26 желтоқсан. Нұр-Сұлтан. Ummet.kz – Биыл еліміз бойынша 80 мешіт ашылды. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Мешіт істері бөлімінің басшысы Марат Жаппасбаев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚМДБ баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ummet.kz тілшісі.
«2019 жылы ашылған 80 мешіттің құрылыс жұмыстары мүфтият бекіткен арнайы ереже негізінде жүзеге асты. Жамағаттың игілігі үшін пайдалануға берілген мешіттің құжаты тиісті мекемелерге тіркеліп, ҚМДБ теңгеріміне өтті. Бүгінде мешіт салу көрсеткіші 0,67 пайызға артты. Қазір республика бойынша, жалпы мешіт саны – 2 691. Бүгінде жер-жерде 166 Алла үйі салынуда» деді Марат Абдуллаұлы.
Айта кетсек, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешіт салудың арнайы ережесін бекітті. ҚМДБ Ғұламалар Кеңесі бекіткен құжат «Қазақстан Республикасында типтік жобадағы мешіт ғимаратын салудың тәртіп ережесі» деп аталады. Бұл – еліміз бойынша типтік жобадағы мешіт ғимаратын салудың тәртібін қалыптастыратын негізгі құжат.
Ереже еліміздің «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңына, «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңға, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сонымен қатар ҚМДБ Жарғысына сәйкес әзірленді.
Айта кетейік, бұдан былай мешіт ғимараты жергілікті жамағаттың санына орай 3 деңгейде салынады: ауылдық (сыйымдылығы – 70-500 адам), аудандық (сыйымдылығы – 500-1500 адам), облыстық, қалалық (сыйымдылығы – 1000-5000 адам).