25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Адамның жаратылысы

Пайғамбарлар (ғ.с.) тарихы

Алла Тағала бүкіл адамзатты тек Өзіне ғана ғибадат етуі үшін жаратты.

Мұны Құрандағы «Жын мен адамзатты Өзіме құлшылық қылулары үшін ғана жараттым» деген аят нақтылайды.

Бірақ, әлбетте, әлемдердің Раббысы біздің құлшылығымызға ешқандай да мұқтаж емес. Керісінше, біз оған мұқтажбыз. Оның барлық кемшіліктерден пәк көркем есімдері мен ұлы сипаттары бар. Алла Тағала осы есімдерінің әсерін, мейірімділігі мен даналығының белгілерін, құдіреті мен ұлылығының айғағын көрсетуді қалады. Сөйтіп, Ол мейірімділігін, шексіз білімі мен даналығын және өлшеусіз күш-құдіретін көрсету үшін мақлұқатты жаратты. Ал құлшылық міндеті жүктелген жаратылыстардың бірі адамзаттың атасы – Адам еді, әрі ол жер бетіндегі алғашқы пайғамбар болатын.

Адамның тарихы оның жаратылуынан бұрын барлық кемшіліктерден пәк Алла Тағала мен Оның періштелерінің арасында болған көктегі ұлы әңгімеден басталады. Алла Тағала бұл әңгімені: «(Мұхаммед!) Кезінде Раббың періштелерге: «Мен жерде бір орынбасар жаратамын!» - деген-ді», - деп бастайды.

Яғни Алла Тағала жерде үкім жүргізетін, онда өркениет жасайтын, бірінің орнын бірі басатын мақлұқты жаратуды қалады. Алла Тағала: «Ол сендерді жерден жаратып әрі онда өмір сүргізді», - деген.

Сонда періштелер: «Сен онда бүлдірушілік істеп, қан төгетін біреуді жаратасың ба?» - деп сұрады.

Періштелер Адамның ұрпағы бүлдірушілік жасап, қан төгетінін қайдан білді? Олар бұл сөзді қарсы шыққандықтарынан айтпады, олар мұндай сипаттан пәк. Бірақ олар жындар жаратылғаннан кейінгі оқиғаның куәсі болған-ды. Алла Тағала Адамды жаратудан екі мың жыл бұрын жындарды жаратып, оларға жерде ерік берді. Сонда олар тура жолдан адасып, жер бетінде бүлдірушілік істеді. Жындар жерде билік етуге лайық емес еді және олардың бұған санасы да жетпейтін-ді. Оларда жерде билейтін күш те, ақыл да жоқ. Енді Алла Тағала басқа бір жаратылыс түрін жаратпақшы, мүмкін олар да жындар сияқты бүлдірушілік істейтін шығар. Періштелер «Алла Тағалаға ғибадатта кемшілік жіберік қойдық па?» деп қорықты. Сөйтіп, олар «бізден басқа біреуді жаратындай біз қателік істеп қойдық па?» деп сұрамақшы болды.

Яғни, Сен бізден басқаны жаратпақшысың. «Мүмкін біз Сені мадақтап, дәріптеуде кемшілік істедік пе?» деген-ді. Демек, бұл жердегі сұрақтың мәні екі мәселені қозғап тұр. Сен жындар сияқты бүлдірушілік істейтін адамдар жаратасың ба? Немесе басқа біреуді жарататындай біз кемшілік жібердік пе? Сонда Алла Тағала оларға: «Мен сендердің білмейтіндерінді білемін» - деді.

Сонда періштелер өзара әңгімелесіп: «Раббымыз қалаған нәрсесін жаратады. Ол ешқашан Өзінің алдында бізден құрметті әрі білімді жаратылысты жаратпайды», - деді.

Себебі олар барша мақлұқтарды: көктер мен жерді, жануарлар мен жындарды көрді. Сондай-ақ өздерінің Аллаға мадақ айтып, Оның әмірі мен тапсырмаларын бұлжытпай орындайтынын, көктер мен жердегі Оның бұйрықтарын қалтқысыз іске асыратынын және өздерінің Алланың алдындағы ең құрметті құлдар екенін білетін. Олар Алла Тағаланың ең білімді әрі қадірлі құлдары болатын.

Алла Тағала Адамды жаратпақ болған кезде жерден топырақ әкелуге бұйырды. Әбу Мұса әл-Ашғариден (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбар (с.ғ.с): «Алла Адамдыбүкіл жер бетінен бір уыс (топырақ) алып жаратты. Сөйтіп, Адам балалары жердің ерекшелігіне қарай пайда болды. Олардан ақ, қызыл, қара (түстілері) және олардың арасындағылары, жеңіл және қатты (мінезділері) мен олардың арасындағылары, сондай-ақ жақсы, жаман және олардың арасындағылары бар», - деген.

Сонымен, адамдардың түр-түсінің және мінез-құлықтарының ерекшелігі жер бедерімен, табиғатымен байланыстырылады.

Бұл жаратылыс (Адам) топырақтан бастау алды. Сосын ол сумен араластырылып, лайға айналды. Сондықтан Құранның кейбір аяттарында Адамды топырақтан, ал кейбірінде балшықтан (саздан) жаратылды делінген:

 «Сол уақытта Раббың періштелерге: «Мен балшықтан бір адам жаратамын»,- деген-ді».

Топырақ суға шыланды, сосын ол онымен араласа келе бір-біріне жабыса бастады. Алла Тағала: «Оларды (Адам баласы) жабысқақ балшықтан жараттық», - дейді.

Алла Тағалаоны мүсін тәрізді бейнеледі. Сол балшық мүсін біраз уақыт тұрып кепті. Сөйтіп, ол қыш құмыра секілді бейнелі кепкен қара балшыққа айналды. Алла Тағала:

«Расында, адамды кепкен қара лайдан жараттық»

«Ібіліс (сәжде қылудан бас тартып): «Балшықтан жаратқаныңа сәжде қыламын ба?» - деді»;

«Ол адамзатты сыңғырлаған кепкен балшықттан жаратты», - деген.

Демек, бұдан Адам жаратылысының негізі болған топырақ түрлі кезеңдерден өткендігін білеміз. Мұның және бір дәлелі – Алла Тағаланың: «Біз сендерді жараттық, одан кейін тұлғасын сомдадық» деген сөзі.

Бұл мүсіннің жаратылған кездегі түр-тұлғасын сипаттап, Алла елшісінің (с.ғ.с): «Алла Адамды ұзындығын алпыс кез етіп жаратты... адамдар сол уақыттан бастап қысқара берді», - дегенін Әбу һурайра (Алла оған разы болсын) риуаят еткен.

Бір хадисте: «Адамның бойы алпыс кез, ал ені жеті кез», - деп сипаттаған.

Адамға жан бітуден бұрын періштелер оны мүсін қалпында көріп үрейленеді. Ең қатты үрейленген Ібіліс болды. Ол қасына келіп оны ұратын, сонда мүсін жаңғырған дыбыс шығаратын. Мүсіннің іші бос, қуыс екенін көрген Ібіліс оның өз-өзіне ие бола алмайтынын, әлсіздігін білді. Ібіліс оған: «Сен нендей іс үшін жаратылдың?» - дейтін еді. Сосын ол оның аузынан кіріп, артынан шықты. Сонан кейін ол періштелерге: «Қорықпаңдар бұдан. Егер мені одан үстем қылса, оның көзін жоямын. Ал егер оны менен үстем қылса, қарсы шығамын», - деді. Сөйтіп, Ібілісте әуелден-ақ Адамға дұшпандық пайда болды.

Әнәс ибн Мәликтен (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбар (с.ғ.с): «Алла Тағала Адамды жаратқан кезде оны біршама сол күйінде Өзі қалаған мерзімге дейін қалдырды. Сөйтіп, Ібіліс оны айнала бастады. Оның кәуек екенін көріп, әлсіз екенін білді», - деген.

 «Пайғамбарлар қиссасы» кітабынан

Бөлісу: