26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Уаһһаби ағымының тарихнамасы қандай?

Сұрақ-Жауап

Сұрақ: Уаһһаби ағымының тарихнамасы қандай?

Жауап: «Уаһһабилік» шамамен екі жарым ғасыр бұрын Араб түбегінде, Нәжд даласында Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб (1703-1792 ж.) негізін қалаған ағым. Бірақ олар өздерін «салафилік жол» деп санайды. Сондықтан уаһһабилік немесе салафилік – қазіргі таңда Сауд Арабиясының ресми мәзһабы. Мысыр, Үндістан, Африка және өзге де мұсылман мемлекеттерінде өз жақтаушылары бар.

«Уаһһаби» есімі – осы ағымның негізін қалаушы Мұхаммед ибн Абдулуаһһабтың көзі тірісінде оның соңынан ерушілерге берілген атау. Уаһһабилік тарихта «харижиттік» әрекет ретінде де танымал болған. Өйткені олардың әрекеттеріндегі қатыгездік, өз ұстанымдарына қосылмағандарды кәпір деп айыптау әркеттері харижит ақидасының (сенімінің) көшірмесі іспетті. Сондай-ақ олар өздерін «мууаххидун» (бірлік жолындағылар) деп атаған. Ибн Таймияның жолы мен ханбали мәзһабын ұстанатындарын айтқанымен, ханбали мәзһабына қайшы келетін тұстары жетерлік. Уаһһабилер өздерін былай деп сипаттайды:

«Біз сенімде сәләф, амалда ханбали мәзһабын ұстанамыз. Негізінде Ахмад ибн Ханбал сенімде сәләфты ұстаған. Біз де амал мен итиқадта ханбалиміз. Уаһһабилік деген нәрсе жоқ. Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб білімімен және ісімен осы мәзһабты жаңартқан Шайхулислам»[1].

Шындығында олардың тарихта жасаған қатыгездік пен зұлымдықтары Исламға қайшы болды. Мәзһабтың құрылуына тоқталсақ, тәмим тайпасынан шыққан Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб 1115/1703 жылы Рияд қаласына жақын орналасқан Уяйна атты елді мекенде дүниеге келген. Оның ата-бабасы ханбали мәзһабын ұстанған. Әкесі, атасы мен бауыры қазылық қызметті атқарған. Ол алғашқы сауатын Уяйна қазысы болған өз әкесінен ашады. Кейін Меккеге барып, ілімін шыңдамақ болады. Бірақ өзі күткендей ғылыми ортам болмағандықтан, Мәдинаға кетеді. Мәдинада Абдуллаһ ибн Ибраһим ибн Сәйф ән-Нәжди және Мұхаммед Хаят әс-Синди есімді ханбали мәзһабының танымал ғалымдарынан дәріс алады. Онда «Кутубус-ситта», «әл-Муатта», «әл-Муснәд» атты хадис кітаптарын оқып шығады. Оқып жүріп Ибн Таймияның пәтуаларымен  танысады. Оның дінге қатысты пікірлерін басшылыққа алып, жаңғыртуға көшеді. Сол заманның үрдісі бойынша, білімін шыңдау мақсатында Басраға барады. Басрада түрлі ағым өкілдері болғандықтан, солардың сенімдері мен ұстанымдарын жақыннан тани түседі. Білімін жетілдірумен қатар таухид мәселесіне қатысты пікір сайыстарға қатысып, белсенділік танытады. Мұндай жиындарда дінді тікелей Құран және сүннеттен үйрену керек деген ұстанымын дәлелдеуге және қорғауға тырысқан[2].

Сонымен қатар Шам қаласында болып, ханбали ғалымдарынан дәріс алады. Ол өте зерек болғандықтан дәріс барысында ұстаздарына үнемі түрлі сұрақтар қойып, олардың назарын өзіне аудартатын. Шамнан Нәждке оралған соң ауыл тұрғындарына арнап діни кітапша жазуға кіріседі[3]. 1726 жылы Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб Рияд қаласының солтүстігінде орналасқан Хураймила кентіне қоныстанады. 1740 жылы әкесі қайтыс болған соң туған жері Уяйнаға қайта оралып, сонда насихат жұмыстарын жүргізеді. Сол жердің әміршісі Осман ибн Хамд ибн Муаммармен достасып, өз пікірін қабылдауға шақырды. Егер менің пікірімді қабыл етсең, Аллаһ сені Нәжд даласының әміршісі етеді деп үгіттейді.

Осман ибн Хамд оның насихатын бойына сіңіріп, айналасындағы жандарға ықпал етіп, өз қатарына тарта білді. Тіпті бұл сенімді маңайындағыларға күштеп қабылдатты. Мұхаммед ибн Абдулуаһһабтың ең әуелі қарсы шыққан мәселесі – кесенелерді зиярат ету. Оның пікірінше, қабір мен кесенені зиярат жасаушылар адасуда, ширк (Аллаһқа серік қосу) жасауда. Адамдар Аллаһты ұмытып өлілерден сұрауға көшті дей келе ондай жандарды мүшрик санады. Адамдарды мұндай әрекеттен қайтару керек. Ол үшін кесенелерді бұзу керектігін насихаттады. Осындай сенім аясында әрекет еткен олар 1744 жылы шамасында Мусәйлиматул Кәззабпен болған 632 жылғы «Ямама» шайқасында шәһид болған Хазіреті Омардың бауыры Зәйд ибн Хаттабтың (қ.б. 634 ж.) қабірін талқандады. Олардың мұндай озбырлық әрекеттеріне мұсылман жұртшылығы қатты наразылық білдірді.

Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб пен Осман ибн Хамд өздерінің діни түсініктерін айналадағы халыққа күштеп қабылдатуға тырысты. Олардың  бұл әрекеттерінен қорыққан тұрғындар Нәждтің беделді руы Халид ұлдарының көсемі Сүлеймен ибн Урайға шағымданады. Ол Уяйнаның әміршісіне Мұхаммедті ол жерден қууын немесе өлтіруін талап етеді. Мұхаммед ол жерден кетіп, Риядқа жақын маңдағы Дария кентіне көшеді. Дария кентінің әміршісі Мұхаммед ибн Суғудпен тіл табысады. Тіпті өз сенімін қабылдатып, қолдауына ие болады. Осылайша, 1744 жылы уаһһабилік мемлекеттің іргесі қаланды[4]. Бұл одақтасу әрі Мұхаммед ибн Абдулуаһһабқа, әрі Мұхаммед ибн Суғудқа тиімді еді.

Негізінде Мұхаммед ибн Суғуд Мұхаммед ибн Абдулуаһһабтың жездесі болып келеді. Сондықтан ол өзінің сенімін жаю барысында қолдаушыға арқа сүйесе, Мұхаммед ибн Суғуд та осыны ұтымды пайдаланып, өз үстемдігі мен билігін барынша ұлғайтуға тырысты. Әрине мақсатына жете білу үшін қылыш көтеріп, күш қолданып, өз ұстанымдарын күштеп жайды[5].

Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб Дарияда «Китабут-таухид» атты еңбегін жазып, өз пікірін таратуға және адамдарды ширк пен бидғаттан арылуға шақырды. Айтқанын қабылдамаған, хақ жолға бет бұрмағандарды керек болса қылышпен қайтаруға болатындығына рұқсат берді. Адамдар мазар мен кесенелерге зиярат жасап, тариқатқа кірумен адасуда. Мұндай әрекеттер таухидтің бұзылуына себеп болды. Сондықтан ондай бағытта жүргендер ширк жасаушы мүшриктер. Ондайларды өлтіруге, мал-мүлкін олжа етіп алуға  рұқсат берді.

Нәжд өлкесі халқының табиғаты жаугершілікке жақын еді. Олар Исламнан алдын Йемен, Иран, Ирак, Үндістан және Шам әміршілерінің қол астында түрлі сенімдер аясында өмір сүрген болатын. Сол себепті Ислам тарихындағы төрт жалған пайғамбар да осы өлкеден шыққан. Өр рухты бәдәуилерге бұл пәтуа ұнап, одан бетер бүлік шығаруға тырысты. Осылайша, Мұхаммед ибн Абдулуаһһабтың насихаттаған «таухид дінін» жаю жолында мұсылмандарға қарсы жиһад басталды. Бұл пікірге қарсы шыққандар өлтіріліп, мал-мүлкі олжа ретінде бестен бірі үкімет қазынасына алынып, қалғаны жауынгерлер арасында үлестірілді[6].

Сол заманның ғұламаларынан йемендік Әмир әс-Санани әуелде оның пікірлерін қолдағанымен жазықсыз мұсылмандардың қанын төгіп, мал-мүлкін талан тараж еткенін көріп, оған қарсы шығады. Ибн Тәймия мен Ибн Қайюмның ұстанымдарын қате түсінген деп, оны жазғырады. Тіпті осыған қатысты һижри 1170 жылы (1856-1857-ге сәйкеседі) оның әрекетін терістеп өлең де жазады[7].

Уаһһабилер 1773 жылы Рияд қаласын басып алды. Сөйтіп, жақын аймақтарға ықпал етуге ұмтылды. Нәжд өлкесіндегі көптеген тайпаларды біртіндеп бағындырып, Хижаз аймағына қол салды. Хижаздың да бірқатар тайпалары осы сенімді қабылдайды. Осылайша, аз уақыт ішінде біршама аймаққа үстемдік етеді[8].

1766 жылы Мұхаммед ибн Суғуд қайтыс болған соң орнына ұлы Абдулазиз ибн Суғуд отырып, әке жолын жалғастырады. Ал 1792 жылы Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб көз жұмады. Ол өлген соң ұлы Абдуллаһ ибн Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб уаһһабилік әрекеттің діни лидері болады. Әкесі  секілді бидғатшылармен белсене күреседі. Бұл жолда шиттерге қарсы кітап та жазады[9].

Нәждтен басқа Араб түбегі сол уақытта Осман империясының бір провинциясы болатын. Осман империясы уаһһабилік бүлік басталған тұста Ресей және Иранмен соғысып, қала берсе ішкі жан-жалдар мен таластар нәтижесінде қол астындағы елдерге қарауға мұршасы келмей жатқан еді. Міне осындай мезгілді сәтті пайдаланған уаһһабилер аз уақыт ішінде Нәжд өлкесіне үстемдік етті.

Уаһһабилер өз үстемдігін Басра шығанағына дейін ұлғайтады. Нәжәфта уаһһабилер мен шииттер арасында жанжал шығып, арты қан төгіске ұласып, бірнеше уаһһаби мертігеді. Осы мәселені сылтау етіп, Абдулазиз ибн Суғуд 1802 жылы 10-шы мұхаррам[10] күні Кербалада Хазіреті Хусейннің кесенесіне жиналған мыңдаған шиттерді қырғынға ұшыратты. Мұнымен шектелмей Хазіреті Хусейннің кесенесін талқандайды[11]. Осы оқиғадан кейін шииттер мен уаһһабилер арасында дұшпандық пайда болады. Кектенген шиттердің бірі һижри 1217 жылы, милади 1803 жылы Дария мешітінде Абудулазиз ибн Суғудтың қарнына пышақ салып өлтіреді. Абдулазиз өлген соң орнына баласы Суғуд әмірші болды[12].

Һижри 1210 жылы (1796 жылы) Мекке тұрғындарына уаһһабилік сенімді насихаттау мақсатында 3 кісіні жолдайды. Олар жиырма мәселе бойынша насихат жүргізбек еді. Аталмыш жиырма мәселені жалпы үш тақырыпқа жинақтауға болады:

Намаз оқу парыз. Бірақ жалқаулықпен намаз оқымаған адам имансыз болады. Бір жылдық зекетін бермеген адам кәпір. Ондай мұсылмандарды өлтіріп, мал-мүлкін олжа ретінде алу қажет.

Пайғамбарлар мен әулиелерді тәуәссул ету, олардан дұға етулерін сұрау – ширк.

Қабір басына кесене тұрғызу, кесенелерде қызмет ету, қабірлерге садақа тастау, басына барып мал сою – ширк.

Әһлу сүннет ғалымдары мәжілісте әлгі 3 уаһһабиге адасқандарын, ұстанған сенімдерінің дұрыс еместігін аят, хадиспен дәлелдеп береді. Олар ақиқатты қабылдаудан басқа шаралары қалмай, қателіктерін мойындап, адасып жүргендерін растап, қағазға қол қойып береді.

Олар мәжіліс барысында «амал – иманның бір бөлігі» деген сөзді Ахмад ибн Ханбалдың ижтиһады деп көрсеткісі келеді. Шындығында ол кісінің барлық ижтиһадтары (берген үкімдері) кітаптарда толықтай жазылған еді. Имам Ахмад ибн Ханбал жалқаулықпен амал етпегенді кәпір демеген. Сол себепті Ибн Абдулуаһһабтың бұл ақидасы дұрыс емес. Өз сенімдерін дәлелдеу үшін олар мұсылмандардың Хазіреті Пайғамбардың (с.а.у.) және өзге де сахабалардың қабірі басына барып: «Я, Расулаллаһ! Я, Абдуллаһ ибн Аббас!» деп дұға ету имамымыз Мұхаммед ибн Абдулуаһһабтың ижтиһады бойынша – ширк. Себебі Аллаһтан басқаға дұға етуге болмайды деп тартысады. Ғалымдарымыз бұған былай деп жауап береді: «Аллаһтың сүйген құлдарының қабіріне барып, оларға тәуәссул жасау[13], дұға ету оларға табынғандық емес. Оларды тәуәссул етіп, Аллаһтан сұрау шариғатқа қайшы емес деп, «Мәида» сүресінің 35-ші аятын дәлел ретінде келтіреді:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ  اتَّقُواْ اللّهَ وَابْتَغُواْ إِلَيهِ الْوَسِيلَةَوَجَاهِدُواْ فِي سَبِيلِهِ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ

«Ей, иман келтіргендер! Аллаһтан қорқыңдар және оған жақын болатын жолды іздеңдер және де Оның жолында күресіңдер, сонда әрине құтыласыңдар».

Егер Пайғамбарға (с.а.у.) уәсилә жасау, дұға ету күпірлік әрі ширк болса, намаз оқығандардың бәрі кәпір болу керек. Онда уаһһабилер де кәпір болады. Себебі намазда әт-тахият дұғасын оқығанда:

ألسَّلاَمُ عَلَيْكَ أَيُّهَا النَّبِيُّ وَ رَحْمَةُ اللهِ وَ بَرَكَاتُهُ

«Ей, Пайғамбар! Саған сәлем. Әрі саған Аллаһтың рақымы мен берекеті жаусын!» деп дұға етеді». Осындай тұшымды дәлелдермен ғалымдарымыз олардың адасқандарын мойындатады.

Осылайша, Мекке ғалымдары уаһһабилердің адасқандығын, мұсылманшылыққа қайшы әрі мұсылмандар арасында іріткі салушылар екенін және шектен шыққанын аят пен хадистен дәлел келтіре отырып, қағазға түсіреді де қол қояды. Тәубе еткен 3 уаһһаби бұған куә болады. Бұл құжат Ислам әлеміне таратылады[14].

Суғуд ибн Абдулазиз 1803 жылы ораза мен құрбан айт арасында Тайф қаласына жорық жасайды. Бұл жорықта Осман Мудаиқи есімді қара ниетті адамды қолбасшы етеді. Ол  Тайфтің әкімі Шәриф Ғалиб ибн Мусағидке хат жолдайды. Тайфтіктер олармен бейбіт келісімге ыңғай танытқанымен олар көнбеді. Уаһһаби әскеріне сол аймақтағы тайпалар қосылып, сандары едәуір артады. Тайф үшін кескілескен шайқас болып, алғашқыда уаһһабилер талқандалады. Алайда оларға шеттен келіп қосылушылар көп еді. Сондықтан Тайф әкімі Шәриф Ғалиб Жиддаға көмек сұрау үшін барады. Осы тұста көптеген тайфтықтар бала-шағаларын алып, жасырын түрде қаладан қашады. Қалған тұрғындар бар күшін салып олармен шайқасты. Тайфтықтар уаһһабилермен бейбіт келісім жасаспақ болғанда олардың қойған шарттары ауыр болғандықтан шайқасудан басқа амалдары қалмай, ерлікпен шайқасады. Ақырында қала уаһһабилердің қолына өтеді. Өкінішке орай, уаһһабилер Тайф тұрғындарын аяусыз қырып, мал-мүліктерін тонайды. Қамалға тығылғандарға қаруын тастаса, амандық беріледі деп жалған уәде береді. Нәтижесінде өз еркімен берілгендерді қала сыртына шығарып өлтіріп, мәйіттерін аң құсқа жем етеді. Көмусіз қалған мәйіттер иістеніп, адам шыдай алмастай халге жетеді. Жергілікті мұсылмандар жалынып, өтініп жүріп мәйіттерді көмуге рұқсат алады да екі үлкен шұңқыр қазып, жерлейді[15].

Уаһһабилер Тайф қаласын қиратқан соң, сол маңайдағы зираттарды жермен жексен етеді. Тіпті, Абдуллаһ ибн Аббастың қабірін қазып, мәйітін алып, өртемек болады. Қабірден шыққан иістен қорқып, қаза алмайды[16].

 Тайф қаласы алынған соң уаһһабилер Меккеге бағыт алады. Алайда қажылық уақыты болғандықтан қалаға кірмей кері қайтады. Мекке тұрғындары Тайфтегі қанды қырғынды естіп білгендіктен олармен соғыспастан бейбіт бітімге келуді қалайды. 1804 жылы (һижри 1218 ж.) Мекке тұрғындары елші жіберіп, қантөгіссіз беріледі. Уаһһабилер осы жылдың мухаррам айында қалаға кіріп, тұрғындарға өз сенімдерін насихаттады. Тіпті, өз сенімдерін қабылдамаған, қабір зиярат етуді тоқтатпаған және Пайғамбар (с.а.у.) қабірі басына барып, дұға етушілерді жазалайтындарын ескертті.

Осы кезде Тайфтың алдыңғы әкімі Шәриф Ғалиб Жиддада әскер жинаумен шұғылданып жатты. Уаһһабилер Меккені алғаннан кейін 14 күннен соң оны өлтіру үшін Жиддаға жасақ жібереді. Бірақ Жидда маңында Шәриф Ғалибтің әскерлерінен жеңіліс табады. Шәриф Ғалиб осы шайқастан 38 күн өткен соң жиған әскерлерін алып, Жидда әкімі Шәриф пашамен (генерал) бірге Меккеге барады. Түнделетіп тұтқиылдан шабуыл жасап, уаһһабилерді қолға түсіреді. Меккені ешбір қантөгіссіз уаһһабилерден азат етіп, билікті қолына алады. Уаһһабилер Меккені қайта алу үшін алдымен Тайф маңындағы елді мекендерді шабады. Тайфке Осман Мудаиқи есімді қатыгезді әкім етіп тағайындайды. Осман сол маңдағы барлық уаһһабилерді жиып, қалың қолмен 1806 жылы (һ. 1220 ж.) Мекке қаласын қоршайды. Бірнеше айға созылған қоршаудан әбден қиналған Мекке тұрғындары келісім жасауды ұсынғанымен Шәриф Ғалиб көнбейді. Қалада азық таусылып, талғажау ететін ештеңе қалмайды. Сырттан да көмек келмеген соң амалсыздан Мекке әкімі Шәриф Ғалиб қаланың басшылық қызметі өзінде қалу және тұрғындарға тимеу шартымен келісім жасасып, уаһһабилерді қалаға кіргізеді.

Абдулазиз ибн Суғуд қаланы алған соң тұрғындарды өзінің сенімін қабылдауға зорлайды. Қарсы келгендер өлтіріледі. Қала берсе көптеген ғалымдар мен ауқатты мұсылмандар да оның қаһарынан құтыла алмады.

Уаһһабилер Мекке қаласын алған соң артынша Мәдина қаласына шабуыл жасап, қаланы басып алып, талан-таражға салады. Тіпті Хазіреті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қабірі басындағы құнды заттардың бәрін бөліске салады. Олар Мекке мен Мәдинадағы сахабалардың, әһлу бәйттің, шәһидтердің қабірлеріне тұрғызылған кесенелер мен құлпытастарды қиратып, тегістеп тастайды[17].

Абдулазиз ибн Суғуд Мәдинаны алған соң тұрғындарды Пайғамбар (с.а.у.) мешітіне жиып былай дейді: «Ей, мамағат! Сендерге насихат айту және ескерту үшін жинап отырмын. Сендердің діндерің бүгін толықты. Исламның нығметіне бөленіп, Аллаһ Тағаланы өздеріңнен разы еттіңдер. Бабаларыңыз ширк жасап өлді. Оларға дұға етпеңдер. Аллаһқа қалай құлшылық ететіндерің, қалай дұға ететіндерің жайында дін адамдарына берген кітапта жазылған. Дін қызметкерлерінің айтқандарына құлақ аспағандардың мал-мүлкі, бала-шағасы, жаныңыз әскеріме мүбах болатындығын біліп қойыңдар.  Бұдан былай Пайғамбардың қабірі басында бұрынғыдай құрмет етіп тұру, салауат айту, оған жалбарынуға тыйым салынады. Қабірінің қасынан өткенде тек «әс-Сәләму ала Мұхаммед» деп сәлем беру керек»[18].

Уаһһабилер Мекке мен Мәдинада 7 жыл билік етеді. Қала тұрғындарына жасалған қысымдары мен зұлымдықтары адам айтқысыз еді. Осы жылдар аралығында Мысыр мен Шам елдерінен келетін мұсылмандарға қажылық етуге тыйым салады.

1811 жылдары Суғуд әулетінің билігі Алеппо мен Үнді мұхитына, Парсы  шығанағынан Қызыл теңізге дейінгі аймақтарға ұлғайды. Уаһһабилердің қауіпті бола бастағанын аңғарған Осман империясының патшасы ІІ. Махмуд (1808-1839) бұл билікті бастыруды Мысыр әкімі Мехмед Али пашаға (генерал) жүктейді. Паша баласы Тосунды алып, қалың қолмен 1812-1813 жылы Мәдина, Мекке және Тайфты уаһһабилерден азат етеді. Артынан Абдулазиз ибн Суғудты шаппақ болып жолға шығады. Абдулазиз берілмеуге тырысқанымен, 1814 жылы ажалы жетіп дүние салады. Орнына ұлы Абдуллаһ әмірші болады. Мехмед Али пашаның әскерлері 1818 жылы Абдулазиздің ұлы Абдуллаһ пен оның балаларын тұтқындап, Стамбулға жолдайды. Ол мыңдаған мұсылманның қанын төккені үшін өлім жазасына кесіліп, 1819 жылы 17 желтоқсан күні дарға асылады. Осылайша, уаһһабилердің алғашқы кезеңі аяқталады.

Бірақ осы қырғыннан Турки ибн Абдуллаһ құтылып шығып, Нәжд өлкесінде қайтадан құлаған билікті жандандырады. Нәтижеде ол Рияд қаласын орталық етіп, 1821-ден 1891 жылға дейін екінші уаһһабилік билігін құрады. Оларға Осман империясына қарсы шығу оңайға түспеді.

1901 жылы Абдулазиз ибн Суғуд ибн Файсал ибн Турки ибн Абдуллаһ Уаһһаби мемлекетін құруға кіріседі. Сондай-ақ Үндістандағы ағылшын үкіметінен көмек ала отырып, Абдулазиз ибн Суғуд 26 желтоқсан 1916 жылы Нәжд, Хаса, Катиф, Жубайл және өз қарамағындағы аймақтарға әмірші ретінде тағайындалады. Ағылшындармен келіскен Абдулазиз абсалюттік монархияны орнатып, өзінен кейін билік мирас жолымен баласына қалатынын, мирасқорды әмірші көзі тірісінде сайлайтынын, ағылшын үкіметіне қарсы шықпайтыны жайында келісім шарт жасайды.

Бірінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанда Осман империясы 1918 жылы Мәдинадан кетеді. Артынан уаһһабилер 1921-1925 жылдар аралығында Хайл, Тайф, Мекке, Мәдина және Жидданы басып алды. Абдулазиз ибн Суғуд 1926 жылы қаңтарда «Нәжд және Хижаз патшасы» болып жарияланды.

1927 жылы 20 мамырда Англиямен жасаған Жидда келіссөзі нәтижесінде толығымен тәуелсіздігін алып, биліктерін орнатады. 1932 жылы 18 қыркүйекте Абдулазиз ибн Суғуд құрған мемлекетінің атауын «Сауд Арабия Каролдігі» етіп өзгертеді[19]. Абдулазиз ибн Суғуд 1953 жылы 9 қарашада қайтыс болады. Қазіргі кезде Сауд Арабиясы БҰҰ мен ЮНЕСКО-ның мүшесі және 1944 жылы араб елдерінің лигасын құрушылар болып табылады[20].

Уаһһабилік немесе салафилік ағымы ислам әлемінде түрлі ағымдардың пайда болуына түрткі болды. ХХ ғасырдың басында уаһһабилік ағымды үлгі тұтқан діни реформалық әрекеттер де жасалды. Олар Суданда «Маһдия», Ливанда «Мадрасат Санусия», Мысырда Мұхаммед Абдуһтың ағымы, Жамаләддин әл-Ауғанидің медресесі және Үндістанда бірнеше ағымдар пайда болды. Бұл ағымдардың барлығы да ислам әлемі ХІV ғасырдан бері мойындап келе жатқан төрт мәзһабты мойындамай, мұсылмандар арасына іріткі салуда. Олардың түсінігі бойынша, алғашқы үш ғасырдағы мұсылмандар мен қазіргі заманғы мұсылмандардың арасы тым алшақтап кеткен деп, алдыңғы үш буын мұсылмандарға ұқсауды насихаттауда[21].

[1] Fığlalı Ethem Ruhi, ж.к.е., 96-бет.

[2] İslam Ansiklopedisi. Türkiye Diyanet vakfı. İstanbul 2005. 30-том. 491-492-бет.

[3] Mevlana Muhammed Fadlurresul, Tashih’ul-mesail, Vesikalarla Vehhabiliğin iç yüzü, түрікшеге аударған А.Фарук Меян, Berekat баспасы, Истанбул, 1976, 348-бет.

[4] Fığlalı Ethem Ruhi, ж.к.е., 97-бет; Қазақстандағы діндер, Алматы 2008, 78-бет.

[5] Muhammed Ebu Zehra, ж.к.е., 222-бет.

[6] Fığlalı Ethem Ruhi, ж.к.е., 98-бет;

[7] İslam Ansiklopedisi. Türkiye Diyanet vakfı. İstanbul 2005. 30-том. 492-бет

[8] Қазақстандағы діндер, Алматы 2008, 79-бет.

[9] İslam Ansiklopedisi. Türkiye Diyanet vakfı. İstanbul 2005. 30-том. 493-бет.

[10] 780 жылы 10-шы қазан күні Кербалада Хазіреті Хусейнді халифа Язидтің әскерлері айуандықпен шәһид еткен еді. Міне содан бері шииттер 10-шы қазан күні Кербалада Хазіреті Хусейннің кесенесіне жиналып, діни рәсім өткізеді. Осы күні өздерін шынжырмен сабау әдеттері бар.

[11] Fığlalı Ethem Ruhi, ж.к.е., 99-бет; Қазақстандағы діндер, Алматы 2008, 79-бет.

[12] Mevlana Muhammed Fadlurresul, Tashih’ul-mesail, Vesikalarla Vehhabiliğin iç yüzü, түрікшеге аударған А.Фарук Меян, Berekat баспасы, Истанбул, 1976 жыл, 364-бет.

[13] Тәуәссул жайында кеңірек мәлімет алу үшін қараңыз: Қайрат Жолдыбайұлы, Дін мен діл, Алматы 2010, 189-209-беттер.

[14] Mevlana Muhammed Fadlurresul, ж.к.е., 360-364 бет; Өмер Бег, Уаһһабиліктің басталуы мен таралуы, Алматы 2002, Арыс баспасы, 8-10-бет.

[15]  Кеңірек мәлімет алу үшін қараңыз: Өмер Бег, Уаһһабиліктің басталуы мен таралуы, Алматы 2002, Арыс баспасы, 11-14-беттер.

[16] Mevlana Muhammed Fadlurresul, Tashih’ul-mesail, Vesikalarla Vehhabiliğin iç yüzü, түрікшеге аударған А.Фарук Меян, Berekat баспасы, Истанбул, 1976, 364-369-беттер.

[17] Mevlana Muhammed Fadlurresul, ж.к.е., 370-371, 373-374-беттер;

[18] Mevlana Muhammed Fadlurresul, ж.к.е., 385-бет.

[19]  Fığlalı Ethem Ruhi, ж.к.е., 99-100-бет;

[20] По пути основателя // Әр жерде. – қазан 2001. - №8, 3-бет.

[21] Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2000 жылдан бастап шыққан ПӘТУАЛАР жиынтығының бір бөлігі, Алматы 2008. 219-бет.

fatua.kz

Бөлісу: