25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Үйімізде күнде ұрыс-керіс, береке кіргізетін кеңестер бар ма?

Үйімізде күнде ұрыс-керіс, береке кіргізетін кеңестер бар ма?

Исламдағы отбасы
Жарнама

Отбасы – кіші мемлекет. Үйде бәрі жақсы болғанның түзде де ісі оңады дейді білгіштер. Сондықтан да, отбасы, ошақ қасында берекені сақтап тұру өте маңызды.

Берекені қашырмауға септігін тигізеді деген үмітпен мына төмендегі кеңестерді ұсынуды жөн көріп отырмын:

1. Сурет.

Үйде тірі жанның суреті ілініп тұрса, оны алып тастаған абзал, әсіресе қолмен салынған тірі жанның суреті ілінбеген жөн. Неге десеңіз, тірі жанның суреті бар үйге «мейірім періштесі» кірмейді дейді пайғамбарымыз Мұхаммед ғалейһиссәләм[1].  

2. «Бақара» сүресін оқу.

Бақара сүресі оқылған үйге «жын-шайтан» жоламайтыны сахих хадистерде айтылған. Ерлі-зайыптылардың арасын бұзатын көбіне шайтан екендігін ескерсек, олардан құтылудың бірден бір жолы аталмыш сүрені оқу екен. Аталмыш сүрені өзіңіз оқи алмасаңыз, аудио оқылуын бір пәс қойып қойыңыз. Тым болмағанда айына бір рет Бақара сүресін оқып тұрған (не аудио оқылуын тыңдап тұрған) жақсы.

3. Жұма сайын «Кәһф» сүресін оқу.

"Кәһф" сүресі оқылған үйде нұр болады. Алла елшісі бір хадисінде: "Кім жұма күні "Кәһф" сүресін оқыса, ол оны келесі жұмаға дейін нұрмен арайландырып тұрады" деген[2].

4. Бес уақыт намазға ұқыптылық таныту.

5. Ерлі-зайыптылардың бірі ашуланғанда екіншісі үндемеу.

Мынадай өнегелі сөз бар: "Еркегі көзін, әйелі тілін сақтаған үйде береке болады".  Ал, «Ә» десе, «Мә» деп отыратын отбасыдан береке қашады.

6. Күлімсіреу.

Ерлі-зайыптылардың бір-бірлеріне жылы қабақ танытып, күлімсіреп қарағандары дұрыс. Хадисте «мұсылман бауырыңның жүзіне күлімсіреп қараудың өзі садақа» делінген.

7. Хусни Занн-Жақсы ойда болу.

Ерлі-зайыптылар бір-бірлерінің әрекетіне қатысты жақсы ойда болғандары жөн. Жаман ойлар тыным таптырмаса «әғузуді» айтып, іштегі шайтанның түртуіне жол бермеген жақсы. Жаман ойлардың көпшілігі шайтаннан.

8. Уағыз-насихат. Мүмкіндігінше үйде жиі уағыз-насихат айтылып тұрғаны дұрыс.

9. Адал табыс.

10. Харам әрекеттерден ұзақ тұру.

11. Отбасыңызбен дастархан басына отырғанда мына дұғаны айтуды әдетке айналдырыңыз: «Аллаһуммә бәрик ләнәә фиимәә разақтәнәә, уәқинәә азабәннаар. Бисмиллаһ».

Дұғаның мағынасы: «Уә, Құдайым. Бізге берген ризиқ-несібелеріңде береке бер. Және бізді тозақ отынан сақта! Алланың атымен»[3].

12. Үйге кіргенде "Ассаламуғалейкум" деп кіру. Үйге кіргенде сәлем беріп кірген абзал. Олай ету – үйге береке кіргізеді. Әнәс ибн Мәликке Пайғамбарымыз (ғалейһиссәләм): «Ей, ұлым! Отбасыңа кіргенде сәлем бер (әссәләмуғалейкум де). Саған да, үй ішіңе де береке болады» деген. 

[1] Ән-Нәсәи: №-261 хадис: «Сурет, ит және жүніп болған адам бар үйге періштелер кірмейді». т.б.
[2] Әл-Хәким: әл-Мүстәдрак.
[3] Имам ән-Нәуәуи: «әл-Әзкәр». №571 хадис.

материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: