Бүгін Жұма намазынан кейін «Нұр Астана» орталық мешітінің әйелдер жамағатына діни радикализм мен экстремизмнің әсеріне қарсы иммунитет қалыптастыруға бағытталған кездесу ұйымдастырылды.
НЕКЕ ҚИЮДЫҢ ШАРТТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ
Дін мәселелері жөніндегі республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының ұйытқысымен өткен кездесуге Ақпараттық жұмыс пен БАҚ мониторингілеу бөлімінің жетекшісі, бас сарапшы, ҚР ДІАҚМ ДІК Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының дінтану магистрі Дианна Есенова, Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығының директоры Гүлназ Мақсұтқызы және Астана қаласы әкімдігі Дін проблемаларын зерттеу орталығының психологтары Мырзакулова Гүлжан мен Нұргүл Рүстем қатысты. Сондай-ақ, іс-шараны өткізуге «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы Әділхан Серікбай мен мешіт ұстазы Динара Нұрғалиева атсалысты.
Теріс ағымдардың ықпалына ұшыраудан сақтандыратын кездесуге көбіне жас қыз-келіншектер тартылды. Өйткені, қоғам ішінде жастардың өмір тәжірибесінің аздығынан жат пиғылды топтарға арбалуы жиі байқалады дейді мамандар. Жиналғандарға қазіргі кезде белең алған жасырын неке қиып, кейін тағдыр тәлкегіне түскен әйелдердің жағдайы баян етілді. Дін қызметкерлері көпшілікке неке қиюдың шариғаттағы шарттарынн түсіндіріп, АХАЖ бөлімі беретін анықтама қағазынсыз бұл іс жүзеге асырылмауы керек екендігін ескертті.
ЭМОЦИЯНЫ КӨРСЕТУ ЖӘНЕ ЖАЗБАЙ ТАНУ МАҢЫЗДЫ
Әйелдер жамағатының кездесу форматы ашық диалог түрінде өткізілді. Шеңбер жасап отырғызылған әйелдер қызықты әңгіме-дүкен құрды. Бұған психологтардың жүргізген тренингі зор үлес қосты.
Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығының директоры Гүлназ Мақсұтқызы әуелі жиналғандар өзін емін-еркін сезіну үшін бірнеше ойын ойнатты. Әйелдерге «Махаббат» сөзін сипаттайтын сөздер беріліп, олар көпшілікке сол сезімдерді іс-қимылмен көрсетуі тиіс болды. Бұл ойын эмоцияны білдіру үшін ойнатылды. Писхологтардың сөзінше, әйел адам «Өкініш, қуаныш, үміт, сенімділік, суықтық, ынтықтық» секілді тағы басқа сезімдерді сыртқа көрсете білуі әрі оларды біреуден сөзсіз түсіне қоюды үйрену керек. Өйткені күнделікті өміріміздегі эмоциялардың жетіспеуінен біреу үйден қашады, біреулер басқа сүйеніш іздейді, сөйтіп қисық жолға түсуі ықтимал.
СЕКТАНЫҢ АРБАУЫНА ТҮСПЕС ҮШІН...
Пайдалы ақпараттарды ойға түйгізген тағы бір тренингте бәріне сарқыт деп әкелген кәмпиттер таратылды. Алайда бұл кәмпиттің ішіне жасырылған сұрақтарға жамағат шынайы жауап беруі тиіс еді. «Сіздің ең осал жақтарыңыз қайсы?», «Дүниедегі ең жақын адамыңыз кім?», «Өмірдің қай сәтіне қайта оралғыңыз келеді?», «Алғашқы махаббатыңыз туралы айтып беріңіз», «Ұнатып көретін фильміңізді атаңыз» деген көптеген сұрақтар ортаға салынды. Бір қызығы, әйелдердің бәрі де ашылып өз өмірлерінен сыр шерте бастады. Алайда, психолог бұл жерде бір гәп барын айтты.
- Араларыңызда бір де біреуіңіз «кәмпит бердіңіз екен деп, жеке басыма қатысты құпия дүниелерді ашпаймын. Бұл сұрақтарға жауап бермеймін» деп айтпады. Бұл – өте қауіпті. Өйткені түрлі діни секталар дәл осындай әдіспен өздеріне адам жинайды. Олар әуелі сізді кәмпит секілді бір дүниемен қызықтырады, сеніміңізге кіреді, жан дүниеңізді ақтарып,кемшіліктеріңізді, қиындықтарыңызды біліп алып, өз дегендеріне айналдыра бастайды. Сондықтан, бөтен адамдарға ешқашан сыр ашпаңыз, өзіңіз жайлы ақпаратты таратпаңыздар, - деп сақтандырды Гүлназ Раздыкова.
Атап өтейік, осындай бағыттағы кездесулер қала мешіттерінде әлі де жалғасын таппақ.
ummet.kz