Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан XIІІ республикалық байқауға Астана қаласы бойынша іріктеу сайысы басталды.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың Құранды үйреніп, оны өзгелерге үйреткендерің», - деген.
«Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінде Астана қаласы өкілдігі бойынша өтіп жатқан іріктеу сайысына Астана қаласы бойынша барлығы 28 үміткер қатысып жатыр. Сайыс Құран Кәрімнің 30 парасын, 20 парасын, 10 парасын жатқа оқу және мәнерлеп оқу бойынша ұйымдастырылды. Іріктеу сайысының жеңімпаздары ХІІІ республикалық Құран жарысына жолдамаға ие болды.
Алғы сөзді алған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Құран Кәрімнің мұсылман өміріндегі маңыздылығына тоқталып, сайыс қатысушыларына көркем насихат айтты.
Алқалы байқауға Астана қаласы өкілдігі «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Омар қари Сайфудинұлы, Республикалық бас мешіт азаншысы Ерболат қари Ергешұлы және Хусамуддин ас-Сығанақи атындағы ислам институты «Құран ижаза» бөлімінің меңгерушісі Терміржан қари Өтежанұлы сынды білікті дін қызметкерлерінен құрылған қазылар төрелік жасауда.
Сайыстың қазылар алқасы төрағасы Терміржан қари Өтежанұлы қатысушыларға байқау ережелерін түсіндіргеннен кейін, шара басталды.
ummet.kz