26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Олар бір-біріне имам бола алмайды

Олар бір-біріне имам бола алмайды

Намаз

«Бес парыз» айдарының өткен санында намаздың үшінші парызы әуретін жабу туралы тоқталған болатынбыз.

Бүгін сыртқы парыздардың келесі бөлімін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

4.Құбылаға бет бұру

Намазды құбылаға қарап оқу шарт. Мұсылмандардың құбыласы – Меккедегі Қағба. Тек қана салынған ғимарат емес, сонымен қатар, сол ғимараттың орналасқан жері де Қағба саналады. Мәдинаға көшпес бұрын мұсылмандар құбыласы Қудустағы Ақса Мешіті еді. Мәдинаға көшкен соң: «Жүзіңді Харам Мешіті жаққа бұр»[1]аяты арқылы құбыла Меккедегі Қағбаға бұрылды.

Қағбаны көрген адам жүзін тура сол Қағбаға қаратып оқиды. Егер одан алыс болса, тікелей Қағбаға емес, соның бағытына қарай жүзін бұрады. Намаздың мақсаты – жүрекпен Алла Тағалаға берілу. Әлбетте, Алла өлшем, бағыттан пәк. Бірақ жүректің көңілі жай болып, намазда күллі мұсылманның жүзін бұратын бір жер қажет. Сырттай жүзімізді Алланың үйі – Қағбаға бұрғанымыздай, іштей де Алла назар салатын жүрегіміз бен көңілімізді барлық нәрселерден аластап, тазалап, тек Аллаға бет бұруымыз керек[2].

Қағбаның қай бағытта болғанын білмеген адам құбыланы білетін адамдардан сұрайды. Мүмкіндік болмаған жағдайда, құбыланы өз иштиһадымен (түйсігінің итермелеуімен) табуы ләзім. Яғни, осы тұста болуы тиіс деп, айға, жұлдызға, т.б. қарап, намазын жобалаған жағына қарай оқуы тиіс. Бірақ намазын бітір- ген соң оқыған жағы құбыла болмай шықса, намазын қайта оқудың қажеті жоқ. Құбыла жайлы күмән мейлі дала, мейлі қала, мейлі күндіз, мейлі түнде болсын бәрі- бір. Мұндай адамға біреудің есігін қағып, құбыланы сұрап жатудың қажеті жоқ[3]. Құбыла жайлы қүмәнданған кісі жанында адам бола тұрып, одан сұрамай өз қөзқарасымен бір тарапқа қарай оқыса, сол оқыған жағы құбыла болып шықса, намазын қайта оқу тиіс емес. Бұрыс шықса, қайта оқуына тура келеді. Көздері көрмейтін адам да осы секілді. Құбыла жайлы жөн білетін сенімді кісінің сөзіне қанағаттанбаса да, оған сену қажет. Себебі, хабар – зерттеуден әлдеқайда басым тұрады.

Құбыла жайлы әр түрлі пікірдегі адамдар әрқайсысы білетін жағына қарай оқиды. Олар бір-біріне имам бола алмайды. Жабир ибн Абдуллаһ айтады: Бірде Алла Елшісі бір топ адамды бір жаққа жіберді. Түнде аспан бұлт болған соң ешкім құбыланы біле алмады. Осыдан барып әркім өз білген жағына қарай намаз оқыды. Біз мұны Алла Елшісіне жеткіздік. Ләм-мим демеді. Бірақ көп өтпей-ақ мына аят түсті: «Шығыс та, батыс та Алланікі. Сондықтан жүздеріңді қай жаққа қаратсаңдар, Аллатың жүзі сол жақта»[4].

Кеме немесе пойыз, ұшақтағы адам шамасы келіп, мүмкіндігі болып тұрса, құбылаға қарап оқиды. Егер кеме бұрылса, ол да құбыла жаққа қарай бұрылуы қажет. Бұрылу мүмкіндігі болмаса, алғаш тұрған жағына қарай оқиды. Егер тікелей құбылаға қарай оқитын мүмкіндік тумаса, құбылаға ең жақын бағытқа қарай оқиды. Құбылаға бұрыла алмаған науқас адамның да жағдайы осындай. Өйткені, міндеттің орындалуы атқарушының мүмкіндігіне қарай шектеледі.

Мініс атта, автомобиль мен автобуста нәпіл намазы оқылғанымен, парыз намаздарын уақыттары өтпей басқа жерде оқуға мүмкіндік бар жағдайда, аталмыш жерлер- де оқуға болмайды. Өйткені, намаздың парыздарынан болған қиям мен құбыла орындалмайды. Бірақ жері лайсаң намаз оқуға лайықсыз жерлерде ат, көліктерін тоқтатып, соның үстінде құбылаға бет бұрып, оқи алады.

Ханафи мәзһабында, екі намазды біріктіріп қосып оқу, тек қажылық мезгілінде Арафат пен Муздәлифәда ғана рұқсат етілген. Бұдан тыс жолаушылық секілді себептерге байланысты қосып оқи алмайды. Бірақ басқа мәзһабтарда жолаушылықта екі намазды қосып оқу бар. Сол себепті, жолаушылықта ханафи адам шафиғи мәзһабы бойынша, ниет етіп, зәру жағдайларда, екі на- мазды қосып оқуына болады.

Құбыла жақтан 45 шамадан (градус) артық оңға немесе солға бұрылу – құбыланың шартын бұзады. Намазда себепсіз көкірегін құбыладан бұру намазды бұзады. Егер тек жүзін бұрса, дереу құбылаға бұру керек. Мұндай жағдайда, намазы бұзылмайды. Бірақ харамға жақын мәкрүһ болады[5].

____________________

[1] Бақара, 2/144.

[2] ДИА, 231-бет.

[3] Білмен, 110.

[4] Бақара, 2/115.

[5] Білмен, 110.

Бөлісу: