Менен «Аллаға дұға етемін. Сонда да, осының бәрін Алла қалай өзгертпек?», - деп сұрайсың. Саған айтайын, сенің міндетің – тек дұға ету ғана.
Ал «қалай?» деу – сенің міндетің де, шаруаң да емес. Олай айту біздің өкілеттілігімізге жатпайды. «Қалай?» деу себептерге байланысты болады, ал себептердің бәрі Алланың қолында. Сосын Аллаға налушы болма!
Иә, кейде адамның жағдайы қиындап, тарығып қалады. Кейде өз-өзіне «мұғжиза бола қалса ғой!» деп сыбырлайды. Сол үшін де дұға тек мұғжизаны жасай алатын Аллаға ғана жасалады. Ол үшін әуелі сен өзіңнің әлсіз, құдірет-құзіретсіз екеніңді сезініп, жалғыз Алланың ғана күш-құдіретке ие екенін жан-тәніңмен сезінуің керек. Сосын өз-өзіңді ұмытарлық деңгейде дұға етесің. Аллаға шынайы беріліп дұға ет, міндетті түрде қабыл болады. «Жай ғана тәжірибе жасап көрейін» деп ойлап, дұғаға немқұрайлы қарама!
Әуелі ынта-шынтаңмен сен, сосын нәтижесін күт! Егер «нәтиже себептерге байланып тұр» деп ойласаң, Алла сені себептерге байлап қояды да, нәтижені содан күтіп жүресің. Ал, егер нәтиженің бәрі жалғыз Алланың қолында екендігін түсініп, сезінсең, ойыңа келмеген нәтижелерге қол жеткізесің.
Досым! Алланың дұғаны қабыл алуы жасырын жүреді. Сол үшін де қабыл болу процесін көруің – шарт емес.
Жүсіп пайғамбар зұлымдыққа душар боп зынданға тасталғанда Алла найзағай ойнатып, зындан қабырғасын құлатып, оны шығарып алуға шамасы жететін еді. Егер солай болғанда Жүсіпке жабылған жала адамдар арасында сол жала боп қала беретін еді. Бірақ Алла оның азаттыққа шығуымен қатар жаладан да құтылуын қалады. Бір түнде патшаға түс көрсетіп, Жүсіпке қажеттілік туындатты. Жүсіпті түсті жоруға шақырғанда, Жүсіп әуелі өзінің адалдығын жариялап, ақталуын талап етті. Себептерді ұстанбас бұрын осы жағдайларды есіңе ал! Кім арманның бір түнде бар жерді кезіп, барлығын өзгертіп жіберуіне сенеді?!
Досым! Барлық нәрсені Аллаға тапсыр да, мұғжизаттар жайлы ойла!
материал «Сенің қамқор ағаң» кітабынан алынды,
ummet.kz