25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Нұрболат Хадисұлы: Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған

Нұрболат Хадисұлы: Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған

Мақалалар
Жарнама

Ұлы Абай – өмірінің соңына дейін бай рухани мұра қалдырған, қазақ әдебиетінің бас классик ақыны. Ол қазақтың қоғамдық өмірінің қыр-сырын, өзекті мәселелерін шынайы, көркем бейнелеген үздік лирикалық өлеңдердің, қара сөздердің, шығыс тақырыбында жазған поэмалардың авторы. Осы мақалада данышпан Абайдың лирикалық өлеңдері мен керемет естелік қылып қалдырған өнегелі сөздеріне талдау жасалып, ерекше әсерлер баяндалады.         Лирикалық өлеңдер мазмұнына қарай бірнеше топқа бөлінеді. Мысалы, табиғат лирикасы, қоғамдық лирика, көңіл-күй лирикасы, басқа да лириканың алуан түрлері Абай өлеңдерінен айқын көрінеді.

Табиғат лирикасында ақын өзінің айнала-төңірегіндегі табиғатты, табиғат құбылыстарын байқап, көңіліне түйіп, сонан алған әсерін өзі сезгендей өзгелерге де сездіре, таныта суреттейді. Абайдың қыс, күз, жаз, көктем туралы өлеңдерінде жылдың әр мезгіліндегі табиғат суреттері, соған орай ел тұрмысы бейнеленеді. Бұл өлеңдер әр алуан суреттерді көзге елестетіп, көңілге түрлі әсер береді. Бірде күздің жабырқау күндері, кедейлердің ауыр халі («Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай») көзге көрінгендей болады, бірде қыстың аязы бетті қарпығандай, басқан аяқтың сықыры құлаққа естілгендей болады, енді бірде жадыраған жазбен бірге адамзат та, жан-жануарлар да қоса жадырағандай болады. Ақынның көргенін, байқағанын, сезгенін өте келісті түрде айтып жеткізе білетіндігінің бір мысалы «Жазғұтыры» өлеңінде күннің батар шағын суреттеуінен байқалады.

Қоғамдық лирикада ақынның қоғам тұрмысына, халық тұрмысына байланысты ой-сезімі, көңіл-күйі, арман-тілегі бейнеленеді. Тақырыбына қарай қоғамдық лирика әр алуан болады. «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр» деген өлеңдерінде ақынның халқына, оның жастарына оқу, білімді, өнерді арман ететіндігі, жастарды орыстың өнер-білімінен, мәдениетінен өнеге алуға шақырған ойлары айтылады. Ақынның Әбіш туралы өлеңдері, бір жағынан, ақынның өзінің бас қайғысына байланысты болғанымен, оның оқу, білімге, қалай қарағанын, халқына қызмет етерліктей талапты жастарға ақын өзі қандай тілек қоятынын білдіреді.

«Әсемпаз болма әрнеге» деген өлеңінде ақын, алдыңғы өлеңдеріндегідей, жастарды ерінбей-жалықпай өнер-білімді үйрене беруге шақырумен бірге, ақылдылық, ойлылық, қайраттылық, тұрақтылық, әділдік, мейірбандық сияқты адамгершілікке лайық асыл мінезді азамат болуға, қоғамға пайдалы адам болуға насихаттайды.

Абайдың қоғамдық лирикасының бір алуаны – мысқыл, сықақ (сатира) түрінде жазылған өлеңдері. Сықақ (сатира) түрінде жазылған өлеңде адамдардың мінездері мен істерінің мешеулік, оғаштық, ұнамсыздық жақтары сыналып, өткір мысқылмен әжуаланады. Осы мақсатқа сәйкес сықақ өлеңнің тілі де ащы, уытты, өткір болып келеді. «Дүтбайға», «Бойы бұлғаң», өлеңдерінің айтылу түрі екі басқа болғанымен бірімен-бірі мазмұндас. Екі өлеңінде де ақын заманындағы ел билеуші әкімдердің (болыстардың, билердің), байлардың, оларды қостайтын ұры-қары, қу сұмдардың арам пейіл мінез-құлықтары, содырлы қылықтары ащы тіл, өткір мысқылмен әшкереленеді.

Ақынның қоғамдық, халықтық тақырыптардағы өлеңдерінен басқа өз жайын, өз сырын білдіретін өлеңдері де бар. Солардың бірі – «Жүрегім, нені сезесің?» деген өлеңі. Бұл өлең ақынның көңіл-күйі лирикасына жатады. Мұнда ақын сөзді өзіне (жүрегіне) қарата айтып, өзімен-өзі (жүрегімен) сырласқандай болады. Өзіне-өзі ішкі сырын ақтарыла толғайды. Нені сүйетінін, нені жек көретінін айтады. Жарастықты, жайлы өмірді, ақ жүрек, адал ниет достықты, жолдастықты аңсап, арман етеді. Ақынның көздеген бұл арманы халқының да арманы еді, бұл өлеңінен көңіл-күй лирикасын байқаймыз. Ақын өз басының күй-жайын, арман-мұңын, содан туатын ой-сезімдерін білдіреді.

Абай лирикасынан қазақ өлеңдерінің құрылыс үлгілерін байқауға болады. Өлең сөздің, өлең құрылысының өзіне тән тиісті белгілері бар. Ақынның ой-сезімдерін айту мақсатынан туатын ұйқас түрлеріне қарай өлең жолдары топ-топқа бөлініп, жіктеле айтылып, шумақты өлең түрінде құрылады.

Кемеңгер Абай өзінің өлеңдері мен қара сөздерінде парасаттылыққа тоқталады. Ол парасат ұғымын адам болу («Адам болам десеңіз...»), толық адам (кәмил инсан) деген сөздермен белгілейді. Осы тұрғыда өткен заман ғұламаларының нағыз адам, кемел адам туралы пайымдауларын сын көзбен тексере келе: Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек, - деген өзінің әйгілі тұжырымын жасайды. Бірақ Абай осы үш асыл сипатты (ыстық, нұрлы, жылы) үш қасиет (қайрат, ақыл, жүрек) тұтасқанда ғана адам толық (нағыз, кемел) адам болатынын көрсетіп: Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден ерек, - дейді. Мұндағы елден ерек толық болу – парасатты болу дегенді білдіреді. Ол үшін әлгі үш асыл қасиетті бірдей ұстау, яғни олардың үйлесімді, жарасымды болуы керек екенін көрсетеді.

Ұлы ақын осы үшеуінің басын қосатын ғылым деп біледі. Адамшылық қасиеттер, соның ішінде еңбек этикасы туралы әлем даналарының ой-пікірлерін толықтыра әлі тереңдете түсіп, өз тарапынан тың жаңалықтар ашқан, сөйтіп, жүйелі ілім жасаған кемеңгер Абай:

Бақпен асқан патшадан

Мимен асқан қара артық.

Сақалын сатқан кәріден,

Еңбегін сатқан бала артық, - деп, еңбек ету мен тілемсектікті арлылық пен арсыздық белгісі ретінде алып қараса, атақты «Сегіз аяқ» атты өлеңінде:

Тамағы тоқтық,

Жұмысы жоқтық

Аздырар адам баласын, -деп, еңбектің адамның табиғи қажеті екенін асқан көрегендікпен тамаша тұжырымдап берді.

Еңбектің тағы бір жауы – еріншектік. Адамның кемелдену жолдарын, оған кесірін тигізетін кеселді мінез сипаттарын данышпандықпен зерделеген Абайдың: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашық болу керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшіншісі – залымдық», - деп айқын айтуы тегін емес. Еріншек өзінің қабілетін, күш-қайратын, ақыл-ой, шығармашылық мүмкіндігін толық пайдалана алмайды. Ол бір нәрсені ә дегеннен дұрыс ойлап, мінсіз жоспарлап, қапысыз болжауы мүмкін, бірақ оны қолға алуға ерініп, ертеңге қалдыра береді.

«Азат басың болсын құл, қолдан келмес іске ұмтыл», деп данышпан Абай адам баласының қолынан келетін, орайын табатын жұмыспен айналыса жүріп, өзінің тағы да неге икемі барын ерте анықтайтын күрделі жұмыстармен айналысуды көздейді.

Жағымпаздық, екіжүзділік, көлгірсу – пасықтарға тән жиіркенішті қылықтардың түрлері. Мұндай қылыққа үйір адамдар қандай амал-айламен болса да, соның ішінде, өз-басының қадір-қасиетін аяққа таптау, құлш құлдық ұру, өтірік ант-су ішу арқылыөз пайдасы үшін басқаны алдап, қолға түсіруді ғана ойлайды. Абайдың:

Құйрығы – шаян, беті адам,

Байқамай сенбе құрбыға.

Жылмаңы сыртта, іші арам,

Кез келер қайда сорлыға, - деп, олардың бет-бейнесін, шын жаратылысын асқан көрегендікпен ашып салған.

Ұлы Абай тіл құдіретін

Өткірдің жүзі,

Кестенің бізі

Өрнегін сендей сала алмас, - деп тамсана бағалайды.

Шынында да адамның адам болып тұлғаланып, кемелденуінде сөздің атқаратын рөлі ерекше. Сөз – адам үшін тәрбие құралы, білім-білік, мәдениет, өнер бастауы, түп-тұқияннан бері жасалып, қорланып келе жатқан ақыл-ой жәдігерлігі, әсемдік қазынасы екендігін керемет суреттейді.

      Ақырын жүріп анық бас,

      Еңбегің кетпес далаға.

      Ұстаздық еткен жалықпас,

Үйретуден балаға. – деп, ұлы Абай ұстаз шәкіртінің бойында ынта мен ой күшін жұмылдыра білетін, соған қуанып, бала үшін ерінбей еңбек ететін тұлға екенін көрсетеді. Міне, осы өлеңге қанша уақыт өтсе де ұстаздыққа деген керемет шабыт, адамгершілікке, адалдыққа деген көзқарас бірнеше еселене береді. Ұстаздықтың қазіргі мәні де осыған орай жаңа сипаттарға ие болу үстінде.

Абай атамыз «Шәкіртсіз ғалым – тұл» деу арқылы ұстаздық пен шәкірт ұғымын бірінің екіншісіне үйретуі, екіншісінің үйреткенді ынта қойып, біліп алатын, яғни ғалымның іліміне ие болатын, мұрагер ғана емес, ілгері жалғастырып алып кетуші, әрі қарай дамытушы ретінде қараған.

Қорыта келе, мақаламды Абай мұрасының бас зерттеушісі Мұхтар Әуезовтың «Қазақ жазушыларынан, әрине, Абайды сүйемін. Менің бала күнімнен ішкен асым, алған нәрімнің барлығы да – Абайдан. Таза әдебиет сарынына бой ұрғанда, маған «Абай» деген сөз «қазақ» деген сөзбен теңбе-тең түсетіндей кездері бар секілді» - деген керемет сөзімен аяқтауды жөн санадым.

                                          Жалжанов Нұрболат Хадисұлы,

Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы.

Бөлісу: