Жақып пайғамбар (ғ.с.) Әзірейіл періштемен (ғ.с.) дос еді.
Бір күні Жақып пайғамбар Әзірейілге: «Әй, досым, бұл жолы менімен жүздесуге келдің бе, жоқ, әлде жанымды алуға келдің бе?» - деп сұрайды. Әзірейіл (ғ.с.) қал сұрау ниетімен келгенін білдіреді. Мұны естіген Жақып (ғ.с.): «Әй, Әзірейіл, саған мынадай өтінішім бар, алда-жалда жанымды алуға келгендей болсаң, алдын-ала ескерткеніңді қалар едім», - дейді. Әзірейіл: «Әрине, о не дегенің ?! Міндетті түрде саған екі, үш хабаршы жіберемін», - деп уәде береді.
Жақып пайғамбардың өмірлік дәм-тұзы таусылғанда, аяқасты Әзірейіл періште пайда бола кетеді. Жақып пайғамбар тағы да оның қандай мақсатпен келгенін сұрайды. Әзірейіл (ғ.с.) аманат жанын алуға келгенін білдіреді. Жақып пайғамбар (ғ.с.): «Әй, періштем, маған алдын-ала хабар беретініңді айтпап па едің?!» - дегенде, Әзірейіл періште:
«Саған мен алдын-ала үш хабаршы жібердім. Әуелі шашың ағарды. Баяғы күш-қуатың кеміп, сырқатың күшейді, денеңді тік ұстай алмай еріксіз белің бүгілді. Әй, Жақып, бұлар менің барлық адам баласына жіберетін алғашқы хабаршыларым», - деп жауап берген екен.
Ummet.kz