«Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінде 10-30 маусым аралығында өткен мектеп оқушыларына арналған жазғы сауат ашу курсы өз мәресіне жетті.
Жиырма күн ішінде 180 кішкентай шәкірттеріміз мешітімізде Құран әліппесі, имандылық сабақтарымен қатар тәлім-тәрбие дәрістерін алды.
Сауат ашу курсының аяқталуына байланысты мешіттің имамдары мен ұстаздары шәкірттермен және олардың ата-аналарымен бас қосты. Берекелі жиында мешіттің бас имамы Нұрлан Рамазанов құттықтау сөз сөйлеп, оқушылардың жиырма күндік жетістіктері жайлы ата-аналарына баяндап берді.
Аз уақыттың ішінде жазғы курс шәкірттері Алла Тағаланы тану, ата-анаға құрмет көрсету, дұрыс тамақтану әдептері секілді пайдалы әрі маңызды дәрістерден үлгі-насихат ала білді. Оқушыларға «Имандылық әліппесі», «Құран әліппесі» және «Тәрбие дәрістері» кітапшалары негізінде білім берілді. Мешіт имамдары мен ұстаздары тәрбие сабақтарына өздері қатысып, балаларға Алла Тағаланы тану, ата-анаға құрмет көрсету, дұрыс тамақтану әдептері секілді пайдалы әрі маңызды дәрістерді жүргізді. Ата-аналар балаларының осы қысқа мерзімде алған білімдеріне тәнті болып, мешіт имам-ұстаздарына алғыстарын жаудырды.
Айта кетейік, сауат ашу курсындағы бүлдіршіндерге сабақ беруге мешіт ұстаздарымен қатар «Астана» медресесінің шәкірттері атсалысқан болатын. Жиын соңында мешіт ұстаздары шәкірттерге жазғы сауат ашу курсын толық аяқтағанын растайтын арнайы сертификат және мешіт ұжымы атынан арнайы әзірленген естелікке сый-сияпат табыстады.
ummet.kz