13 қазан. АСТАНА. Ummet.kz - ҚМДБ төрағасы Серікбай қажы Ораз республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің VI съезі аясында Біріккен Араб Әмірліктерінің Ислам және қайырымдылық істері жөніндегі департаментінің бір топ делегациясын қабылдады, деп хабарлайды ҚМДБ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Аталған департаменттің Қайырымдылық істер бойынша атқарушы директоры Ахмад әл-Мухейри бастаған делегация өкілдері Бас мүфти Серікбай қажы Оразбен Қазақстандағы Исламның дамуы туралы сұхбаттасты.
Ахмад әл-Мухейри департаменттің қайырымдылық бағытындағы жұмыстарымен таныстырып, игі жобалар жайлы баяндап берді. Тараптар садақа берудің жаңа технологиялық тәсілі жайлы пікір алысты.
Өз кезегінде Серікбай қажы Сатыбалдыұлы еліміздегі облыстық мешіттерде садақа терминалдарының орнатылғанын атап өтті.
«Бұл – мүфтияттың қаржылық ашықтығын қамтамасыз етумен қатар, жамағаттың садақа беру мәдениетіне оң әсер етеді деп есептеймін. Бұл бағыттағы жобаларымызды қалалық, аудандық мешіттерде жүзеге асыратын боламыз», – деді Бас мүфти С.Ораз.
Кездесу соңында тараптар қайырымдылық, садақа беру терминалдарын орнату, т.б. сала бойынша тәжірибе алмасуға уағдаласты.