01
Жұма,
Қараша

һижри

Алланың жолында адамдарға кедергі болатын перделер

Алланың жолында адамдарға кедергі болатын перделер

Ислам тарихы

Имам Ғазали рухани кемелдік жолында ілгерілеуді қалаған жанға әуелі Алла Тағала мен өзі арасындағы «перделерді түруді» өсиет етеді.

Ол Құранның: «Сондай-ақ олардың алдына бір бөгет, артына бір бөгет қойып, алды-артын көлегейлеп тастадық, сондықтан олар (ақиқатты) көре алмауда» (Ясин, 9-аят), – деген аятына ишарат етіп, Алланың жолында адамдарға кедергі болатын перделердің төртеуін атап өтеді.

Олар:

– Мал-мүлік;

– Атақ пен мансап;

– Еліктеушілік;

– Күнә.

МАЛ-МҮЛІК – жүректі арбайтын бір перде. Жүректі Алла Тағаладан бөлек өзге нәрселерден босатпайынша, рухани сапарда ілгерілеу мүмкін емес. Демек, адам қажеттілігінен артық мал-мүліктен арылуы керек.

АТАҚ ПЕН МАНСАП пердесінен құтылу – дүниеде атақ пен мансапқа деген ашкөздіктен алшақтап, қарапайым бір өмір сүру арқылы мүмкін болмақ. Танымал, мәшһүр болған жан әрдайым адамдардың ілтипатымен әлек болады әрі одан ләззат алады. Адамдардың ілтипаты мен жылы лебіздерінен ләззат алатын адам Алла Тағалаға жету жолында жемісті бола алмайды.

ЕЛІКТЕУШІЛІКТІҢ перде болуы да – бір адамның ойы мен пікірін ұнатып, оған еліктеп, оған жүрегінің төрінен орын беру арқылы болмақ. Алла Тағалаға жетуді көздеген жан жүрегінің тек қана «Лә иләһә иллә Аллаһ» сөзінің мағынасына орын беруі керек.

КҮНӘ істеу де – Алла Тағаланың жолында кедергі болатын қалың перденің бірі. Өйткені, күнәдан тыйылмаған адамның жүрегі қараяды. Ол харам аспен тамақтанады. Харам ас та үлкен перде. Сол себепті, харамнан сақтанып, үнемі адалынан қоректену керек.

Міне, осы перделер түрілгенде ғана адам ғапылдықтың қапасынан босап, кемелдікке қанат қағып, рухани асқақтамақ.

 

материал ««Тасаууф тұңғиығынан»» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: