13
Бейсенбі,
Наурыз

һижри

Рамазан айындағы кешірім сұраудың уақыты

Рамазан айындағы кешірім сұраудың уақыты

Ораза

Рамазан айы – Алла Тағаланың құлдарына кешірімін, мейірімін және де сый-сияпатын молынан жаудырған ай. Көзімізді ашып-жұмғанша бұл берекелі айдың ортанғы он күніне де аяқ басып үлгердік.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзінің хадисінде: «Рамазан айының әуелгі бөлігі – мейірімділік, ортасы – кешірім, соңы тозақтан босату» (Ибн Хузайма, Байһақи) – дейді.

Осылайша сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жалпы Рамазан айының, оның ішінде оның ортаңғы он күнінің кешірім уақыты екенін айтып сүйіншілеуде. Бұл жайында Пайғамбар (с.ғ.с): «Кімде-кім Рамазан айында шынайы иманмен әрі оның сауабынан үміт еткен күйде ораза ұстаса, оның бұрынғы күнәлары кешіріледі» (Бұхари, Муслим) – дейді.

Пайғамбар (с.ғ.с) осылайша иманымызды шыңдау мен ең үлкен екінші парызды орындай отырып осы қасиетті айды барынша оңтайлы пайдаланып Алланың кешіріміне қол жеткізуімізге шақыруда. Бұл ай – ораза айы. Ендеше, Алланың кешіріміне жетелер бірден-бір жол – осы оразаны барынша кемел орындап, оның қайтарымын бір Алладан ғана күту.

Сол сияқты, Рамазан айының парыздарынан тыс түнгі уақытта оқылатын тарауих, тахажжуд намаздарын оқу, истиғфар жасау, Құран оқып, дұға тілеу және тағы басқа салиқалы амалдар жасаған жөн. Себебі, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «Кімде-кім Рамазан айында шынайы иманмен әрі оның сауабынан үміт еткен күйде ораза ұстаса, оның бұрынғы күнәлары кешіріледі» деген өсиетін ұмытпауымыз керек.

Сонымен қатар, бұл айда Алланың мейіріміне қол жеткізетін тағы бір маңызды нәрсе ол – түннің соңғы үштен бірінде, сәресінің уақытында кешірім сұрау. Бұл уақытта жасалған истиғфар – тамаша истиғфар. Себебі, Алла Тағала «Зарият» сүресінде тақуалардың сипаттарын атай келе: «Олар таң сәрілерде кешірім тілейді» («Зарият» сүресі, 18-аят) – дейді, ал «Әли Имран» сүресінде: «Және таң сәріден кешірім тілеушілер» («Әли Имран» сүресі, 17-аят) – деген. Міне, бұл уақытта Алла Тағаладан кешірім сұраудың қаншалықты қымбат екенін осыдан байқауға болады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл уақыттың ерекшелігіне тоқталып: «Расында, Алла Тағала әр кеште түннің соңғы үштен бірі қалғанда дүние аспанына түсіп, таң атқанша: «Тәубе етуші бар ма, оған тәубе етейін, кешірім сұраушы бар ма, оған кешірім жасайын, сұраушы бар ма, сұрағанын берейін?!» (Бұхари, Муслим) – дейтінін айтады.

Біз бұл уақытта сәресі үшін оянып жатамыз. Ендеше, бұл уақыттың бір бөлігін кешірім тілеу үшін де арнауымыз керек. Себебі, бұл уақыттағы кешірім сұрау – қабыл болатын амал. Алла Тағала баршамызға кешірімін жаудырсын!

материал «Ораза энциклопедиясы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: