27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Білімсіз түрде пәтуа берудің салдары

Білімсіз түрде пәтуа берудің салдары

Ислам тарихы

Мұсылман адам өзінің күнделікті өмірінде қажет болатын діни үкімдерді үйренуі уәжіп. Бірақ, діни сауалдарға әркім дұрыс жауап ала бермейді. «Өзім біліп істей берейін» десе, қателікке соқтығуы мүмкін. Ал, сауалға шешім таппаса, тағы болмайды. Сонда не істеу керек?!

«Біреу білмегенді біреу білер» дейді халық. Ал, діни мәселені шешуге ілімі жетпейтін жандарға Алла Тағала: «Егер білмесеңдер, онда білетіндерден сұраңдар!»[1] – деп әмір етеді. Басқа бір аяттарда: «Білетіндер мен білмейтіндер бірдей бола ма?!»,[2] «Адамдарға баян еткен бұл мысалдарды ғалымдар ғана түсіне алады»,[3] – делінген.

Білімсіз түрде пәтуа берудің салдары нендей жаман екенін түсіну керек. Бұл туралы айтылған бірнеше хадистер бар.

Әбу Һұрайрадан (р.а.) риуаят етіледі: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады: «Кімде-кім ілімсіз бола тұрып біреуге пәтуа айтса, оның күнәсін көтереді. Ал, кімде-кім өзінің бауырына, тура жол басқа жақта екенін біле тұра, мүлдем басқа бір жолға нұсқаса, шынында, оған қиянат етіпті»[4].

Жәбирден (р.а.) риуаят етіледі: «Сапарға шығып едік. Арамыздан біріміздің басына тас тиіп, басы жарылды. Жарақат алған ол жүніп болды (ғұсыл құйынуы уәжіп болды).  Сонда ол серіктерінен: «Маған таяммум алуға бола ма?» – деп сұрады. Олар: «Жанымызда шомылуға су бола тұрып, біз саған таяммум алуға рұқсат ете алмаймыз», – деді.Ол ғұсыл құйынды, сонан соң дүниеден қайтты. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) алдына келгенімізде бұл оқиға туралы оған хабар берілді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Оны өлтіріпті. Егер білмесе, сұрамайды ма?! Шынында, білімсіздіктің шипасы сауал. Оның таяммум алуы, жарасына шүберек байлап, үстінен сипап қоя салуы, сонан соң денесінің басқа жерін жууы жеткілікті еді»,[5] – деген.

 

[1] «Нәһл» сүресі, 43-аят.
[2] «Зумар» сүресі, 9-аят.
[3] «Әнкабут» сүресі, 43-аят.
[4] Әбу Дәуд пен Ибн Мәжа
[5] Әбу Дәуд

материал «Пәтуалар жинағы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: