25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Мұсылмандық тәрбиеге күш салу – міндетіміз

Мұсылмандық тәрбиеге күш салу – міндетіміз

Исламдағы отбасы
Жарнама

Біз, мұсылмандар, тәрбиеге, білімге, өзімізді отбасымызды, бала-шағамызды жетілдіруге ерекше мән беретін қауымбыз. Бұл орайда айтылатын нәрсе тәрбие беру маңызды, бірақ қандай тәрбие беретініміз одан да маңызды.

«Перзенттеріміз қай жерден болса да, тәрбие ала береді ғой. Бала бақшадан алар, мектептен алар, онда болмаса университеттен алар. Біз тек киімі мен тамағын тауып берсек болғаны» деп тәрбие ісіне бейғам қарауға болмайды. Баламыз не үйреніп жатқанын, қай жерден не үйреніп жүргенін, қандай адам болып қалыптасып жатқанын бес саусағымыздай білуге тиіспіз. Өйткені бізге кез келген емес, өзіміздің жаратылыс табиғатымызға сай ислами тәрбие керек. Пайдалы тәрбие баланың екі дүниесін түп-түгел қамтуға тиіс. Ал кез келген тәрбие осы талапқа жауап бере ала ма? Әрине, жоқ. Ал бауыр еті баламызға берген тәрбиеміз оның ақыреттік мәңгілік өмірін балта шапса, ол тәрбие толыққанды тәрбие бола алмайды. Баламызды ақылды етіп, бай етіп, атақты етіп өсіруіміз мүмкін. 

Бірақ ол мұсылмандықтан мақұрым болса, түбінде бақытсыздық тартады. Алла осыдан сақтасын. Ол аздай дұрыс жетілмеген ұл-қыз бұл дүниеде де, ақиретте де ата-анасына жау болып шығады. Ол ертең Алланың құзырына барғанда: «Уа, Раббым, мені ата-анам сенің разылығыңды табатындай етіп өсірген жоқ. Кінә менен емес, солардан» деп шағым жасайды. Құранда мынадай аят бар:

«Сол күні адам өз бауырынан, анасы мен әкесінен, өмірлік жары мен бала-шағасынан қаша жөнеледі» («Абасә» сүресі, 34-36- аяттар).

Неге қашады? Өйткені дүниеде оларға Алланың шариғатын үйретпеген. Бір-бірінен қашқанмен мәселе бітсе жақсы. Алайда онымен іс бітпейді. Алланың сансыз нығметіне бөленіп жүріп, Исламды перзенттеріне үйретпеген ата-аналар да, ақыл-есі бүтін бола тұрып өзінше ізденбеген перзенттер де ол күні міндетті түрде жауапқа тартылады. Міне, мәселеге осы тұрғыдан келсек, бұл дүниеде ешбір тәрбие жүйесі Исламға тең келе алмайды. Сондықтан құрметті ата-аналар бала тәрбиесіне күш салам, қаражат жұмсаймын десе, алдымен оның мұсылмандық тәрбиесіне көңіл бөлулері тиіс. 

Абай хәкім бір өлеңінде былай деген: 

«Балам закон білді деп,

Қуанар ата-анасы,

Ойында жоқ олардың

шариғатқа шаласы.

...Ижтихатсыз, михнатсыз

табылмас ғылым сарасы».

Ендеше, перзенттерімізді тек қана эканомика, заң, кеден, мемлекеттік басқару салаларына оқуға беру жеткіліксіз. Соған қоса, мұсылмандық тәрбие де керек. Енді мәселеге қоғамдық, әлеуметтік тұрғыдан келейік. Біз бүгін ислами тәрбиеге дұрыс көңіл бөлмегендіктен, мұсылман елдері экономика саласында да, техника технология саласында да көштің соңында келеді. Балаға дұрыс тәрбие мен дұрыс білім берілмеген соң, бүгінде мұсылмандыққа жабылмаған жала, тағылмаған айдар жоқ. 

Дүниемізді мұсылманша тәрбиеге жұмсағымыз келмейді. Соның салдарынан ел-жұрттан бақ-береке, ырыс-құт қашып отыр. Енді не істеу керек? Біздіңше, мейірім, ықылас, адалдық, тазалық, шүкіршілік, қанағат, ар-намыс, ұят, Құдайдан қорқу, ақыреттен үміт ету секілді асыл дініміздің жауһар құндылықтары туралы кітаптар мен дискілер шығарып, оларды мол таралыммен халық арасына барынша кеңінен таратсақ, көп кешікпей, еліміздің барлық саласында өрлеу мен даму болады. Ата-бабамыз сан ғасырдан бері бірлік-ынтымақпен тату-тәтті өмір сүруінің бір себебі олардың осындай ислами тәрбиеге ерекше назар аударғанынан. 

Жинақтай келе айтарымыз, бала тәрбиесіне қатысты Ислами кітаптарды көбірек ізденуміз керек. Баланың ақыл-ойын ислами ұғымдармен сусындатуымыз қажет. Жақсылық пен жамандықты, адал мен арамды, ақиқат пен жалғанды ажырата білуге баулығанымыз жөн. Алла тағала имани тәрбие беруді нәсіп етсін.

материал «Отбасы гармониясы» кітабынан алынды,

ummet.kz



Бөлісу: