Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мынадай керемет хадисі бар:
«Раббымыз айтады: Адам баласының тек оразадан басқа амалының барлығы өзі үшін. Ал, ораза – Мен үшін, оның сауабын Өзім беремін» (Бұхари, Муслим). Мұның мағынасы не болды екен? Сонда оразадан басқа намаз, зекет, қажылық Алла үшін ұсталмай ма? Бұған ғалымдар былай жауап беріпті. Байқасаңыз, адам баласы басқа адамға, патшаға, билік пен байлық иесіне құрмет ретінде бас иіп, тіпті кейбіреуі белін бүгіп, одан зорлары сәждеге жығылғандай басын жерге тигізіп жатады. Ол қазіргі кезде де бар. Тура бір намаздағыдай қимыл жасайды. Бірақ ниеті – басқаның көңілін табу. Дәл солай бір кісі басқа біреуге құрмет, сый ретінде ақша, байлығын беріп, көңілін аулап жатады. Тура бір зекет бергендей. Бірақ ниеті – кісінің көңілінен орын алу. Тура сол сияқты кейбір адамдар бір жерді не затты қасиет тұтып, оны сипап, шүберек байлап, айналып, табынғандай әрекет жасайды. Дәл бір қажылықта жүргендей. Бірақ ниеті – затқа құлдық ұру. Ал оразаның жөні бөлек.
Біреуге құрмет ретінде ауыз бекіте алмайсың. Біреуге барып: «Сен үшін ораза ұстап жүрмін» десең, ол өзін ешбір құрметті немесе қадірлі сезінбейді. «Айналайын, мен үшін жаныңды қинамай-ақ қой, аузыңды аша сал» деуі мүмкін. Ал оған басыңды иіп, тиын-тебен беріп, қолындағы қаламын «тәбәрік» деп жабысып алып қалсаң, оған «қой» демеуі мүмкін, себебі нәпсісіне жағады емес пе? Сол үшін ораза тек Алла үшін ұсталады. Тек Алла үшін, ол жерде адамның қатысы жоқ.
Бір жағынан оразада рия жоқ. Себебі сенің ауыз бекіткеніңді үйіңдегілер, жұмыстағы әріптестер, туыстар біледі. Сол үшін ауызашарға да шақырады. Сені біреу балағаттап жатса: «Мен оразамын» деп айта аласың. Одан оразаның сауабы түк кемімейді. Әрине, ешкім сұрамаса да «мен ауыз бекіткенмін» деп әлемге жар салудың жөні басқа. Ал садақа-зекет беріп жатсаң, рия кіріп кетуі өте оңай. Жеке өзің 200 тг мұқтажға садақа беріп жатып, танысыңды көріп қалсаң, «ұятты» деп 1000 тг беруің мүмкін. Сол сияқты түнде оқыған намазыңды күндіз айтқың кеп тұруы мүмкін. Қажылыққа барғанда түскен суретіңді әлеуметтік желіге жариялағың кеп тұрады.
Міне, сол үшін оразаның сауабын Алланың Өзі ғана береді. Мұсылманның алғашқы қуанышы – ауыз ашарда болса, екінші қуанышы – құдаймен жолыққанда. Бірінші қуанышты бәріміз сезінеміз, енді екінші қуанышқа аман жеткізсін.
материал «Терең ой» кітабынан алынды,
ummet.kz