26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Пайғамбар (с.ғ.с) ұрпақтары бар ма?

Пайғамбар (с.ғ.с) ұрпақтары бар ма?

Сұрақ-Жауап

Сұрақ: Әссәләәму алейкум!

Бүгінгі таңда пайғамбар (с.ғ.с.) ұрпақтары бар ма?

Жауап: Уа алейкум ассалам!

Ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) әулеті мен ұрпақтары жайлы бірқатар риуаяттар бар. Солардың бірнешеуіне тоқталайық. Зайд бин Сабит (Алла оған разы болсын) риуаятында:

إني تاركٌ فيكم ما إن تمسَّكتُم به لن تضلُّوا: كتاب الله، وعِترتي أهل بيتي؛ فإنَّهما لن يفترقَا حتى يرِدَا عليَّ الحوضَ

«Ақиқатында мен сендерге берік ұстасаңдар, еш уақытта адаспайтын нәрсе қалдырып барамын: Алланың кітабы және менің отбасым. Бұл екеуі маған (жәннат) хаузына келгенге дейін бір-бірінен ажырамайды», - делінген.

Сонымен бірге, Зайд бин Арқам (Алла оған разы болсын):

إنِّي تاركٌ فيكم ما إن تمسَّكتُم به لن تضلُّوا بعدي - أحدُهما أعظمُ من الآخَر -:كتاب الله، حبْلٌ ممدودٌ من السَّماء إلى الأرض، وعِترتي أهل بيتي، ولن يتفرَّقَا حتى يرِدَا عليَّ الحوضَ، فانظروا كيف تَخلُفوني فيهما

«Анығында мен сендерге бекем ұстасаңдар, менен кейін еш адаспайтын дүние қалдырып барамын, оның бірі екіншісінен ұлық, Алланың кітабы. Ол аспаннан жерге дейін созылып тұрған арқан. (Екіншісі) Менің әулетім, отбасым. Ол екеуі маған (жәннат) хаузына келгенге дейін ажырамайды. Ол екеуін менен кейін қалай ұстағандарыңа қараңдар[1]», - деген хадис риуаят еткен. Келесі риуаятта:

أيُّها الناس، إنِّي تاركٌ فيكم أمرينِ لن تضلُّوا إن اتَّبعتموهما، وهما: كتابُ الله، وأهلُ بيتي عِترتي

«Уа, адамдар! Мен сендерге екі нәрсені қалдырып барамын, екеуіне ілесіңдер. Олар: Алланың кітабы және менің әулетім, отбасым[2]», - делінген.

Ал, Жабир бин Абдулланың (Алла оған разы болсын):

يا أيُّها الناس، إني تركتُ فيكم ما إنْ أخذتُم به لن تضلُّوا: كتاب الله، وعِترتي أهْلَ بَيتي

«Уа, адамдар! Анығында, мен сендерге егер ұстасаңдар еш уақытта адаспайтын нәрсе қалдырып барамын: Алланың кітабы және менің әулетім, отбасым[3]», - деген риуаяты бар.

Бұдан бөлек, Уруа бин Зубайыр (Алла оған разы болсын):

تركتُ فيكم ما إنِ اعتصمتُم به، لن تضلُّوا أبدًا: أمرين بيِّنينِ: كتاب الله، وسُنَّة نبيِّكم

«Сендер бекем ұстасаңдар еш уақытта адаспайтын нәрсе қалдырдым, айқын екі нәрсе: Алланың кітабы және пайғамбарларыңның сүннеті[4]», - деген хадисті риуаят етуде. Абдулла бин Әбу Нажих (Алла оған разы болсын):

تركتُ فيكم ما إن اعتصمتُم به، فلن تضلُّوا أبدًا: كتاب الله، وسُنَّة نبيِّه

«Сендерге берік ұстансаңдар ешқашан адаспайтын дүние қалдырдым: Алланың кітабы мен пайғамбарының сүннеті[5]», - деген.

Мұса бин Ұқба (Алла оған разы болсын):

... لن تضلُّوا بعده أبدًا، أمرًا بيِّنًا: كِتاب الله، وسُنَّة نبيِّه

«...Мұнан кейін еш уақытта адаспайсыңдар, айқын іс, Алланың кітабы мен пайғамбарының сүннеті[6]».

Бұл осы тақырып аясындағы көптеген хадистердің бір бөлігі ғана. Хадистердің мәтіндері бір-біріне өте жақын. Бірінде – пайғамбар отбасы айтылса, басқасында – пайғамбар сүннеті хақында. Бұл «Сақалайн хадисі» деген атпен танымал хадистер легі. Имам Науауи: «Сақалайн (екі ауыр) деп аталуы қадір-қасиеті үлкен де салмақты болғандығынан[7]» десе, Бағауи: «Екеуін ауыр деумен олардың қадір-қасиетін жоғары екенін жеткізуде[8]»,-деген.

Ибн Хажар Һайтами Сахих риуаятта: «Анығында, мен сендерге екі нәрсені қалдырдым: ол екеуіне ілессеңдер, еш уақытта адаспайсыңдар, ол: Алланың кітабы мен менің отбасым, әулетім», - десе, тағы бір риуаятта: «Алланың кітабы мен сүннетім», - деген екен. «Өйткені, хадис Құранды ашықтаушы, демек Құранға, сүннетке және пайғамбар әулетінен шыққан Құран мен сүннетке сүйенген ғалымдарға ілесуді үндеуде», - дейді.

Мулла Әли әл-Қари: «Әдетте отбасы мүшелері шаңырақ иесі мен оның жағдайын жақсырақ біледі. Пайғамбар әулеті деген сөзден мақсат сол әулеттен шыққан ғалымдар, өмірбаянын білетіндері, оның жолымен жүретін және даналығын білетін мүшелері меңзелуде. Осылай болған жағдайда, олар Алла кітабына сай келеді[9]», - деген.

Әбу Жағфар Тахауи (Алла оған разы болсын): «Әулеті – пайғамбардың (ﷺ) жолына сай және оның ісін берік ұстанатын отбасы», - деген.

Пайғамбар (с.ғ.с.) ұрпақтары жайлы біздің заманның көрнекті ғалымдарының бірі Әли Жұма былай дейді: «Алла Тағала: «Ақиқатында, Біз саған Кәусарды (молшылық, көпшілік) бердік» деумен ұрпағыңды көп еттік деген. Кәусар – жәннаттағы бұлақ. Дегенмен, Кәусар сөзіне тәпсірлерде тоғыз түрлі мағына беріледі. Соның бірі, Пайғамбар ұрпағының көптігі. Өйткені, келесі аятта: «Анығында, сені жеккөруші ұрпақсыз», - деп айтылған. Ғалым сөзін: «Бүгінде дүниежүзінде пайғамбар ұрпағы 25 миллионға жуық», - деп қорытындылайды. Алла жақсырақ Білуші!


[1]Тирмизи, Насаи

[2]Хаким, Ибн Хиббан

[3]Тирмизи, Табарани

[4] Байһақи, Ибн Хиббан

[5] Табари

[6] Байһақи

[7] Шарх Сахих Муслим

[8]Тафсир Бағауи

[9]Мирқат Мафатих

nurgasyr.kz

Бөлісу: