсеткен даңғыл жолмен жүрсек, абыройымызды айрандай төгіп, ар-ожданымызға қара дақ түсіріп қателеспес пе едік, бәлки. Мұның бәрі ұлы тұлғаның көрегендікпен зерделеген қара сөздерінде таразыланып, жіктеліп тайға таңба басқандай айтылады.  «Мен түзелдім, Тыңдаушым, Сен де түзел...» деген бір ауыз сөзбен  адамзат баласын тәлімді, түзу жолға жетелеген  ондай ғұлама біздің қасиетті қазақ халқының маңдайына біткен дара тұлға деп білуіміз керек. Біліп қана қоймай оның салиқалы сөз тіркесінің мәніне зер салып, тұщынып қана қоймай, теңіздей ақылынан тамшыдай болса да ғибрат алуымыз керек. Бүкіл өмір жолымызға қараңғыда адастырмайтын шамшырақ болар туымды сөздер қазіргідей қым-қуыт заманда ауадай қажет екенін білсек қой, шіркін!

Ұлжан Абдуллақызы,

Қызылорда қаласы,

Абылай хан атындағы № 140 қазақ орта мектебі

Қазақ тілі және әдебиті пәні мұғалімі.

Бөлісу: