25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Мұса мен Харун пайғамбар (а.с.) – 1

Мұса мен Харун пайғамбар (а.с.) – 1

Пайғамбарлар (ғ.с.) тарихы

Мұса пайғамбар (а.с.) туралы мәлімет Құранның көптеген сүрелерінде кездеседі. Кей жерлерінде ұзын-сонар баяндалса, кей жерлерінде қысқаша ғана тоқталған. Ол – үлкен бес пайғамбардың бірі. «Мәриям» сүресінде ол туралы Хақ тағала: «Кітапта Мұсаны есіңе ал! Расында, ол таңдаулы еді. Расул әрі нәби еді»[1], – дейді.

Мұса пайғамбар Исрайыл ұрпағына кітаппен жіберілген елші болатын. Сол кезде Жақып пайғамбардың он екі баласынан тараған ұрпағы Мысырда өз алдына бір ел құрап отырды. Мысыр елін ол уақытта патшалар емес перғауындар басқаратын. Жүсіп пайғамбардан кейін Мысыр халқының жергілікті ұлтынан шыққан перғауын отбасы көтеріліс жасап, «амаликалық» арабтарды қуып шығып, қайта таққа отырған еді. Олар билікке келген соң, көп ұзамай өздерін «тәңір» деп жариялады. Сондай-ақ Ніл өзені жағасында жер жыртып, егін егіп, сонымен күн көріп жүрді. Жылдар өте келе, соқаға жеккен өгіздерді «тәңірге» теліп, соған да табынатын болды[2].

Исрайыл халқы өздері Мысырда өмір сүргенмен, бұрынғыдай беделдері болмады. Перғауындар оларды ұлдарын құл, қыздарын күң етіп езіп-қанап ең ауыр жұмыстарға салды. Олар сол жерден қашып шығып, бұрынғы қасиетті жерлеріне баруға қаншама рет талпыныс жасаса да, ойлағандары іске аспады. Сөйте тұра, олар дүниеге әбден құнығып, хазірет Жақыптың әкелген дініне аса көңіл бөлмеді. Олар мысырлықтар сияқты өгізге табынып кетпесе де, солардың сенімдері саналарына әсер ете бастады. Бір күні перғауын түс көрді. Түсінде Құдыс жақтан лапылдап келген бір от мысырлықтарды өртеп күлге айналдырса да, Исрайыл халқына титтей де әсер етпейді.

Ол түсінен шошып оянып, сәуегейлерін шақырып істің мәнісін сұрайды. Олар: «Жақында Исрайыл ұрпағынан бір ұл бала дүниеге келеді. Ол сенің патшалығыңды күл-талқан етеді», – деп жориды. Перғауын осыдан кейін дереу әр бір Исрайыл отбасында туылған ұл балаларды өлтіруге бұйрық шығарды. Исрайыл елі бұл қатігездікке қарсы тұрар ешбір амал таба алмай қиналды. Перғауын осылай жаңа туылған ұл балаларды өлтіртіп жатқанда, Имран деген бір кісінің шаңырағында ұл бала дүниеге келді. Ол Мұса пайғамбар еді. Хақ Тағала нәсіп етіп, оның анасының жүкті болғанын, артынша босанып, ұл бала тапқанын ешкім білген жоқ. Хазірет Мұсаның анасы «біреу-міреу көріп қояр ма екен» деп күні-түні мазасы қашты. Осы кезде Хақ тағала оған: «Бір нәрсе болады деп қорықсаң, оны еміз де дарияға тастап жібер. Қорықпа да күйінбе! Расында, оны саған қайтарамыз да пайғамбар қыламыз»[3], – деп аян береді. Оның анасы осы аяннан соң, баласын құндақтап, сандыққа салып, Ніл өзеніне қоя береді. Сандық судың бетімен аққан бойы перғауынның сарайының алдынан өтіп бара жатқанда, оның адамдары көріп қалып, сандықты сарайға алып барады. Перғауын оны өлтірмек болғанда, араға өзінің әйелі Әсия түсіп: «Менің де, сенің де көз қарашығымыз, оны өлтірмеңдер! Бәлкім, бізге пайдасы тиер. Немесе бала қып аламыз»[4] деп, баланы аман алып қалады. Алайда сәби сүт іздеп шырылдап жылай берді. Әсия сүт аналарды алып келсе де, ешбірін ембеді. Сүт аналардың арасында хазірет Мұсаның әпкесі Мәриям да бар еді.

Ол: «Сендерге оны сендер үшін бағатын, оған қомқор бір отбасы көрсетейін бе?»[5] – деп Мұсаның туған анасына ертіп келіп, соған емізгенде, сәби Мұса емірене еміп, тәтті ұйқыға кетеді.

Хазірет Мұса он сегіз, жиырма жастар шамасына келген кезде, Хақ тағала оған керемет ілім мен хикмет нәсіп етті. Хазірет Мұса бұл жерде үш мәселені шешуі тиіс еді. Мысырлықтардың түзеліп иманға келуі. Исрайыл ұрпақтарын Құдысқа апаруы. Исрайыл ұрпағын түзеуі[6].

Хазірет Мұса Мәдиян еліне қашқанға дейін, сол перғауын сарайында ер жетті. Оған перғауынның жары – Әсия жақсылап қарап, тәрбиелеп өсірді. Бір күні хазірет Мұса көшеде кетіп бара жатып, бір исрайылдық, бір мысырлық екі адамның қызыл шеке болып төбелесіп жатқанын көреді. Исрайылдық жеңіліп бара жатқанда, хазірет Мұсаны көріп қалып көмекке шақырады. Жігіт Мұса өте мықты, айбарлы жас болатын. Ол мысырлыққа жақындап келіп ананы жіберуді талап етті. Бірақ мысырлық оның сөзіне құлақ салмай, исрайылдықты өлтірмек болады. Осы кезде жігіт Мұса әлгі мысырлықты жұдырықпен түйіп кеп қалғанда, мысырлық сол жерде жан үзеді. Мұсаның ниеті адам өлтіру емес, қайта анау бір өлім аузындағы жанды құтқарып қалу еді. Мұса (а.с.): «Бұл – шайтанның ісі. Өйткені ол – ашық адастырушы дұшпан. Раббым! Рас, өзіме кесір істедім. Мені жарылқа! – деді. Сондықтан Алла оны жарылқады. Өйткені Ол тым жарылқаушы, ерекше мейірімді»[7]. Көп ұзамай осы мысырлықтың өлімі бүкіл қалаға жайылды. Бірақ әзірге кісі өлтірушінің кім екенін және не үшін өлтіргенін ешкім білмеді. Таңертең хазірет Мұса көшеде кетіп бара жатып, кешегі өзі құтқарып қалған исрайылдықтың тағы бір мысырлықпен төбелесіп жатқанын көріп қалады. Исрайылдық та мұны көре сала, ұялмай қызармай көмекке шақырады. Хазірет Мұса бұл адамның жаман адам екенін сонда ғана білді. Оған «өзіңе де сол керек» дегендей ашулы көзін қадады. Бір кезде мысырлық әлгі исрайылдықты бір бұрышқа тығып алып өлтірмек болған кезде, амалы құрыған Мұса оларды арашаламақ болып жақындай бергенде, исрайылдық адам өзіне қол жұмсайды деп ойлап: «Кеше ғана мысырлық бір адамды өлтіріп едің. Енді бүгін мені өлтірмекпісің? Сен мейірімді емес, қатігез адам болдың ғой» деп айқай салады. Осы хабар тез арада қалаға тарап кетті.

Онсыз да сарайдағылар бұл исрайылдық болғаны үшін жек көріп, оны сарайдан аластауға сылтау таппай жүретін. Олар бар болғаны хазірет Әсиядан аса алмай жүрген. Ал, қазір оларға іздегенге сұраған болды. Әйтсе да хазірет Мұса сарайдағылардың не ойлап жүргенінен мүлде бейхабар еді. Ол ойға батып тұрғанда, қаланың өте лауазымды ақсүйек бір адамы келіп: «Ей, Мұса! Сарайдағылар сені өлтіруге шешім шығарды. Бұл қаладан тез кетпесең, өлім құшасың. Мен саған қамқор адамның бірімін», – дейді. Хазірет Мұса қаладан өте сақтықпен шықты да: «Я, Раббым! Мені қатігез елден құтқара гөр!» – деп[8] дұға етті. Жолда қаладан ұзап кетіп бара жатып: «Раббымның маған тура жол көрсетуін үміт етемін»[9],– деп күбірлейді.

Бұл істе Хақ тағаланың хикметі бар еді. Өйткені ол Мәдиянға барып, хазірет Шұғайып пайғамбардан дәріс алып, сол жақта пайғамбарлыққа әзірлік жасап келуі қажет болатын. Күндердің бір күні пайғамбарлық келген кезде, Мысырға қайта оралып перғауын мен оның халқын хақ дінге шақыруы тиіс-ті[10].

Хазірет Мұса сахарада ұзақ жүріп, бір кезде Мәдияндағы судың жанына келіп аялдады. Бір топ адам осы суға мал суғарып жатты. Бергі шетте екі қыз мал-дарын суға жолатпай қайырып тұр екен. Мұса ол екеуіне: «Екеуің неге тұрсыңдар? Елдің бәрі малын суғарып жатқан жоқ па?» – дейді. Екі қыз: «Мына малшылар малдарын суғарып кеткенге дейін, біз малымызды суғара алмаймыз. Үйде жалғыз кәрі әкеміз ғана бар. Бұған әкемізді қалай жұмсаймыз?» – деп ибалықпен жауап береді. Хазірет Мұса қатты қалжырап тұрса да, дереу екі қыздың малын айдап әкеп суғарып, суға қанған соң, алдарына салып берді. Бұл екеуі хазірет Шұғайыптың қыздары еді. Одан кейін бір ағаштың көлеңкесіне саялап отырып, Хақ тағалаға қол жайып: «Я, Раббым! Қайырдан не жіберсең де мұқтажбын»[11], – деп күбірлеп дұға жасады. Сол күні ақшам кезінде хазірет Шұғайып малдарының маңыраған дауысын есітіп далаға шықты. Қыздарының бүгін ерте келу себебін сұрады. Мән-жайды білген соң, ол дереу қыздарының біреуін хазірет Мұсаға жіберді. Қызы барғанда, ол әлі ағаштың түбінде отыр екен. Ол жанына ұяла жақындап: «Әкем сізді малдарды суғарған ақыңызды алсын деп шақырып жатыр», – дейді. Хазірет Мұса олардан ақы алайын деген мақсатпен көмектеспеген еді. Алайда мына қыздың ибалылығына қарап, оның әкесін көруге аңсары ауа қалды. Әрі ақсақал кісі шақырып тұрғанда, бармасқа тағы болмайды. Қыздың алдына түскен бойы үйіне келіп, қартқа сәлем беріп жөн сұрасты. Дастарқан басында хазірет Мұса Шұғайып пайғамбарға басынан кешкендерін түгелдей баян етті. Бұл жерге де қуғыншы келіп қалуы мүмкіндігін айтты. Сөздерін ден қоя тыңдаған қария оған: «Қорықпа! Бұдан былай залым елден саған келер ешбір қиянат жоқ. Сен қауіпсіз жердесің», – деп басу айтты. Бірталайдан кейін қонақ әзірленген бөлмеге жатып қалған соң, Шұғайып пайғамбардың бір қызы әкесіне келіп: «Әкешім! Біз көптен бері бір жалшы іздеп жүрген жоқ па едік?! Іздегенге сұраған деген осы емес пе?! Мына кісі нағыз бізге лайық адам екен. Өзі күшті әрі сенімді де, мейірімді жан. Бізбен тілдескен кезде, жүзімізге бір рет те болсын қарамады. Осы жігітке қолқа салып көріңіз», – дейді.

Таңертең Шұғайып пайғамбар хазірет Мұсаға: «Мұса! Саған айтар ұсынысым бар. «Маған сегіз жыл жалшы болсаң, мына екі қызымның бірімен не-келестірем. Егер он жылға толтырып жатсаң, ол сенің жасаған жақсылығың. Саған машақат қылуды қаламаймын. Алла қаласа, мені ізгілерден табарсың»[12], – дейді. Хазірет Мұса да бұдан кейін қайда барып, қайда тұратыны, не істейтіні туралы бір байламға келмеген болатын. Ол хазірет Шұғайыптың бұл ұсынысын мақұл көріп: «Ұсынысыңды қабылдаймын. «Осы екеуміздің арамыздағы келісім бойынша, екі мезгілдің қайсысын орындасам да маған қарсылық жоқ. Айтқаныма Алла кепіл»[13], – деп жауап береді.

Арада жылдар қазанаттай жүйткіп өте шықты. Мезгілі жетіп, уәде бойынша хазірет Мұса, Шұғайыптың (а.с.) қызын алған еді. Бір күні ол жары мен бала-шағасын алып, Шұғайып пайғамбармен қоштасып, жолға шықты. Бұл өзі қыс мезгілі болатын. Күн батып, түн айналаға өзінің қара шәлісін жапқан кезде, ауа суып, ызғар жел есті. Хазірет Мұсаның бала-шағасы тоңып, жылай бастады. Олар Тұр тауына жақындаған кезде, тау басынан лапылдаған оттың жарығын көрді. Хазірет Мұса бала-шағасына: «Тұра тұрыңдаршы. Рас, бір от көріп тұрмын. Бәлкім, бір хабар яки оттан бір шоқ алып келермін. От жағып жылынарсыңдар»[14], – дейді. Ол асығыс адымдай басып, отқа қарай жақындай бастады. «Ол жерге келген сәтте, мүбәрак жердегі ойпаттың оң жағындағы ағаштың жанынан: «Ей, Мұса! Рас Мен – әлемдердің Раббы Алламын». «Кебісіңді шеш» деп үн қатты»[15]. Хазірет Мұса дереу аяқ киімін шешіп үнсіз тыңдай қалды. Баяғы «жанған от» деп келгені от емес илаһи нұр екендігін аңғарып, бұл дауыстың Хақтан келгеніне көзі жетті. Илаһи дауыс әрі қарай жалғасты: «Сені таңдадым. Енді уахи етілгендерді тыңда. Рас, Мен Алламын. Менен басқа тәңір жоқ. Сондықтан Маған құлшылық қыл. Сондай-ақ Мені еске алуың үшін намазды толық орында. Қиямет күні сөзсіз келеді. Қияметке сенбей, өзінің нәпсісіне ергендер саған кедергі жасап жүрмесін. Болмаса, сен де құрисың. Әй, Мұса! Оң қолыңдағы не нәрсе? (Мұса): «Бұл – менің таяғым. Оған таянамын. Онымен қойларыма жапырақ қағып беремін, әрі онымен басқалай істер де істеймін»[16],–дейді.

Адам баласы қашанда өзіне ұнаған адаммен кездескен шақта, онымен көбірек тілдесіп қалғысы келеді. Бұл жерде де хазірет Мұса ғаламзаттың Раббысымен тілдескен кезде, бір аса таяқтың өзін жыр қылып айта бергісі келді. Һәм Хақ Тағала «Оң қолыңдағы не нәрсе?» деп оның кәдімгі таяқ екендігіне назар аудартуда. Хазірет Мұса да оның расында ағаштан жасап алған аса таяқ екендігін ашық баян етеді. Осы кезде Алла Тағала: «Ей, Мұса! Қолыңдағы аса таяқты жерге таста!» – дейді. Хазірет Мұса оны жерге тастап жібергенде, кәдімгі жай таяқ улы жыланға айналып шыға келеді. Түр-түсі сұп-суық оқ жыландай ысылдап хазірет Мұсаның өзін шошытты. Тіпті ол қорқып қашты да. Хақ тағала сонда: «Оны қайта қолыңа ұста, қорықпа. Бері кел! Оны әуелгі қалпына келтіреміз»,–деді. Бұл жыланнан хазірет Мұсаның өзі шошығанына қарап, оның қандай жылан екенін көз алдыңызға елестете беріңіз. Хазірет Мұса Хақ тағаланың сөзінен кейін қорқынышы басылып, жыланды ұстай алғаны сол еді, ол баяғы қой қайыратын асатаяғына айналды. «Қолыңды қойныңа тық. Мінсіз күйде аппақ болып шығады»[17]. Хазірет Мұса қолын қойнына тығып, қайта алып алып еді, қолы аппақ болып жарқырап шыға келді. Хақ тағала Мұсаға: «Ей, Мұса! Осы екі мұғжиза – перғауынға да, адамдарына да Раббыңның екі дәлелі. Өйткені олар тым шектен шықты», – дейді. Хазірет Мұса: «Я, Раббым! Көңілімді кеңейтіп, ісімді жеңіл ет! Олар сөзімді жақсы түсіну үшін, менің тұтықтығымды жаза гөр. Я, Раббым! Туысым Харунды маған уәзір әрі көмекші етіп бер. Һәм ол маған қарағанда сөзге әлдеқайда жүйрік. Оларға жүйелі сөз айта алмай қаламын ба деп қорқамын. Оның үстіне олардың бір адамын байқамай өлтіріп алғанмын. Харунды менімен бірге пайғамбар етіп жібер. Оны менің міндетіме ортақ қылатын болсаң, Сені көп еске алып, пәктейміз»[18], – дейді.

Кейбір деректерде хазірет Мұсаның тілі жас кезінде шоққа күйіп, тілі қатты мүкістеніп қалған деген сөздердің негізі жоқ. Өйткені пайғамбарлық міндетте ешқандай кемістік болмауы шарт[19]. Хақ Тағала: «Ей, Мұса! Тілегің қабыл болды. Туысың арқылы білегіңді күшейтіп, екеуіңе олар шамасы келмейтін күш беремін. Аяттарымызбен екеуің де, сендерге ергендер де жеңіске жетесіңдер». «Екеуің перғауынға барыңдар, өйткені ол шектен шыққан. Оған сыпайы түрде жұмсақ тілмен сөйлеңдер, мүмкін сөздеріңе сонда ғана құлақ асар яки қорқар»[20],– дейді.

Материал «Пайғамбарлар тарихы» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] «Мәриям» сүресі, 51

[2] Сабуни, Нубууә, 247-235 беттер

[3] «Қасас» сүресі, 7

[4] «Қасас» сүресі, 9

[5] «Қасас» сүресі, 12

[6] Афиф Абдулфаттах Таббара, Маал-әнбия фил-Қуран. 225-227

беттер

[7] «Қасас» сүресі, 15-16

[8] «Қасас» сүресі, 21

[9] «Қасас» сүресі, 22

[10] Сабуни. Нубууә, 247-бет

[11] «Қасас» сүресі, 24

[12] «Қасас» сүресі, 27

[13] «Қасас» сүресі, 28

[14] «Қасас» сүресі, 29

[15] «Қасас» сүресі, 30

[16] «Таһа» сүресі, 13-17

[17] «Таһа» сүресі, 14-24; «Қасас» сүресі, 31-32

[18] «Таһа» сүресі, 25-33

[19] Мұса пайғамбардың тілінде сәл ғана тұтықпалық болған.

Алайда Перғауынға барар алдындағы Алламан тілеген оның

дұғасы қабыл болып, кейіннен әдемі әрі шешен сөйлейтін

болған (Қараңыз: У. Зүһәйли, Тәфсирул-мунир. Таһа сүресінің

25-аятының тәпсірі)

[20] «Қасас» сүресі, 35; «Таһа» сүресі, 43-44

Бөлісу: