Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы жуырда ғана Қазақстанның Мысыр Араб Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалған Асқар Жеңісұлымен кездесті.
Бас мүфти алдымен Асқар Жеңісұлын жаңа дипломатиялық қызметімен құттықтап, жұмысына сәттілік пен береке тіледі.
«Қазақстан мен Мысыр Араб Республикасы арасында тарихи, мәдени һәм рухани байланыс ертеден бар екені белгілі. Осы орайда жаңа қызметіңізге игілік тілей отыра, аталған екі ел арасындағы байланыстың одан ары дамуына сүбелі үлесіңізді қосуыңызға тілекшіміз. Діни басқарманың қазіргі таңда үш елде ресми өкілдігі бар. Соның бірі осы Мысыр мемлекетінде. Өйткені Мысырдың әйгілі әл-Азһар академиясы – діни білім саласындағы үлкен әріптесіміз. Осы ретте әл-Азһарда білім алып жатқан қазақ шәкірттеріне, Діни басқарманың ресми өкілдігіне өзіңіз қолдау танытсаңыз деген тілегіміз бар» деді ҚМДБ Төрағасы.
Өз кезегінде Асқар Жеңісұлы бұл жаңа қызметке тағайындалғаннан кейінгі алғашқы ресми кездесуі екенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ Наурызбай қажы Тағанұлын Діни басқарманың 35 жылдығымен және Бас мүфти лауазымына қайта сайлануымен құттықтап, мүфтият жұмысына береке тіледі.
\