05
Сейсенбі,
Қараша

һижри

ҚМДБ Төрағасы ғылыми-танымдық конференцияда баяндама жасады

ҚМДБ Төрағасы ғылыми-танымдық конференцияда баяндама жасады

Жаңалықтар
Жарнама

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында Әбдіжәлил бабқа арналған ғылыми-танымдық конференция өтті. «Қазақ даласындағы бабтардың орны және Әбдіжәлил баб» атауымен өткен жиынға ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысып, баяндама жасады. 

«Баб – өз дәуірінің білімдары, ғұламасы, дін иесі немесе дін қақпасы деген мағына береді. Баб араб тілінде «бабун» – есік, қақпа, басшы деген мағыналарға саяды. Нақтылай айтқанда, Баб өз заманында, өз аумағында ірі дін иесі, атқаратын негізгі ісі қарамағындағы қауымға қасиетті дін қақпасын ашу, насихаттау болған. Сондықтан шығыс халықтарында сахаба, баб сөздері етене терең еніп, үлкен құрметті титул дәрежесінде бағаланған. Осылайша сол заманда барлық дін істері бабтар арқылы жүргізілген.

Біз биыл Алматыда Ислам ғылыми-зерттеу институтын аштық. Мақсатымыз қазақ даласындағы сан ғасырлық ата дініміздің таралу жолын, алғашқы мешіттер, медреселер, дін ұстаған бабаларымыз туралы толыққанды мәлімет жинап, көлемді зерттеу еңбегін жариялау. Мысалы:

«Түркістанда Түмен баб,

Сайрамда бар сансыз баб,

Отырарда отыз баб.

Бабтардың бабын сұрасаң,

Ең үлкені Арыстан баб.

...Қабірі Бараб елінде,

Қаланың құбыла жағында,

Мілләті Алла жолында,

Бабтардың бабы – Арыстанбаб

Оң жағында Лашынбаб

Сол жағында Қарғабаб

Барша баптың патшасы,

Бабтардың бабы – Арыстан баб» деген өлең жолдары Алпамыс батыр жырында да кездеседі.

Одан бөлек «Әулиеге ат айтып, Хорасанға қой айтып» деген өлең жолдарын «Қобыланды батыр» жырынан да табасыз. Мұның бәрі тегін емес. Қазақтың дүниетанымындағы әулие-әмбиеге, дін ұстаушыларға көрсеткен құрметінің бір белгісі. Хорасан дегені бүгінгі біз айтып отырған Әбдіжәлил баб.

Бүгін міне асыл дініміздің қазақ жерінде өркендеп, тамырын тереңге тартуына үлкен күш салған білікті дін қайраткерлерін еске алып, бабалар рухына 100 Құран хатым бағыштауымыз ең бірінші дін исламға оның алғашқы насихатшысы болған ардақты Пайғамбарымызға, артынан ерген сахабалар мен өзге де дін таратушыларға көрсеткен құрметіміз. Өйткені ұрпақтың міндеті марқұмдарға Құран оқып, дұға бағыштау, олардың ізгі істерін кейінгілерге насихаттау.  

Алла Тағала ниетімізді оңынан қылғай. Сол бабаларымыздай асыл дінді мөлдір, таза қалпында берік ұстауды біздерге және ұрпағымызға нәсіп етсін» деді Бас мүфти. 

Айта кетейік, аталған конференцияда ғалымдар Төрәлі Қыдыр, Досай Кенжетай, Мұқан Исахан, Нұрлан Мансұров баяндама жасап, қазақ топырағындағы бабтар, діни лауазымдар, құрбан болған діндарлар турасында айтып өтті.

Бөлісу: