25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ақерке Жәнібекқызы: Абай — ұлттың атасы, халықтың рухани әкесі

Ақерке Жәнібекқызы: Абай — ұлттың атасы, халықтың рухани әкесі

Мақалалар
Жарнама

Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары     

( Н.Ә.Назарбаев)

Абай Кұнанбайұлы 1845 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысындағы Шыңғыс тауының бауырында дүниеге келіп, 1904 жылы дүниеден қайтқан. Қазақ әдебиетінің тарихындағы қайталанбас зор тұлға, ақын, философ, ағартушы.

Тарих қазақтың тағдырын сан мәрте талқыға салған тұстарда қазақ қоғамындағы әлеуметтік негіздерінен, халыққа үгіттеген жаңашыл бағыттарынан, көтерген келелі мәселелері мен келешек жастары үшін сарп қылған еңбегінен ұлы Абай атамыздың ақындығы айқындала түсті.

Абай — ұлттың атасы, халықтың рухани әкесі. Халқын надандық шырмауынан, бодандық бұғауынан азат етуге ниет қылған Абай адаммен де, заманмен да арпалысып бақты. Қараңғы түнді қақ жарып, сәуле төкті. Шалғай ауылда, Қарауылда – Шыңғыстауда отырып-ақ бүкіл қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Қазақтың жоғын жоқтай отырып, өз қазағын қатты сынады. Сынағанда жек көргендіктен емес, жаны ашығандықтан, күйінгендіктен сынады. Өз халқын сынай отырып, сүйе білді. Ұлы ақын:

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың,

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі – май, бірі – қан боп енді екі ұртың, - деп күйзелді.  Халқының алауыздық, күншілдік сияқты жаман әдеттеріне күйінді. Халқының  осындай нашар әдеттерден аулақ болып, өзі айтқандай «ыстық қайратты, нұрлы ақылды, жылы жүректі»  болуын  армандады.

Абай атамыздың әр өлеңі, әр өлеңіндегі әр сөзі, әр өсиеті мен қара сөздері бізге тура жолды нұсқап,  өмірлік мектеп десем де болады.Ұлттық поэзиямыздың  кемеңгері Абайды тану, оны түсіну  оңай емес. Шын мәнінде Абай қазақ үшін, әдебиетіміз бен мәдениетіміз, әдет-ғұрпымыз бен салт-сана, рухани болмысымыз үшін өзегі терең бәйтерек. Осы орайда, елбасының: «Абай - біздің ұлттық ұранымыз болуы керек, Абайды тану арқылы біз қазақстанды әлемге танытамыз. Менің балаларым мен ертеңгі ұрпағымызға Абайдан артық, Абайдан киелі ұғым болмауға тиіс», -  деген тамаша сөзі  ойға оралады. «Бәлки, мұнан кейін Абайдан үздік ақындар, жазушылар шығар, бірақ ең жоғары, ардақты орын Абайдікі, қазақ халқына сәуле беріп, алғашқы атқан жарық жұлдыз – Абай», - деп ХХ ғасыр басында Міржақып Дулатұлы өте көрегендікпен Абайға шын бағасын беріп кеткен.

Абай поэзиясы – қазақ халқының ұлттық мақтанышы. Қазақ сөз өнерінің «патшасы» Абай арқылы қазақ әдебиетінің өткенін, қазақ даласының табиғаты, қазақ өмірінің шындығы, қазақ халқының сезім-сыры, арман-тілегі, ұлттық ерекшелік қасиеттері түгел көрініп, сезіледі. Абай творчествосы жайлы сөз қозғағанда оның терең ойлылығы мен пәлсапалық мағынасы өскелең ұрпақты жаңа бір леппен, мәдениеті жоғары интеллект, болашағы зор адам ретінде тәрбиелейді. Өзіндік санасы биік, көкірегі ояу, нағыз жарқын елдің бөлшегі, тек білімділік жағынан ғана емес, сонымен қатар  тәрбиелік жағынан адамгершілігі мен иманы мықты орнаған, тән құмарынан жан құмары басым, бойына барлық жақсы мінездерді сіңіріп, кесапат мінездерге жиіркене қарайтын тамаша ұрпақты дүниеге әкелуді мақсат етеді.

Ақыл - мизан, өлшеу қыл,

Егер қисық көрінсе,

Мейлің таста, мейлің күл

Егер түзу көрінсе,

Ойлап-ойлап, құлаққа іл,- деп Абай атамыз ақыл бастар жол түзу екендігін және сол жолдан тәлім-тәрбие мен білімді сіңіруімізді бізге үгіттейді. Жалпы, Абай атамыз өмір сүрген өз заманын өзгелерден бөлек түйіндейді. Қазақ қоғамындағы сол бір ауыр күндерден шығуды басқа ақын-жырауларымыз, сол заманның атақты тұлғалары өткен феодализмді, қазақтың қанына сіңген әдет-ғұрыптар мен наным-сенімдерді, сол замандағы оқымаған, момын, жәй ғана орыстардың капитализміне еліктемеген қазақ жастарының қайта келуін ғана армандайды. Міне, осындай тіршілікті қазақтардың ең тамаша өмірі деп санайды. Бірақ Абай армандаған, Абай қалыптастырғысы келген қазақ өмірі мен Абай білімді деп санайтын қазақ жастары, Абай көргісі келген қазақ елі бұл емес еді.

Заманның сол бір қыстауынан тек жастары саналы, ескі феодализмнен жаңа капиталистік дәрежеге көтерілген, ақылы мен қайраты тең, өткенге өксімейтін, рационалдық ойы бар ,техника мен білімді, өнерді жетік меңгерген, қоғамның бір бөлшегі болатын саясаткер, пайдалы еңбек атқарғыш, шыға ойлап, шығандап қылық қылған талапты, қияға құлаш ұрғыш адам ғана шыға алады дейді. Абайда бір ғана түйін, ол – білім. Адамнан адамды артық қылатын, заманнан заманға өту үшін тек білімді жан болу керектігін, адам қаруы тек ғылым екендігін сіздер мен біздерге дәріптейді.

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім

Ержеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім, - деп  ғылымның пайдасын кеш түсінгендігіне осылайша өкінеді. Бірде Абайға әкесі Құнанбай «орысшылсың» деп айып таққанда «заман орыстікі, ол –жеңген, біз – жеңілген елміз. Ендігі күнде алысқан дұшпанның айласы мен әдісін білмесең, алысқа шығудан мағына жоқ. Мен орыстың өзін сүймесем де, өнері мен ебінен үлгі алуға керек» дейді. Бұл айтылған сөздерден білім кімде бар, сол заман билеушісі болатындығын Абай атамыз білген. Патша үкіметіне кіріптар халде өмір сүрген қазақтардың ең басты кемшілігі білімде екендігін білгені үшін өзі оқиды, балаларын оқытады, қазақ балаларына үлгі айтады.

Толық адам қандай болу керек? деген сауалға ақын былайша жауап береді:

Ынсап, ұят, ар-намыс, сабыр, талап,

Бұларды керек қылмас ешкім қалап.

Терең ой, терең ғылым іздемейді,

Өтірік пен өсекті жүндей сабап.

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек, -  десе мына бір өлең жолдарында ғылым мен еңбекті қатар дәріптейді:

Түбінде баянды еңбек егін салған,

Жасынан оқу оқып, білім алған

Би болған,болыс болған өнер емес,

Еңбектің бұдан бөлек бәрі жалған, - десе еңбек жайлы мынадай тамаша өсиеттер қалдырған:

Тамағы тоқтық,

Жұмысы жоқтық,

Аздырар адам баласын

Келесі өсиетінде  кісі ақысын меншіктеніп байымау, өз адал еңбегімен күнін көруді талап етеді:

Еңбек қылсаң ерінбей,

Тояды қарның тіленбей...

Егіннің ебін

Сауданың тегін,

Үйреніп, ойлап, мал ізде, - деп егін салу да, сауда да, мал күту де еңбек екенін айтады.

Абай өмір сүрген кертартпа заманның мәнін адамдар төртаяқты малмен теңейді. Малының басын ғана көбейтуді ойлайтын қазақтың есерсоқ, білімнің сыры мен пайдасын зерделей алмайтын, байлық пен атақты ғана бәрінен күшті, бәрінен жоғары қоятын, өнер менен ғылымның парқын малмен теңестіретін, сол бір жануарлардан ешбір артықшылығы жоқ би-болыстарды қатты сынап, өз өлеңдерінде былайша күйінгендігін арқау етеді:

Ақылды деп, арлы деп, ақпейіл деп

Мақтамайды ешкімді бұл күнде көп.

Осы күнде мал қайда, боқ ішінде,

Алтын алсаң, береді боғынан жеп.

Ал, «Мәз болады болысың» атты өлеңінде мал мен шекпен жапқанға мәз, ар-ұятын малмен өлшейтін надан, мақтанға тойып қампиғандарды ащы да уытты тілімен әшкерелейді.

Ақын тек өнер-ғылымды ғана дәріптеп қоймайды, сонымен бірге адамның қас жауы кесапат мінездерден аулақ болу жайлы жастарға өсиет айтады:

Сабырсыз, арсыз, еріншек,

Көрсе қызар, жалмауыз,

Сорлы қазақ сол үшін

Алты бақан алауыз, - деп ел ішін, ел бүтіндігінің түбіне жетіп, адамдарды тура жолдан тайдыратын мінездерді сынға алса, келесі жолдарда болашаққа деген ұмтылысы жоқ қазақ дейтін елдің азаматтарын сипаттайды:

Қызмет қылып мал таппай,

Ғылым оқып ой таппай,

Құр үйінде жатады.

Ақынды не қажытты?

Міне, осы сұрақтың мағынасы тереңде. Заманды түзеткісі келді, бірақ түзелмеді. Надандар мен білімсіздерге білім үйреткісі келді, бірақ бекер болды. Көп жаманмен алысты, бірақ жалғыз қалды. Халқынан шаршағандығы жайлы мынадай өлең жолдарынан үзінді келтірсек:

Ұрлық пенен қулықты

Қызық көрер, өңі енер

Мұндай елден бойың тарт,

Мен қажыдым, сен қажы!

Айтып-айтып өтті қарт,

Көнбеді жұрт,не ылажы? - ақын күйініші мен қажуының себебі осы болды.

Қазаққа қара сөзге дес бермедім

Еңбегінді білерлік еш адам жоқ,

Түбінде тыныш жүргенді теріс көрмедім,- деген жолдарда да ақын надан елмен жалғыз ғана күресуден шаршағандығын және ендігіде араласпайтындығын кесіп айтады. Дегенмен Абай қалдырған асыл сөзден нәр алу арқылы бүгінгі заман мен болашақ жастары қалыптасты деп айтсам қателеспеймін. Абай атамыздың өлеңдерін талдай отырып, өз дәуіріне дейінгі данышпан тұлғалардың даналық мәйегін толық меңгерген, бүкіл көшпелілер әлемінің дүниетанымын, рухани болмысын, парасатын, көркем ойын бойына сіңірген, сол қасиеттері арқылы адамзат санасының дамуы мен адам болып қалыптасуына зор үлес қосқандығын білдім:

Бес нәрседен қашық бол, 

Бес нәрсеге асық бол, 

Адам болам десеңіз. 

Абай айтқысы келген бес жаман мен бес жақсы нәрсені бүкіл қазақ қауымы біледі. Сондағы айтқысы келгені адам болып қалу үшін талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахымшылық секілді жақсы қасиеттерді бойымызға сіңіруіміз қажет.

Жалпы қорытындылайтын болсам, ақын шығармашылығында өлеңдерінен бөлек поэмалары мен қарасөздері бар екендігін ерекше атап кетуіміз қажет. Қырық бес қарасөздері қазақ әдебиетіне келген тамаша бір жанр секілді жаңалық болды. Осы ғибраты мол шығармаларында өлеңдері секілді адамгершілік, ғылым мен білім, өнер, еңбекқорлық сияқты қазақ бойынан көргісі келетін жақсы қасиеттер мен көреалмаушылық, мақтаншақтық, тоймаушылық, надандық, адам бойындағы аш бөрідей қызуқанды болатын тән құмарлығы секілді кесапат мінездерді тағы да сынға алады. Өзінің тек дана ғана емес, сонымен қатар діндар адам екендігін осы қарасөздерінен байқаймыз.

Абай атамыздың шығармашылығын әр қазақ білуі тиіс және әр сөзі бізді келешекке жетелер жол екендігін біліп, мақтан тұтуымыз қажет. Өскелең ұрпаққа әрқашан ақын шығармаларын, өмірбаянын, даналыққа толы өсиеттерін насихаттау арқылы келешегі зор, ақылы мен білімі сабақтасқан, мақсаты айқын, еңбегі жемісті, таланты мен талабы мықты жас ұрпақты тәрбиелейміз және қалыптастырамыз. Сол себепті де ұлы ақын шығармашылығын дәріптеу – біздің міндетіміз.

Кәрібекова Ақерке Жәнібекқызы

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті

Бөлісу: