31 мамыр. АСТАНА. Ummet.kz - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Ресей Федерациясына жасаған сапары барысында Саратов қаласының Ислам орталығында болды, деп хабарлайды muftyat.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
Орталықтың жұмысымен танысып, жамағатпен жүздесті. Жергілікті қазақ диаспора өкілдерімен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесті.
Ресей мүфтилер Кеңесінің тең төрағасы, Саратов облыстық мұсылмандар діни басқармасының жетекшісі Муқаддас Бибарсов Бас мүфти бастаған қазақстандық делегацияға Ислам орталығы жанындағы Құран оқу курсы, әйел-қыздармен жұмыс бөлімі, сауат ашу курсы, т.б. бөлім жұмыстарымен таныстырды.
Серікбай қажы Сатыбалдыұлы орталық қызметкерлерімен кездесіп, сұрақтарына жауап берді.
Жамағатты қасиетті рамазан айымен құттықтаған Бас мүфти:
«Біздің әрқайсымыз әртүрлі ұлттан болсақ та дініміз бір, мәзһабымыз бір. Қазір мұсылман үмбетіне бірлік ауадай қажет. Біз өзара бірлігіміздің арқасында дініміз бен дәстүрімізді, мәдениетіміз бен ғұрпымызды өркендете аламыз. Ислам тарихынан белгілі, өзара бірлік болмаған ортада береке болмайды. Бірлік бір-бірімізді өзара құрметтеуден басталады»,– деді.
Кездесу соңында дін қайраткерлері тәжірибе алмасу жұмыстарын жүзеге асыруға уағдаласты.