25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Жолаушы кезде «үтір намазы» мен «сүннет» намаздары оқыла ма?

Жолаушы кезде «үтір намазы» мен «сүннет» намаздары оқыла ма?

Намаз

Сахаба Абдулла ибн Омардан (р.а.) жеткен сахих бір хадисте:

«Пайғамбарымыз сапарда парыздан басқа намаздарды көлігінің үстінде оқыған. Және оларды көлігі жөңелген жаққа беттеп, ишарамен оқитын. Және үтірді де көлігінде оқитын», - делінген[1].

Сапарға шыққан кісі жолшыбай үтір намазын да оқиды. Әсіресе, үтір мен таң намазының сүннетін мүмкіндігінше тәрк етпегені дұрыс.

Өзге сүннет намаздарға келсек, Пайғамбарымыздың кейде жолда кетіп бара жатып сүннеттерді оқымаған кездері болған. Алайда, көбіне оларды да тастамай оқитындығы риуаяттарда айтылады[2].  

Тоқ етерін айтқанда, үтір уәжіп намазын сапарда оқу – бекітілген сүннет, яғни, «сүннәтуль мүәккәдә» үкімін алады дейді Ханафи ғалымдары. Бұл дегеніміз, барынша тастамай оқуға талпынған дұрыс. Және таң намазының сүннеті де осылай. Ал, қалған сүннет намаздары сапарда «бекітілмеген сүннет» үкімін алып, мүмкіндігіне қарай оқығандығы абзал. Оқымаған кісіге күнә жоқ[3].  

Еске сала кетсек, ең кемі 90 шақырымдық жолға шыққан мұсылман төрт рәкәғатты парыз намаздарды ғана екі рәкәғатқа қысқартып, одан басқа шам намазы мен таң намазының парыздары қысқартылмай сол күйінше оқылады. Үтір, сүннет намаздарды да оқитын болса, рәкәғат сандарын қысқартпай сол күйінше оқиды. 

Алла жасаған құлшылықтарымызды кем-кетігімен қабыл етсін!

 

[1] Сахих Бұхари – 1000; Сахих Мүслім – 700.
[2] Тирмизи - №552 хадис.
[3] Иғләә әссүнән – 7/314 бет. 

материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: