25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Амалдың Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетіне сәйкес келуі

Амалдың Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетіне сәйкес келуі

Пайғамбарлар (ғ.с.) тарихы

Бұл – тек дұғаның ғана емес, ғибадат түрлерінің барлығының да шарты. Өйткені Алла Тағала: «(Мұхаммед! Оларға): «Шынында мен де сендер сияқты адаммын. Маған Тәңірлерің бір-ақ Тәңір екендігі туралы уахи етілді. Ендеше кім Раббысына жолығуды үміт етсе, ізгі амал жасасын және Раббысына істеген құлшылығына ешкімді ортақ етпесін» де», – деген.

Ал ізгі амал дегеніміз – Алла Тағаланың шариғатына сай келіп, Алла үшін жасалынған амал. Сондықтан да дұға мен амал шынайы түрде Алла үшін және Оның елшісінің (с.ғ.с.) сүннетіне сай болуы тиіс. Сондықтан да Фудайл ибн Ғийад Алла Тағаланың: «Бүкіл билік Өз қолында болған Алла Берекелі және ол әр нәрсеге Құдіретті. Ол сондай амал жағынан қайсыларың жақсы екенін сынау үшін өлім мен тіршілікті жаратқан (Алла)», – деген аятын: «Ізгі амал – істердің ең ықыластысы және ең дұрысы», – деп түсіндірген.

Адамдар: «Уа, Әбу Әли! Ал істердің ең ықыластысы және ең дұрысы дегеніміз не?» – деп сұрағанда, ол: «Егер амал ықыласты болып, бірақ дұрыс болмаса қабыл емес. Тіпті дұрыс болғанмен ықыласты болмаса да қабыл емес. Ықыласты әрі дұрыс болғанда ғана қабыл болады. Ықыласты дегенім – Алла үшін болуы, ал дұрыс дегенім – Пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннетіне сай болуы», – деп: «(Мұхаммед! Оларға): «Шынында мен де сендер сияқты адаммын. Маған Тәңірлерің бір-ақ Тәңір екендігі туралы уахи етілді. Ендеше кім Раббысына жолығуды үміт етсе, ізгі амал жасасын және Раббысына істеген құлшылығына ешкімді ортақ етпесін» де», – деген аятты оқыған. Алла Тағала: «Жүзін Аллаға тапсырып, жақсылық істеп, Ибраһимнің бірқұдайлық дініне ерген адамнан кімнің діні артық бола алады?! Алла Ибраһимді дос тұтқан»; «Кім жүзін Аллаға тапсырып, игілік істесе, расында ол берік тұтқаны ұстаған болады. Бүкіл істердің соңы Аллаға тән», – деген.

Жүзді тапсырудың мағынасы: шынайы ықылас, дұға, амалдың барлығын бір Аллаға арнау. Ал одан кейінгі жақсылық істеу дегеніміз – Алланың елшісіне (с.ғ.с.) және оның сүннетіне еру. Әрбір мұсылман өз амалдарында Алла Тағаланың төмендегі аяттарын басшылыққа ала отырып, Пайғамбарға (с.ғ.с.) ілесуге міндетті. Алла Тағала: «Расында сендер үшін, Аллаға және Ақырет күніне үміт еткендер мен Алланы көп еске алғандар үшін Алланың елшісінде көркем өнеге бар»; «(Мұхаммед! Оларға): «Егер Алланы сүйсеңдер маған ілесіңдер, сонда Алла да сендерді жақсы көріп, күнәларыңды жарылқайды. Өйткені Алла Кешіруші, Рақымды», – де»; «Оған еріңдер, әрине тура жол табасыңдар; «Аллаға бойсұныңдар және елшіге бойсұныңдар», – де. Егер бет бұрсаңдар, ол өзіне жүктелгенге, сендер өздерің жүктелгенге жауап бересіңдер. Ал егер оған бойсұнсаңдар тура жолда боласыңдар. Елшіге айқын жеткізу ғана жүктелген», – деп айтқан. Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) шариғатына сәйкес келмеген іс-амалдың дұрыс болмайтындығына шәк жоқ. Айша (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (с.ғ.с.): «Кімде-кім біздің бұл ісімізге (шариғатымызға) қатысы болмаған амалды жасаса, онысы қабыл етілмейді», – деді», – деген. Басқа риуаятта: «Кім біздің ісімізге сәйкес келмейтін амал жасаса, онысы кері қағылады», – делінген.

Үшінші шарт: Алла Тағалаға берік сенім және дұғаның қабыл болуына анық илану (яқин). Дұғаның қабыл болуының ең үлкен шарттарының бірі – Алла Тағалаға, Оның әрбір нәрсеге күші жететіндігіне, «бол» дегенінің болатындығына нық сеніммен қарау. Алла Тағала: «Біз бір нәрсенің болуын қалағанда оған тек «бол» деп айтсақ, ол бола қалады; «Шын мәнінде Ол бір істің болуын қаласа, Оның бұйрығы оған «бол» деу, сонда ол бола қалады», – деген.

Барлық игіліктер мен берекеттердің Алла Тағаланың иелігінде екендігін білуі де мұсылманның Раббысына деген сенімін күшейтіп, арттыра түседі. Алла Тағала: «Қазыналары Өзімізде болмаған ешбір нәрсе жоқ. Біз оны белгілі мөлшерде ғана түсіреміз», – деп айтқан. Әбу Зәрр (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) риуаят еткен қудси хадисте Алла Тағала: «Ей, құлдарым! Сендер алдыңғыларың мен соңғыларың болып, адамзат пен жының болып, бір жерге жиналып, Менен сұрасаңдар, сосын әрбір адамға сұрағанын берсем де, одан Менің жанымдағы қазынам кеміп қалмайды. Бар болғаны инені теңізге батырып алған сияқты ғана болады», – деген.

Бұл хадис Алла Тағаланың құдірет-күшінің, патшалығының қаншалықты шексіз екендігін білдіреді. Ол қанша таратса да, адамдар мен жындардың алдыңғы өтіп кеткендері мен соңғыларына бір жерде, бір сәтте үлестірсе де, патшалығы мен қазыналары қорының еш кемімейтіндігін көрсетеді. Сондықтан да Алла елшісі (с.ғ.с.): «Алланың қолы жомарт, оны сақи жомарттың күні-түні садақа таратуы да кеміте алмайды. Аспан мен жердің жаратылғанынан бері қаншама таратқанын білесіңдер ме? Солай болса да Оның қолындағысы еш кеміген жоқ. Оның аршысы судың үстінде болды. Ал Оның қолында бірде жоғарылап, бірде төмен түсетін таразысы бар еді», – деген. Осыны ұғынған мұсылман пенде дұғасының қабыл болатынына нық сеніммен Аллаға тілек қылуы тиіс. Оған жоғарыдағы хадистер және келесі хадисі дәлел. Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Пайғамбар (с.ғ.с.): «Аллаға дұғаларыңның қабыл болатынына нық сеніммен дұға қылыңдар», – деді», – деген.

Алла елшісі (с.ғ.с.) дұғаның шарттарын орындап, әдептеріне сай амал етіп, кедергілерінен аулақ болған мұсылманның дұғасын Алла Тағаланың қабыл ететіндігін баяндап: «Қандай да бір мұсылман Аллаға дұға жасап, ол дұғасында күнә, туыстық байланысты үзу болмаса, Алла оған үш нәрсенің біреуін береді: не оның тілегі орындалады, не Ақыретіне сақталады немесе одан сондай бір жамандықты қайтарады», – деп айтқан.

материал «Дұға – құлшылық өзегі» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: