16 қазан. АСТАНА. Ummet.kz - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Астанада республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде «Исламдық мәзһабтарды жақындастыру әлемдік ассамблеясының» Бас хатшысы Аятолла Мохсен Мохаммади Араки бастаған біртоп ирандық делегацияны қабылдады, деп хабарлайды ҚМДБ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Кездесуде бүгінгі Ислам үмбетінің діни тұтастығы, бірлігі, өзара түсіністігі, т.б. мәселелер сөз болды. Бас хатшы Бас мүфтиге «Исламдық мәзһабтарды жақындастыру әлемдік ассамблеясының» қызметі жайлы баяндап берді.
Серікбай қажы Ораз мұсылман үмбетінің діни ауызбіршілігін нығайтудың маңызын айрықша атап өтті. Сонымен қатар, елімізде әр 3 жыл сайын өтетін Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлері съезінің рөліне тоқталды.
Өз кезегінде Бас хатшы дін лидерлері съезінің әлемдік бейбітшілікке, діни татулыққа қосып жатқан үлесін сөз етті.