Жастар – бүгінгі қоғамның үлкен бөлшегі. Еліміздің ертеңгі баянды болашағы да осы буын өкілдерінің қарым-қабілеті мен білім-біліктілігіне байланысты болмақ. Дінге деген қызығушылық пен ұстаным жастар арасында тереңірек таралатыны да рас. Осы орайда «Шабыт» өнер академиясында студент қауым мен дін өкілдерінің кездесуі өтіп, дін жайында маңызды тақырыптар тарқатылды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы өнерлі жастарға ислам дінінің қадір-қасиеті мен негізгі насихаты турасында айтып берді. «Баршаға белгілі, ислам тек бейбітшілікті ту еткен, бірлікке бастаған дін. Бүгінгі уақытта дін төңірегіндегі даулы әңгімелер, шын мәнінде, ата-бабамыз ұстанған саф дінге, шынайы исламға еш үйлеспейді. Бұған қатысты әлемдік дін ғұламалары, еліміздің ғалымдары мәлімдеме жасап та келеді. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев халықаралық қауымдастық алдында ислам дінін терроризм түсінігімен байланыстырмау керектігін ашық айтты. Ал жастарға айтарымыз, дін дегеніміз – ғылым, білім, өмір. Өмірді жарық ететін де осы таным-білім, ізгілік. Құранның алғашқы аятының өзі «Оқы!» деген әмірмен түскен. Сол себепті, сіздерге оқуда озат болыңыздар, өз кәсіптеріңіздің білікті маманына айналыңыздар демекпін» деді наиб мүфти Н.Тағанұлы.
Жастармен өткен жүздесуде өнер академиясының оқытушылары, психолог және дін мамандары да өз ақыл-кеңестерімен бөлісті.
«Нұр Астана» орталық
мешітінің баспасөз қызметі