15 қазан. АСТАНА.Ummet.kz – Астана қаласының ең көрікті жерлерінің бірінде 15 мың адам еркін сыятын мешіт салынбақ, деп хабарлайды kazislam.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Бұл туралы «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС-нің бас сәулетшісі Арсений Пирожков мәлімдеді. Еске салсақ, бұған дейін Елорда әкімдігі жалпы ауданы 3300 гектар болатын қаланың болашақтағы құрылысының төрт перспективті аймағын бекіткен еді. Соның ішінде үшінші аймақ – Мәңгілік ел даңғылынан «Астана» халықаралық қаржы орталығына дейінгі аумақ. Дәл осы тұстан үлкен саябақ ашылып, жаңа мешіт бой көтереді деп жоспарланып отыр.
«Сәулет басқармасы бір жағынан Мәңгілік ел даңғылы, ал, екінші жағынан Қабанбай батыр даңғылымен шектелетін саябақ жобасына байқау жариялады. Көлемі жағынан ол «Ботаникалық бақтан» кіші болады. Сонымен бірге саябақтың жанында 15 мың адамдық жаңа мешіт орналасады. Қаладағы ең үлкен мешіт те сол болады», - дейді А.Пирожков.