25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбарға деген сүйіспеншілік

Ислам жұлдыздары

Алғашқы кезде мұсылмандар құлшылықтарын еркін орындау үшін хазірет Әрқамның үйіне құпия жиналатын. Оның үйі кіріп-шығуға қолайлы, көзден таса, әрі сырттан келген-кеткендерді бақылауға оңтайлы еді. Күндердің бірінде осы үйге жиналған сахабалар Аллаһтың бірлігін мүшріктерге ашық түрде жария ету үшін Пайғамбарымыздан (с.а.с.) рұқсат сұрайды.

Араларында Әбу Бәкір де бар. Алайда Пайғамбарымыз оның уақыты әлі келмегендігін, ол үшін мұсылмандардың әлі аз екендігін айтып алғашында рұқсат бермегенді, бірақ Әбу Бәкірдің табандылық танытуынан кейін олардың айтқандарына көнеді. Барлығы жұптарын жазбай Қағбаға барады. Әбу Бәкір мүшріктерге қарап:

– Хақ һәм жалғыз Аллаһқа мадақ! Мәңгі бақыт – Аллаһқа иман ету. Оны мойындамай пұтқа табыну – өте жаман ғадет. Мағынасы жоқ жәһилия әдеттерін тастап, Аллаһ елшісінің шақыруына мойынсұныңыздар, – деді.

Мүшріктер алғашында толқыса да, тез арада естерін жинап, мұсылмандарға қарсы майдан ашты. Әбу Бәкірді жерге жатқызып алып, қолдарына түскен нәрсемен ұрып-соға бастады. Қаныпезер мүшрік Ұтба ибн Рәбиә табанында шегесі бар аяқ киімімен тепкілеп, оның нәзік бетін қан жоса қылды. Сол арада Әбу Бәкірдің туыстары көмекке келіп, оны өлім аузынын әзер алып қалды.

Өлімші халден есін жиған Әбу Бәкірдің ең алғашқы сұрағы: “Расулаллаһтан хабар бар ма?”, – болды. Есінің кіресілі-шығасылы жатқанын елемей, Пайғамбарымызды (с.а.с.) уайымдап, “Оған не болды?”, – деп сұрай берді. Анасының: “Балам, бір нәрсе ішіп- жейсің бе?”, – деген сұрағына: “Аллаһтың Елшісі қайда? Оның жағдайы нешік?”, – деп көңілі жай таппады. Анасы хабары жоқтығын айтқан кезде,: “Анашым, Хаттабқызы Үмму Жамилге барып, Расулаллаһтың жағдайының қандай екенін сұратыңызшы”, – деді. Расулаллаһтың жағдайының жақсы екендігін айтып келген хабарға да көңілі толмай, оның жағдайын өз көзімен көргісі келіп тағаты таусылды. Айнала біраз тынышталғаннан кейін қасындағылар Әбу Бәкірді қолтықтап, Әрқамның үйіне алып барады. Пайғамбарымызды (с.а.с.) өз көзімен көрген кезде: “Әке-шешем сенің жолыңда құрбан болсын, ей, Расулаллаһ!”,– деп ебіл-дебілі шығады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) оны құшақтады. Оның бұл халі Аллаһ елшісіне (с.а.с.) әсер етіп, көздерінен мөлдір жас моншақтай төгілді.

 

«Саңлақ сахабалар» кітабынан

Бөлісу: