25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Мұса мен Харун пайғамбар (а.с.) – 2

Мұса мен Харун пайғамбар (а.с.) – 2

Пайғамбарлар (ғ.с.) тарихы

Дінді қоғамға немесе жеке тұлғаға уағыздау барысында сыпайы да, көркем тілмен жеткізу қажет. Бұл тәблиғ, яғни дінді жеткізудің негізгі қағидасы. Егер бір қоғамда дінді насихаттаушылар Хақ Тағаланың осы жарлығы мен белгілеген ережесі арқылы елді дінге шақырмай, керісінше, дөрекі түрде, қатты-қатты батырып айтатын болса, онда олар сол міндетті орындамақ тұрмақ елді діннен бездіруі де кәдік. Атам қазақтың «Жылы-жылы сөйлесе, жылан іннен шығады, қатты-қатты сөйлесе мұсылман діннен шығады» деген мақалы осыдан қалса керек.

Хақ Тағала хазірет Мұсаға Харунға қатысты «тілегің қабыл болды» деген сәтте, Харунға уахи келіп, ол да пайғамбар болған еді. Олар Мысырда жолықты. Екеуара залым перғауынға ақиқатты айтар күнге сақадай сай болса да, «Не болар екен?» деген уайымдары жоқ емес-тұғын. Олар Алла Тағалаға: «Раббымыз! Оның өктемдік қылуынан яки шектен шығуынан қорқамыз», – деп дұға етеді. Хақ Тағала: «Қорықпаңдар! Сендермен біргемін. Естимін, көремін. Екеуің барып: «Біз Раббыңның саған жіберген елшісіміз; ал енді Исрайыл ұрпақтарын бізбен бірге жібер. Енді оларды қинама, саған Раббыңның мұғжизасымен келдік. Есендік тура жолдағыларға болсын. Бізді жоққа шығарып, бет бұрғандарға азап болатындығы уахи етілді», – деңдер»[1], – дейді. Бұл іс тіпті пайғамбар үшін де оңайға соқпайтын еді. Өйткені алдарында бір елдің өзін «құдай» санап айдаһардай ақырған залым перғауын бар. Оның сарайына аяқ астынан барып, дінге шақыру, өз басын бәйгеге тігу деген сөз. Оның үстіне перғауынға адам өлтіру, әсіресе, исрайылдық бір дұшпанын өлтіру түкке тұрғысыз еді. Әрі көп жылдан бері өлтіргісі кеп, қуғындап ұстай алмай жүрген адамы осы Мұса болатын. Әйтсе де хазірет Мұса мен Харунның қорыққаны өлім емес, өздеріне берілген ауыр аманат еді. Пайғамбарлардың қорқып уайымдайтын бір-ақ нәрсесі бар. Ол – пайғамбарлық міндет. Егер олар табан астынан ажал құшса, өз міндетін толық орындай алмайтын еді. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (саллаллаһу ғаләйһи уә сәлләм): «Қоштасу қажылығында» үмбетіне: «Сендерге пайғамбарлық міндетімді толық орындап, дінді қалтқысыз жеткіздім бе?» – деп үш рет сұрауы осының белгісі.

Бірақ әр қандай пайғамбар әсте міндетін толық орындап болмай, бұл өмірден көшпейді. Өз уазипасын іске асыру жолында, аспан төңкеріліп, жер жарылса да, оған титтей кедергі келтіре алмайды. Өйткені кепілдікті «Қорықпаңдар! Сендермен біргемін. Естимін, көремін» деп Хақ Тағала береді. Хазірет Мұса бауыры Харунмен бірге перғауынның сарайына барып оны хақ дінге шақырып, туралықты насихаттады. Ол перғауынға сыпайы тілмен сөйлеген соң, перғауын да оған ашу шақырмай әңгімелесе бастап: «Ей, Мұса! Саған не болған? Кеше ғана сарайда өскен бала едің. Бүгін келіп маған ақыл айтып тұрсың ба? Біз сені құндақтағы сәби кезіңде сандықпен бірге ағып бара жатқан жеріңнен тауып алып, осы сарайда өсірген жоқ па едік? Сен осы жердің суын ішіп, нанын жеген жоқсың ба? Енді келіп бәрін жоққа шығарып тұрсың. Ол аз болғандай менің халқымнан бір адамды өлтіріп, қашып кеткен жерің тағы бар», – деп сұрақ жаудыра бастайды. Хазірет Мұса да оның сөздерін асықпай тыңдап: «Мен ол кісіні қасақана өлтірген жоқпын. Бар-жоғы біреуді өлтіргелі жатқанда, араша түсіп, пейілінен қайтпаған соң, әрі кетсін деп жұдырықпен түйгенім ғана. Ал, қашқанымды сұрайтын болсаң, мені шақырып істің мәніне бармай сыртымнан өлім жазасына бұйырғандарыңды естіген соң амалсыз қаладан кетуіме тура келді. Одан кейін маған Раббым ілім мен хикмет дарытумен бірге пайғамбарлық міндетін жүктеді. Мен осы уазипамды орындау мақсатымен сенің алдыңа келіп тұрмын. Менің міндетім дінді жеткізу ғана. Арғы жағы өз ықтиярыңда. Әй, Перғауын! Сен мені сарайда өсіріп, тәрбиеледік дейсің. Сен өзің исрайыл халқын жапа шектіріп, ауыр жұмысқа салып, ерлерін құл, әйелдерін күң қылдың. Ол аз болғандай жаңа туған сәбилерді жаппай қырғыздың. Сондықтан Хақ Тағаланың жәрдемі мен хикметінің арқасында сарайда өстім. Болмаса, сенің сарайыңда менің нендей шаруам бар? Ата-анам мені тәрбиелеуде қауқарсыз қалды деймісің? Сенің зұлымдығың болмағанда, анам өз баласын суға ағызып, сарайыңда өсіруге ризалық танытар ма еді? Сенің сарайыңдағы ішкен суым да, жеген наным да сол жерге исрайылдықтардың аққан қара терімен, ауыр бейнетімен келген жоқ па? Бір жағынан халқымды қанап, адам айтқысыз зұлымдық жасайсың, бір жағынан «мен сені сарайда тәрбиеледім» дейсің», – деп уәж қайтарды. Перғауын: «Әлемдердің Раббы дегенің немене?» – деді. Хазірет Мұса: «Егер анық білетін болсаңдар, Ол – жер мен көктің әрі олардың арасындағылардың Раббы», – деді. Бұл жауапқа Перғауынның айтар дауы болмады. Бірақ әйтеуір бір нәрсе айтып қалайын деген ниетпен: «Мынауың не деп сандырақтап отыр? Мен не деймін, бұл не дейді? Естідіңдер ме?», – деп келемждеп күліп, сөзді басқа арнаға бұрғысы келді. Бірақ хазірет Мұса сөз тізгінін босаңсытпай: «Ол – сендердің де Раббыларың, бұрынғы ата-бабаларыңның да Раббы», – деді. Хазірет Мұса осы сөзімен сарайдағы өздерін «құдаймыз», «құдай отбасымыз» деп жүргендерге «бұрынғы ата-бабаларың «құдай» болса қайда кетті? Олар да, сендер де топырақтан шығып, қайта сол топыраққа ораласыңдар. Жоқтан бар болған ешқашан тәңір бола алмайды дегенді меңзейді. Уәжге жығыла берген перғауын амалсыз ашу шақырып: «Пайғамбардың түріне қараңдар! Аузынан шыққан әр сөзі – жынды адамның сөзі. Сұрағыма жауап берудің орнына айдалаға лағуда», – деп өзінше сөзбен жеңген болды. Хазірет Мұса оның сөзін елең құрлы көрмей, әрі қарай: «Ей, перғауын! Әлемдердің Раббы – Хақ Тағала шығыстың да, батыстың да һәм оның арасындағылардың да Раббысы», – дейді. Ол осы сөздерімен Хақ Тағаланың ғаламзаттың Раббысы екендігін айту арқылы перғауынның пенделігіне ишарат етті. Перғауын сонда: «Абыройыммен ант етейін! Егер сен менен өзгені тәңір етіп алсаң, әрине, сені зынданға тастаймын»[2], – деп қорқытты. Хазірет Мұса: «Егер саған пайғамбар екендігім туралы айқын дәлелдер көрсетсем не дейсің? Сонда да осы пікіріңнен танбайсың ба?» – дейді. Перғауын іштей оның дәлел көрсететіне сенбеді. Өзі де сарайдың уәзірлері мен ақсүйектері алдында хазірет Мұсадан жеңіліп нақты жауап бере алмай отыр еді. Осы арқылы жеңіп кетемін деп ойлап: «Ал қане, көрейік, сөзің рас болса. Қандай дәлел, қандай мұғжизаң бар еді?» – дейді.

Сол кезде Мұса пайғамбар қолындағы аса таяғын жерге тастап жібергенде, ол сол заматта үлкен жыланға айналып шыға келеді. Түрі сұп-суық жылан бір орнында тұрмай ирелеңдеп оңды-солды қозғалып ысылдап тұрды. Мынадай түсі суық жыланды бұрын-соңды көрмеген сарайдағылар қорыққандарынан тұрған жерлерінде жүректері жарылып кете жаздады. Хазірет Мұса осыдан кейін қолын қойнына тығып қайта суырып еді, қолы нұр болып жарқырап айналаға сәулесін шашты. Іштей өзіне сенімді болып отырған перғауын мына мұғжизаларды көргенде, аузына құм құйылып, біразға дейін «ләм-мим» деместен, үнсіз отырып қалды. Оның үстіне әлгі жыланның от болып жанған көздері көз алдынан кетер емес. Ол тағынан түсе қалса, шағып алатындай көрініп, денесі мұздап сала берді. Бірақ өз абыройын сақтап қалу үшін, дереу есін жиып, айналасына қарап: «Беу, шіркін десеңші! Мынау барып тұрған сиқыршы ғой. Бәсе, манадан бері мұны сөйлетіп тұрған қандай күш, несіне бәлсініп тұр десем, жат жерде жүріп түрлі сиқырлық пен көзбояушылықты үйреніп келіп, сол арқылы біздің басымызды айналдырып, мына туған жерімізден қуып шыққалы қамданып жүрген кешегі қашқын Мұса екен ғой! Бұлардың сыры белгілі болды. Ендеше, бұл екеуін дереу өлтірген дұрыс па, әлде өзгелерге сабақ болу үшін басқаша жаза қолданғанымыз дұрыс па екен? Ал, қане, қандай пікірлерің бар?» дейді. Перғауынның ең жақын адамдары оған: «Мұны өлтіру де, басқаша жазалау да бізге пәлендей пайда бере қоймайды. Ел-жұрт «шамасы келмеген соң өлтіре салыпты» деп шулайды. Ал бұл біздің абыройымызға дақ келтіреді. Ең дұрысы, бұл екеуін күллі халықтың алдына шығарып, сол жерде масқаралайық. Шартарапқа шабармандарыңды жіберіп, алаңға ең мықты сиқыршыларды жина. Сосын бұл екеуі әлгі өнерін сол жерде көрсетсін. Біздің сиқыршылар да сиқырын көрсетіп, бұларды ел алдында жеңсін» дегенді айтты. Перғауынға да бұл ой қатты ұнап, ең мықты сиқыршыларды жинатты. Хазірет Мұсаға осыны айтып еді, ол қуана келісті. Тіпті ол: «Кездесетін мезгіл дәлел көп жиналатын мереке күнінің сәске кезі болсын», – дейді. Хазірет Мұсаның бұл сөзінен ең маңызды екі нәрсені білуге болады. Бірі – мереке уақыты. Мереке күні халық бос болғандықтан, алаңға тайлы-таяғымен жиналады. Жасы да, жасамысы да қызық көру үшін келеді. Екіншісі – сәске кезі. Бұл кез – халықтың ұйқыдан тұрып, сәресін ішіп сергек те тоқ болып тұрған шағы. Басқа уақытта орын алса, Хақ пайғамбардың мұғжизаларын «күн қатты ысып нақтап көре алмай қалдым» яки «күн батысқа еңкейген шақта сол көрінген нұр ма әлде күннің сәулесі ме еді? Оның үстіне малдың өрістен қайтқан шағы емес пе, көзім мұнда болғанмен, көңілім алаң болып тұрған» дегендей күмәндар кездесуі әбден мүмкін еді. Сол күні халық көп жиналды. Онсыз да сарайда көрсетілген мұғжизалар ел ішіне аңыз боп тарап кеткендіктен, көруге құмартушылар көп еді. Сиқыршылар перғауыннан «Егер біз жеңсек, бізге қандай сыйлық бересің?» – деп сұрап еді, перғауын: «Менің ең жақын адамыма айналасыңдар. Сендерге осы елдегі ең жоғарғы лауазымды беремін», – деп уәде берді. Аналар көңілдері көтеріліп, перғауын үшін аянбай тер төгуге тырысты. Алаңда сиқыршылар бір жақта хазірет Мұса жалғыз өзі бір жақта тұрды. Олар Мұса пайғамбардан «Кім бірінші бастайды?» деп сұрап еді ол, «Алдымен сендер бастаңдар» деп жауап қайтарды. «Сонда олар арқандары мен таяқтарын тастап: «Перғауынның ұлылығының арқасында біз жеңіске жетеміз» десті. Олардың тастаған арқандары мен таяқтары алаңда жылан болып көрініп, ирелеңдеп ысылдай бастады. Сол жерге жиналған елдің бәрі оларды жылан деп ойлап таңырқай қарасты. Хазірет Мұсаның көңіліне осы сәтте қобалжу пайда болды. Хақ Тағаладан оған: «Қорықпа! Сен үстем боласың» деген уахи келді. Яғни «Ей, Мұса! Көңілің қобалжып, қорқушы болма! Өйткені олардың жылан деп көрсеткендері жылан емес, жалған көз бояушылық қана. Ал сенің жыланың – ақиқат. Жалғанды қашан да ақиқат жеңеді. Олар сиқыршы, ал, сен пайғамбарсың». Хазірет Мұса осы уахидан соң көңілінің абыржығаны басылып, қолындағы аса таяғын тастап жіберді. Сонда ол шынайы әбжыланға айналып сиқыршылардың жыландарын әп сәтте бір-бірлеп жұтып бітірді де, Мұса пайғамбарға жақындап келіп аса таяққа айналып шыға келді. Перғауынның әзірлеген сиқыршылары осал емес еді. Сол заманда Мысыр елінде сиқырлық кең тараған еді. Ал, алаңға шыққан сиқыршылар солардың сорпа бетіне шығар ең таңдаулысы еді. Алайда олар жылан етіп көрсеткен арқандары мен таяқтарын кәдімгі әбжыланның біртіндеп жұтып жатқандарын көріп жағаларын ұстады. Халық білмесе де олар аса таяқтың кәдуілгі тірі жыланға айналғанын айқын біліп, хазірет Мұсаның сиқыршы емес, пайғамбар екендігіне көздері анық жетті. Өйткені өздері бұрын-соңды мұндай мұғжизаны көрмеген. Хазірет Мұса алаңға шықпас бұрын жолығып, бұларға хақ діннің ақиқатын тереңдеп айтып жеткізген еді. Әйтсе де бұлар оның сөздеріне көңіл қоймаған. Ал, қазір олар Мұса пайғамбардың айтқан сөздерін қайта еске түсірді. Осы күнге дейін жалғанды насихаттап келген еді. Әне сол жалғанын ақиқат жоққа шығарып, өздері шоқиып отырып қалды. Осы күнге дейін халықты да, өздерін де көзбояушылықпен алдап күн көріп келгендеріне қатты пұшайман хал кешті.

Осылай ойлаған олар бір сәт бір-бірлеріне қарап тұрып қалды. Бір кезде естерін жиған олар жамағат жаппай сәждеге жығылды да, бірауыздан: «Мұса мен Харунның Раббына иман келтірдік!» – деп айқай салды. Жиналған халық бір жыланның көп жыланды жұтып қойғанын көріп, абдырап тұрған болатын. Олар алаңда тұрған сиқыршылардың сәждеге жығылып, Хақ Тағалаға иман келтіргенін көргенде, Мұса пайғамбардың жыланы ақиқат жылан екенін ұғып, өзара таңдай қағысып, бір-бірлерімен күбірлесе бастады. Осы ғажайып көрініс олардың жадыларынан кетпей тіпті ұрпақтан ұрпаққа дастан болып жалғасатыны һәм сол бір көрініс бұлардың да иманға келуіне әсер ететіні айқын еді. Жеңетініне көзі анық жетіп отырған перғауын өзі таңдаған сиқыршылардың жария айқайлап иман келтіргенін көргенде, отырған тағында күйіп кете жаздады. Сосын қулығын асыра түсіп: «Сендер менің рұқсатымсыз қалайша дәттерің барып Мұсаға иман келтіресіңдер? Ендеше кім екендіктерің белгілі болды. Мына Мұсаны сендер ұстаз тұтасыңдар ма? Осы сәтке дейін осыны жасырып келген екенсіңдер ғой. Олай болса сендердің көздеріңе көк шыбын үймелетіп, көресіні  көрсетемін. Әлі-ақ «өлтірші» деп жалынатын боласыңдар өңкей шірік неме!» деп ашуға булықты. Оның бұл қоқан-лоқысын сиқыршылар қаперіне де алмады. Жаңа ғана өзін құдай санап жүрген адамы дәл қазір көздеріне қауқарсыз, бейшара болып елестеді. Хазірет Мұсаның ақиқаты оның жалған сенімінің күлін көкке ұшырды.

Олар: «Ей, перғауын! Біз Мұса пайғамбардың туралығына және бізді жоқтан бар еткен Раббымызға бұлтартпас сенім келтірдік. Сенің де жалған тәңір екендігің айқындалды. Сен қолыңнан келген өнеріңді бізден аяма. Бұлай өлтіргенімде ғой деп, өкініп қалып жүрме. Сен біздің қолымыздан көп болса дүниелік өмірімізді ғана аларсың. Ал, ақырет ғұмыр, ондағы мәңгілік бақыт бізге жетеді. Раббымыз біздің осы күнге дейінгі жасаған күнәларымызды кешіреді деп үміт етеміз. Мұса пайғамбарға алғашқылардың бірі болып иман келтіргенімізді мақтан тұтамыз!» – деп жауап берді. Сиқыршылардың иман келтіруі айта жүретін ерекше оқиға болды.

Олар хазірет Мұсаның бір мұғжизасын көрісімен, бірден иман келтірді. Тіпті олардың имандары «ихсан», яғни әулиелік деңгейдегі ең терең иман. Олар бір сәтте ең төменгі шыңыраудан «яқин» иманға бір-ақ шыққан. Хазірет Мұса кейіннен өз еліне түрлі мұғжиза көрсетсе де, олардың имандары әлгі сиқыршылардың дәрежесіне жете алмаған. Егер олар тірі болғанда, хазірет Мұсаның ең жанашырлары, сахабалардай сенімді серіктері болар еді. Олардың имандарының күштілігінен жер жарылып, тау теңселер еді. Олар хазірет Мұсаның жолында құрбан болуға әрдайым әзір болатын, тіпті Қызыл теңіздің өзін кешіп өтуден де тайсалмас еді. «Тиһ» шөлінде ғажайып құстың етін емес, бір түйір дәнге зар болып, ала бұтаны кеміріп жүрсе де, асатаяқтан аққан кәусар бұлақтың суын емес, кенезесі кеуіп, лай суға зар болса да, Пайғамбарымен кешкен әрбір күнін жаннаттың рахатын бірге көргендей сезінер еді. Бұл да өз алдына зерттелер жеке тақырып. Перғауын осы оқиғадан кейін исрайылдықтарға деген қатігездігін тіпті күшейте түсті. Көп жылдар бұрын көрген түсіндегі адамның осы Мұса пайғамбар екендігіне көз жеткізді. Хазірет Мұсаның мұғжизасын көрген халықтың біразы иман келтіргенмен, көпшілігі перғауын мен шонжарлардың қаһарынан қорқып иман келтірмеді. Хазірет Мұса халқына: «Ей, елім! Егер Аллаға иман келтірсеңдер, сондай-ақ мұсылман болсаңдар, онда Аллаға тәуекел қылыңдар», – деді. Олар да: «Біз Аллаға тәуекел қылдық. Раббымыз, бізді залым елмен сынама», – деді». Сондай-ақ бізге рақым етіп кәпір елден құтқара гөр»[3], – деп дұға етті.

Хазірет Мұса бұдан кейін Хақтың әмірімен үйлер салып, сол үйлерде намаз оқып, уағыз-насихат жүргізіп, халықты дінге шақырды. Бұл үйлер мешіт болмағанмен, мешіт пен медресенің қызметін атқарды. Қала халқы сол үйлерге бірден, екіден шақырылып, хақ дінді үйренді. Көп ұзамай қалада намаз оқитын үйлер біртіндеп көбейіп, мұсылмандардың саны барған сайын арта түсті. Перғауын хазірет Мұсаның бұл іс-әрекеттерін әр түрлі жолдармен қадағалап отырды. Ол әліптің артын бағып, хазірет Мұса мен оған иман келтіргендерді жою жоспарларын жасап жатты. Оның үстіне «бұларды тоқтатпасақ көп ұзамай бізді қаладан қуып шығады» деп, ойлаған қаланың шонжарлары қайта-қайта келіп, бұлардың мазасын ала берді. Әйтсе де қала халқының арасында ғана емес сарайда да жасырын мұсылмандар бар еді. Солардың бірі – перғауынның немере ағасы Хаман болатын. Ол хазірет Мұсаға қарсы ұйымдастырылған жоспарлардың көпшілігін бұзып, мұсылмандарға істеген зұлымдығын тежеп отырды. Ол сондай-ақ сарай ішінде перғауынға да, өзгелерге де: «Бұл адамның айтқаны өтірік болып шықса, бізге ешбір зияны тимейді. Ал, егер рас болып шықса, онда біздің құрығанымыз. Көне халықтар ұшыраған апат біздің де басымызға келері айдан анық. Бір кездері осы елге пайғамбар болып келген Жүсіп те тура осыған ұқсас сөздер айтқан жоқ па еді?», – деп солардың арасында жүріп имандылыққа шақырды[4]. Бір күні осыған қатты ашуланған перғауын уәзірі Хаманды шақыртып алып: «Ей, Хаман! Мен үшін балшыққа от жағып, кірпіш күйдіріп, көп кірпіштен бір мұнара жаса. Шамасы, соның үстіне шығып, Мұсаның тәңірін көрермін. Расында, мен оны өтірікші деп ойлаймын»[5],– дейді. Көптеген ғалымдар бұл мұнараның Мысырдағы пирамида болғандығын айтады. Перғауын сол Пирамиданың үстіне шығып, ғаламзаттың Жаратушысын көрмек болады.

Материал «Пайғамбарлар тарихы» кітабынан алынды.

Ummet.kz


[1] «Таха» сүресі, 45-49

[2] «Шұғара» сүресі, 23-29

[3] «Жүніс» сүресі, 84-86

[4] «Ғафыр» сүресі, 28-30

[5] «Қасас» сүресі, 38

Бөлісу: