25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Сәждеде көзді жұмуға бола ма?

Сәждеде көзді жұмуға бола ма?

Сұрақ-Жауап

Сұрақ: Ассалаумағалейкум, сәждеге барғанда көз ашық тұру керек пе әлде жұмып оку керек пе?

Жауап:

حَدَّثَنَا أَحْمَدُ بن النَّضْرِ الْعَسْكَرِيُّ، حَدَّثَنَا أَبُو خَيْثَمَةَ مُصْعَبُ بن سَعِيدٍ، حَدَّثَنَا مُوسَى بن أَعْيَنَ، عَنْ لَيْثٍ، عَنْ

طَاوُسٍ، عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ، قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ:إِذَا قَامَ أَحَدُكُمْ فِي الصَّلاةِ فَلا يَغْمِضْ عَيْنَيْهِ.

Ахмад ибн ән-Надр әл-Аскәри атты кісі Әбу Хайсама Мусғаб ибн Сағидтен, ол Муса ибн Ағианнан, ол Ләйстен, ол Таустен, ол Ибн Аббастан жеткізген хадисінде былай дейді: Алла Елшісі (с.ғ.с.) айтты: «Қашан араларыңдағы біреулерің намазға тұрса көзін жұмып алмасын».[1]

عَنْ أَنَسٍ أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «يَا أَنَسُ اجْعَلْ بَصَرَكَ حَيْثُ تَسْجُدُ» . [2]

Әнәстан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбар (с.ғ.с.) айтты: «Әй Әнәс, көзіңді сәждеге баратын жеріңе тік!»

Бұл хадистер жөнінде хадис ғалымдары көптеген сын айтқан. Шығарған шешімдері болса аталмыш хадистің үкімі «әлсіз» хадис болып табылады. Алайда ғалымдар осындай хадистерге жүгіне отырып намазда тұрған адам көзін ашып тұру сүннет амал екендігіне келіскен. Сонымен қатар көзді намазда белгілі бір себептерге байланысты жұмып алу да рұқсат болып саналады. Мысалыға кей адам көзін ашық ұстаса көзі айналасындағы әр нәрсеге түсіп көңілі құлшылықтан кетіп, ойы бұзылуы мүмкін. Кіріп-шығып жатқан адамдар, үй ішінде ойнап жүрген кішкентай бүлдіршіндердің тәтті қылықтары, тіпті ер адам үшін жақын маңдағы әйел, ал әйел үшін ер адамның көзге түсуі адамды тепе-теңдіктен шығармай қоймасы белгілі. Сол себепті көзді ашу адамның құлшылығындағы ынтасынан ажырататын болса, керісінше көзін жұму оған тыныштық пен құлшылыққа деген құштарлығын арттыратын болса намаздың кез-келген бөлігінде, яғни тек сәждеде ғана емес бәлки тік тұрғанда да, рүкуғқа барғанда да көзін жұмып алуы рұқсат етілген.

Бірақ намаздың басынан аяғына дейін көзді жұмып алу дұрыс емес. Олай айту себебіміз, намазда тұрған адам әртүрлі себептер мен жағдайларға байланысты мысалы тік тұрғанда ғана немесе отырғанда және тағы басқа орындарда ғана көзін жұмуы қажетті болуы мүмкін. Сол себепті қажеттілік қай мөлшерде туындаса сол мөлшерден артық көзді жұму қателік болып табылады. Ал тіпті себепсізден себепсіз намаз үстінде көзді жұмып алу сүннетке қайшы келіп, мәкрүһ (ұнамсыз) деген үкімге ие болады. Бұл үкімдер жайлы Әһлу Сунна ғалымдары өздерінің кітаптарында егжей-тегжейлі ашықтап жазып кетен. Солардың бірегейін төменде тізбектейтін боламыз:

«Және (намазда тұрған адам) екі көзін жұмып алуы мәкрүһ (ұнамсыз) болып табылады. Тек қажеттілік (пайда, тиімділік) туған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Олай мәкрүһ болуының себебі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына хадисіне байланысты:

إِذَا قَامَ أَحَدُكُمْ فِي الصَّلاةِ فَلا يَغْمِضْ عَيْنَيْهِ

«Қашан араларыңдағы біреулерің намазға тұрса көзін жұмып алмасын».[3] Өйткені (көзді жұмып алса) ұсынылған орынға назар салудан құр қалады (намазда тұрған кісі үшін сәждеге баратын жері ұсынылған орны болып саналады). Адамның әрбір ағзасы мен дене бөлігінің құлшылықтан алар орны бар. Ал көзді ашып тұру адамның құлшылықтағы құлшынысынан арылтып, ойын жинақтауға кедергі тудырып көңілін бөлетін  болса бұндай жағдайда көзді ашып алғаннан гөрі, жұмып тұру абзалырақ болуы мүмкін».[4]

وَعَنْ أَنَسٍ أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «يَا أَنَسُ اجْعَلْ بَصَرَكَ حَيْثُ تَسْجُدُ» . [5]

«Әй Әнәс, көзіңді сәждеге баратын жеріңе тік!»

«Хадистен көзді жұму мәкрүһ амал екендігі жайында үкім алынады». [6]

Жоғарыда келтірілген хадистер мен ғалымдардың пікірлерінен алынатын қорытындылар:

1. Адам намаз үстінде құлшылыққа деген ынтасы мен құштарлығын әрі құлшынысын сақтауы міндетті.

2. Көзді ашып тұру намаздың кез-келген бөлігінде сүннет амалы болып табылады.

3. Себепсізден себепсіз көзді жұмып тұру мәкрүһ болып саналады.

4. Көзді ашып тұрғанда адам құлшылығынан ойы бөлініп, керісінше көзді жұму ынтасы мен құлшынысын арттыратын болса ғана керекті мөлшерде көзін жұмуға рұқсат етіледі.

Нұрсұлтан Мамедалиев

«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы


[1] Имам Табаранидің «Әл-Кәбир» кітабы; № 10956 хадис.

[2] رَوَاهُ الْبَيْهَقِيُّ فِي سُنَنِهِ الْكَبِيرِ مِنْ طَرِيق الْحسن عَن أنس يرفعهُ

[3] Имам Табаранидің «Әл-Кәбир» кітабы; № 10956 хадис.

[4] مراقي الفلاح بإمداد الفتاح شرح نور الإيضاح ونجاة الأرواح لحسن بن عمار بن علي الشرنبلالي الحنفي

Хәсән ибн Аммар ибн Али әш-Шурунбуләли әл-Хәнәфидәң Марақил Фәләх би имдәдил Фәттәх шрху нурил Идох уә нәжәтил Әруах атты кітабы, «Намаздағы мәкрүһ амалдар» бабынан.

[5] رَوَاهُ الْبَيْهَقِيُّ فِي سُنَنِهِ الْكَبِيرِ مِنْ طَرِيق الْحسن عَن أنس يرفعهُ

[6] كتاب مرقاة المفاتيح شرح مشكاة المصابيح لملا علي الفاري

Мулла Али әл-Қаридің «Мирқатул мәфәтих шарху мишкәтул Масобих» атты кітабы, №996 хадис.

Бөлісу: