30 мамыр. АСТАНА. Ummet.kz – Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қазақстандықтардың екпеден бас тартуының негізгі себептерін мәлімдеді, деп хабарлайды kazislam.kz сайтына сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
«Біз зерттедік, екпеден бас тартудың басты себебі діни сенімдерге қатысты емес, негізінен екпенің салдары мен күрделенуі азаматтарды алаңдатады. Бұл ретте бізге толыққанды ақпараттар қажет, жүйелі түрде, тығыз жұмыс жүргізуіміз керек. Халықты ақпараттандыру үшін тиісді жоспар әзірленді және бұл проблема Қазақстанда ғана емес, әлемнің басқа да елдерінде бар. Сондықтан біз бұл жұмысты халықаралық әріптестермен бірлесе жүргізетін боламыз» деп хабарлады министр үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездесу барысында.
«Біз адамдар екпеден бас тартқан кезде өз денсаулықтарын сақтау және қауіпсіздіктерін қорғаудан да алшақтап, жағымсыз жайттар орын алатынын көріп отырмыз. Азаматтар тиісті екпені алмағаннан кейін шетелге шыққанда қауіпті инфекциялар жұқтырып, алып келуде. Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуіміз керек» дейді министр Елжан Біртанов.