Ғайбат тек сөзбен шектелмейді. Адам ым-ишарамен, көзінің қиығымен, қасымен белгі беріп те ғайбат етуі мүмкін. Айша (р.а.) анамыз: «Біздің үйге бір əйел келді. Əйел шығып кеткенде қолыммен оның бойы қысқа екенін көрсеттім. Сонда пайғамбар (с.ғ.с): «Əйелді ғайбаттадың», - деген еді», - дейді.
Ғайбат тек сөзбен ғана емес. Имам Ғазали айтпақшы іс-әрекетпен де ғайбат жасалады. Мұқату, кекету, соның бір қылықтарын мазақ етіп пародия салу – бұл да іспен жасалатын ғайбаттың бір түрі.
Əбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ғайбаттың не екенін білесіңдер ме?» деді. Адамдар: «Алла жəне Оның елшісі жақсырақ біледі», - деді. Пайғамбар (с.ғ.с): «Бауырың жайлы ол жақ тыр майтын тұсын сөз етуің», - деді. Біреу: «Менің айтқаным бауырымның бойында болса ше?», - деп еді, пайғамбар (с.ғ.с): «Егер оның бойында болса, оны ғайбаттағаның, ал болмаса, оған жала жапқаның» деді. Мəселен, арық немесе семіз десе, тегінде бай болмаған кедей деп айтса, ол тым қорқақ, өте тəкаппар мінезді, жұмысын нашар істейді десе, киімі тозған десе, үйі тозған, көлігі ескі десе – мұның барлығы да ғайбат.
материал «Ғайбат (Басқа бәле – тілден)» кітабынан алынды,
ummet.kz