25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Шариғи талаптарға сай қиылатын некенің пайдалары

Шариғи талаптарға сай қиылатын некенің пайдалары

Исламдағы отбасы
Жарнама

Шариғи талаптарға сай қиылатын некенің өзіндік көптеген пайдалары бар. Олардың ең бастылары мыналар:

Бірінші: Ислам дінінің талаптарына сай қиылған неке құрметке лайық, салт-дәстүрге сай, ақылға қонымды ұрпақ әкелетін негізгі жол. Өйткені некені тектілік жолмен адамзаттың жалғасуы үшін шариғатта заңдастырған.

Шариғи талаптарға сай неке қиюдың да басты мақсаты осы. Сондай-ақ осы некелесу арқылы адам ұрпақтары көбейеді. Осылайша ислам діні көрсеткен ұрпақтың дүниеге келу жолын сақтау арқылы адамның өмір сүруі жалғаса береді.

Имам әл-ғазали ұрпақ арқылы Алла Тағалаға жақындаудың және нәпсі қалауларына еріп, шаһуатына ерік бермей шариғи талаптарға сай түрде некелесуге қызықтырып, олардың сүр бойдақ болып Алла Тағаланың алдына бармаудың төрт түрлі бағыты бар екендігін айтқан:

Бірінші: адамзат нәсілінің жер бетінде өмір сүруі үшін ұрпақ көбейтуге тырысу Алла Тағаланың сүйіспеншілігіне бөлендіреді.

Екінші: Алла елшісінің (с.ғ.с) үмбеттерінің көбеюіне өз үлесін қосуы пайғамбарымыздың махаббатына лайықты қылады.

Үшінші: Өзінен кейін дұға жасайтын салихалы ұрпақ қалдырады.

Төртінші: Тіпті дүниеге келген сәбиі өзінен бұрын шетінесе, онда ол қиямет күні шапағатшы болады. Әбу Суннан: «менің Суннан атты ұлым жастай қайтыс болып, оны жерледім. Сонда Әбу Талха әл-Хауалани қабірдің басында отырған болатын. Сосын мен қабірден шығайын деп жатқанда ол менің қолымнан демеп: «Уа, Әбу Суннан мен сені бір нәрсемен қуантайын ба?»,-деді. Сонда мен: «Әрине» - дегенде ол маған: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Егер бір пенденің баласы өзінен бұрын дүние салса, онда Алла Тағала періштелеріне: «Сендер менің (пәленше деген) пендемнің жанын алдыңдар. Сонда періштелер: «иә» деседі. Сонда Алла Тағала: «Сендер оның жүрек жарды жемісін жұлып алдыңдар» дейді. Сонда періштелер тағы да: «иә» деседі. Алла Тағала: «пендем не деді» деп сұрайды. Сонда періштелер: «ол саған қайтты» деп, Сені мадақтап Саған мақтау айтты» - деп жауап қайырады. Алла Тағала: «олай болса, пендеме жұмақтан бір үй тұрғызыңдар әрі ол үйді мақтау-мадақ үйі деп атаңдар» деп бұйырады» дегенін әд-Дахак бин Әбдуррахман бин Арзабтан Әбу Муса әл-Ашғари риуаят еткен.

Сондай-ақ Ибн Мәжәһ және Мәлик пен ән-Нәсәий Әбу Сағидтен риуаят етілген хадисте Алла елшісіне (с.ғ.с) әйелдер: «бізге де бір күнді арнаңыз»,- дейді. (Яғни бізге қатысты үгіт-насихат айтыңыз деседі). Сонда Алла елшісі (с.ғ.с) оларға: «Қандай да бір әйелдің үш баласы қайтыс болатын болса, онда олар (қиямет күні) анасын тозақ отынан қорғайтын қорған болады»,- деп айтады. Сонда әйелдердің бірі: «Егер екеу ғана болса ше»,- деп сұрайды. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с): «Екеу болса да солай», - деп жауап береді.

Әбу Һурайра (р.а): «Егер балалары балиғат жасына жетпеген болса» - дегенді қосқан. Әбу Һурайрадан (р.а) жеткен басқа бір риуаятта Алла елшісі (с.ғ.с): «Егер бір мұсылманның үш бірдей баласы дүние салса, онда оны тозақ оты қармамайды. Тек егер өзі күнә іс жасаған болмаса», - деген.

Баланың себебінен Алла Тағалаға жақындататын бесінші жолды қосуға болады. Егер кімде-кім үш қызды немесе екі қызды немесе екі қарындасын бағып-қағып жақсы қарап, имандылыққа тәрбиелесе, онда олар әке-шешесінің жұмаққа кіруіне себеп болады. Бұған Әбу Сағид әл-Хадри риуаят еткен пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Кімде-кім үш қызды бағып-қағып, имандылыққа тәрбиелеп, оларды тұрмысқа берсе, олардан бар жақсылықты аямаса, онда оның сыйы жұмақ болады», - деген хадисі дәлел бола алады.

Әбу Сағид әл-Хадриден жеткен басқа бір хадисте: «Кімде-кімнің үш қызы немесе үш қарындасы немесе екі қызы немесе екі қарындасы болып, оларға жақсы қараса, оларды тақуалыққа тәрбиелесе, ол жұмаққа кіруге лайықты болады» - делінген.

Хармаләтә бин Ғимраннан (р.а) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (аләйһис-саләту уәс-сәләм): «Кімде-кімнің үш қызы болып оларға сабыр етсе, оларды адал жолмен ішкізіп- жегізсе, киім кигізсе, онда олар қиямет күні оны тозақ отынан қорғайтын қалқан болады», - деген.

Жоғарыда айтып өткеніміздей үйленудегі маңызды мақсат-ұрпақ қалдыру, дүниеге бала әкелу. Сондықтан бұрынғылардың айтқанындай ұрпақ көптігі халық ара- сында құрметке бөлейді. Ұрпағы көп әулетке көпшілік жағдайда зорлық-зомбылық жасалмайды. Бұрынғы жа- угершілік заманда ұрпақтың көп болуы жауларын имен- дірген, көп арасында беделдерінің жоғарлауына септігін тигізген.

Бұл қазір де өз күшін жоймай келеді. Бірде ақын Ахнаф ибн Қаис, Мағауияның үйіне кіріп, Зәйдті (Зәйд Мағауияның ұлы) көтеріп тұрған оған таңырқай қарайды. Сонда Мағауия оған: «Иә, Әбу Бакір, бала жайында не айтасың?»,-дейді. Оның нені меңзегенін түсінген Ахнаф ибн Қайс: «Мұсылмандардың әміршісі, олар арқамызды тік ұстап тұратын тірегіміз, жүрегіміздің жемісі, көзіміздің нұры, дұшпандарымызға үрей тудыратын қалқанымыз, бізден кейін артымызда қалатын ұрпағымыз, жерімізді қорғайтын, аспанымыздың ашық болуына бар қажыр- қайратын жұмсайтындар болады», - деп жауап береді. Сонда Мағауия: «Алла саған жар болсын, жақсы сипаттадың», -  деп разылығын білдірген.

материал «Отбасы ғылымхалы» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: