Ей, нәпсім! Қамыңды жаса, өлім жақын қалды, ескертуші келді. Өлгеннен кейін сен үшін кім намаз оқиды, сен үшін кім ораза тұтады? Сен үшін кім жақсы амалдар жасайды?
Ей, нәпсім! Бұл дүниедегі санаулы күндеріңнің азы ғана қалды, сол аз күндеріңді бәсекеге тік. Егер өткен күндерің үшін қанша жыласаңда арзиды. Бірақ сен өткен күндердің үшін жылаудың орнына әлі сол ескі әніңе, ескі әдетіңе салынып күнәға батып жүрсің.
Ей, нәпсім! Барар жерің қабір, жамылатын көрпең топырақ, достарың құрт-құмырсқалар екенін, алдыңда үлкен азап күтіп тұрғанын білмейсің бе? Ей, Нәпсім! Өлім періштесі сен тұрған қаланың қақпасын қағып «пәленшенің жанын алмай кетпеймін» деп тұратынын білмейсің бе?
Ей, нәпсім! Біле білсең бақилық болғандардың ішінде Алланың азабына душар болғандар саған берілген осы күндердің бір күнін сатып алу мүмкіндігіне ие болса тірі кездерінде жинаған мал-мүлік дүниелерің барлығын беріп, сенің бір күніңді сатып алар еді. Бірақ сен олар армандап жатқан қанша күндерді босқа жіберіп жатырсың. Босқа жіберу былай тұрсын, күнәға толтырып өткізіп жатырсың.
Ей, нәпсім! Саған таңқаламын күнде жинаған ақшаңа, көбейген мал-мүлкіңе қуанасың, бірақ өміріңнің азайып бара жатқанына қайғырмайсың. Малмүлкің көбейгенмен өмірің азайып таусылып бара жатса ондай өмірден не хайыр? Не жақсылық?
Ей, нәпсім! Қияметтің сұрағына жауабыңды дайында және жауабың дұрыс болсын! Қалған аз күндеріңде ұзақ күндер үшін амал ет. Мәңгілік дүние үшін бұл жалғанда амал ет. Бұл қайғы-қасірет, қиындыққа толы дүниеде мәңгілік рахат, мәңгілік ләззат болатын дүние үшін әрекет ет.
материал «Ей, нәпсім!» кітабынан алынды,
ummet.kz